ШҚО әкімі Самар ауданы тұрғындарымен кездесті

ШҚО әкімі Самар ауданы тұрғындарымен кездесті

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов жұмыс сапарымен Самар ауданына барып, тұрғындармен кездесу өткізіп, бірқатар нысандарды аралады.

Самар ауданы облыстың өнеркәсіп өндірісінің 2,3 пайызын қалыптастырады. Саланың негізін тау-кен өндірісі құрайды - жалпы көлемнің 67 пайызы немесе 4,19 млрд теңге.

Биыл Сәтбаев атындағы кен байыту комбинатында жылына 200 мың тоннаға дейін руда өндіру арқылы ильменит концентратын шығару жобасы іске асырылуда. Жобаның инвестиция көлемі - 1,3 млрд теңге.

Ал 2026 жылы «Каскад-Н» ЖШС-нің қуаттылығы жылына 150 мың тоннаға дейін өңдеуге жететін алтын фабрикасын салу жоспарланып отыр. Жобаның құны - 9 млрд теңге.

Туризм аудан экономикасын әртараптандырудың негізгі бағыттарының бірі саналады. Қазіргі уақытта туристік аймақтың Бас жоспары әзірленіп, Бұқтырма су қоймасының жағалауында орналасатын «Арбат» туристік-рекреациялық аймағының жобасы жасалып жатыр.

Ауданда облыстағы жалғыз Туризм және инвестициялар орталығы жұмыс істейді. Халықаралық Pana Asia компаниясымен бірлесіп, алдағы үш жылда құны 2 млрд теңге болатын заманауи қонақүй салу көзделген.

Жылдың алғашқы жартыжылдығында туристер саны 75 пайызға артып, 6 645 адамға жетті. Сонымен қатар демалыс базаларының нақты саны ресми статистикадан жоғары, бұл туристік нысандарды түгендеу қажеттігін көрсетеді.

Агроөнеркәсіп кешені Самар ауданы экономикасының маңызды бөлігі және облыс экономикасының 2,6 пайызын құрайды. Негізінен өсімдік шаруашылығы дамыған, нақты айтқанда 54,8 пайыз, ал мал шаруашылығының үлесі 45 пайыздан асады.

Ауданда 17,6 мың бас ірі қара, 36,5 мыңға жуық қой-ешкі және 10,2 мың жылқы бар. Осы жылдың 10 айында 3,3 мың тонна ет өндіріліп, бұл облыстық көрсеткіштің 2,6 пайызын құрады.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында аудан кәсіпкерлеріне туризмді дамытуға, өнімді қайта өңдеуге және техниканы жаңартуға қаржылай қолдау көрсетілуде. Өткен жылы 114,3 млн теңгеге 6 несие берілсе, биылғы жылдың басынан бері 310 млн теңгеге жуық 18 жоба қаржыландырылды.

Бүгінде аудан халқының 93,5%-ы интернетпен қамтылған. Ал 752 адам тұратын 6 елді мекенде байланыстың болмауына немесе сапасыздығына қатысты арыз-шағымдар түсіп жатыр.

«Палатцы ауылында бюджет қаражаты есебінен антенна-мачталық діңгек құрылысы аяқталды. Раздольное ауылында «Кар-Тел» ЖШС операторының базалық станциясын орнату жоспарланып отыр. Қалған 4 ауылда жұмыс «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында 2027 жылдың соңына дейін ұялы байланыс операторларымен бірлесе отырып кезең-кезеңімен жүргізіледі», - деді ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов аудан тұрғындарымен кездесу барысында.

 Осы ретте, әрбір нақты аумақтың ерекшеліктеріне және қолжетімді технологияларға қарай ауылдарды интернетке қосудың балама нұсқалары қаралып жатыр.

Аудандағы 18 мектепті жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету үшін «Starlink» жиынтығы орнатылған.

Самарда тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көпбалалы және әлеуметтік тұрғыда осал топтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін Самар ауылында 3 бірқабатты үй және көпқабатты үйлерден 38 пәтер сатып алынды. Осы жылы 14 бірқабатты тұрғын үй құрылысын аяқтап, көпқабатты үйлерден 16 пәтер сатып алу жоспарланған.

Сондай-ақ медицина саласының мамандарын баспанамен қамтамасыз ету үшін Самар ауылындағы көпқабатты тұрғын үй кешеніне (8 пәтер) ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық  бюджеттен 50 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

Самар ауданында жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өткен жылы 1,8 млрд теңгеге 45 шақырым жол мен көше жөнделді. Ал биыл 2,2 млрд теңгеге 60,7 шақырым жол жаңартылып отыр.

Жалпы Шығыс Қазақстанда бұл бағытта ірі жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, Бұқтырма көпірі пайдалануға берілді, шекаралық өткізу бекеттері жаңғыртылып жатыр, теміржол вокзалдары қайта жаңартылуда, республикалық және облыстық маңызы бар жолдар жөнделуде.

Бұл шаралар ауданаралық байланысты нығайтып, өңірдің туристік тартымдылығын арттыруға ықпал етті.