Самар ауданында табиғатты аялауға бағытталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары туған жердің көркі мен тазалығын сақтауға бір кісідей жұмылып, көше мен қоғамдық аумақтарды ретке келтіруге белсене атсалысты.
Сенбілік кезінде саябақтар тазартылып, ескі қоршаулар мен көше шамдары ауыстырылды, абаттандыру элементтері жаңартылды. Ұзақ уақыт бойы күтім көрмеген жасыл аймақтарға ерекше назар аударылып, олардың бұрынғы көркі қайта жаңғыртылды.
Тазалық шарасына мемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар, мектеп оқушылары, еріктілер, түрлі ұйым өкілдері мен елге жанашыр белсенді тұрғындар да қатысты.
Бұл игі бастама әр азаматтың туған өлкеге деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігі өз ісінен басталатынын айқын аңғартты.