ШҚО-да қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары жалғасуда

ШҚО-да қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары жалғасуда

ШҚО-да қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл шаралары жалғасуда

Шығыс Қазақстан облысында азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін қорғау мақсатында алаяқтық схемаларға қарсы іс-қимыл шаралары күшейтіліп жатыр. Құқық қорғау органдары қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтықтың алдын алуға ерекше көңіл бөлуде. Бұл туралы ШҚО ПД Киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполговнигі Бекжан Малгаждаров Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында баяндады.

Соңғы екі жылда облыста алты қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылды. «Chia Tai-Tianqing Pharmaceutical» және «Eolus» сияқты республика аумағында әрекет еткен қаржылық пирамидалардың екі құрылымдық бөлімшесінің басшылары сотталды. Тергеу барысында салымшылардан фармацевтикалық компания мен шетелдік инвестициялық жобаларға қаражат тартылғаны анықталды. 250-ден астам азамат 400 миллион теңгеден астам қаржысын жоғалтқан.

Айта кету керек, еліміздің аумағында қаржылық пирамидалардың қызметіне заңмен тыйым салынған. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 217 және 217-1 баптарына сәйкес, қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру, басқару және жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Интернет-алаяқтық түрлері де көбейіп отыр. Кең таралған тәсілдерге фишинг, жалған интернет-дүкендер, әлеуметтік инженерия, жарнама платформаларындағы жалған хабарландырулар, интернеттегі бопсалау және «жеңіл табыс» уәде ететін инвестициялық схемалар жатады.

Алаяқтардың негізгі белгілері: олар бірінші болып хабарласады, әрдайым ақша тақырыбын қозғайды, құпия ақпаратты талап етеді, эмоциялық қысым көрсетіп, тез шешім қабылдауға мәжбүрлейді.

Мамандар мынадай сақтық шараларын ұсынады: белгісіз жобаларға ақша салмау, компанияның заңды мәртебесін тексеру, жеке деректерді жария етпеу және күмәнді жағдайда банк немесе құқық қорғау органдарына жүгіну.

Қаржылық мониторинг агенттігі азаматтарға қаржы пирамидалары мен интернет-алаяқтық туралы ақпаратты @baiqa_piramida Telegram-боты, @afm_rk Instagram парақшасы және Агенттіктің ресми сайтындағы тізім арқылы тексеруге кеңес береді.

Күмәнді жағдай туындағанда Өскемен қаласы, Новаторов көшесі, 7/2 мекенжайындағы Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне немесе 8 (7232) 24-06-05 сенім телефонына хабарласуға болады.
__________