Президенттік жастар кадрлық резерві: төртінші іріктеу басталды

Президенттік жастар кадрлық резерві: төртінші іріктеу басталды

Президенттік жастар кадрлық резерві: төртінші іріктеу басталды

Қазақстанда Президенттік жастар кадрлық резервіне төртінші іріктеу басталды. Бұл — талантты, бастамашыл және жаңашыл ойлайтын жастарды мемлекеттік басқару ісіне тартуға бағытталған ауқымды бастама. Іріктеу 2025 жылдың маусымынан қазанына дейін өтеді. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Айқымбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Жоба 2019 жылы іске қосылған сәттен бастап оған 60 мыңнан астам азамат қатысты. Солардың ішінде 400 адам Резервке қабылданып, олардың 80%-ы бүгінде мемлекеттік органдар мен түрлі ұйымдарда қызмет атқаруда.

Төртінші іріктеудің ерекшелігі — салалық бағыттар бойынша пропорционалды тәсіл енгізіледі. Бұл әр сала мамандарының тең ұсынылуына мүмкіндік береді.

Кандидаттарға қойылатын талаптар өзгеріссіз қалды:

* жасы 35-тен аспауы тиіс;
* жоғары білім;
* кемінде 5 жыл жұмыс өтілі;
* қазақ тілін B1 деңгейінен төмен емес меңгеруі қажет.

Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің «А» корпусының мүшелері мен жастар резервіне бұрын кірген азаматтар іріктеуге қатыса алмайды.

Іріктеу кезеңдері:

1. Құжаттарды қабылдау (1–30 маусым) — онлайн;

2. Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау (2–3, 9–10 тамыз);

3. Ситуациялық тапсырмаларды шешу(16–17 тамыз) — бағыт бойынша эссе жазу;

4. Құзыреттерді бағалау (22 тамыз – 3 қазан) — Мемлекеттік басқару академиясындағы ассессмент-орталық пен HR мамандарымен сұхбат;

5. Сараптамалық комиссиямен әңгімелесу (8–15 қазан);

6. Ұлттық комиссия отырысы — 50 үздік кандидаттың Резервке қабылдануы туралы соңғы шешім (25 қазанға дейін).

Президенттік резерв — бұл жай ғана кадрлық тізім емес, бұл — шынайы мансаптық өсу мүмкіндігі мен мемлекеттік басқаруды жаңғыртуға қатысу. Жаңа іріктеу — өзіңізді көрсетуге және ел болашағын қалыптастыратын команданың мүшесі болуға берілген бірегей мүмкіндік.