Тағы да еңбек мигранттарының құқықтары туралы

Тағы да еңбек мигранттарының құқықтары туралы

Бұдан бұрын хабарланғандай, ағымдағы жылдың басынан бастап Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру туралы Келісім (бұдан әрі – Келісім) күшіне енді.
Келісімнің негізгі мақсаты – ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер еңбекшілерінің зейнетақы құқықтарын жұмысқа орналастырушы мемлекеттің азаматтары сияқты жағдай мен тәртіп бойынша қалыптастыру. Бұл ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет ЕАЭО-ға мүше басқа мемлекеттердің азаматтарына зейнетақымен қамсыздандыруға арналған құқықтарды өз азаматтарына берілетін құқықтар көлемімен бірдей етіп беруге кепілдік береді дегенді білдіреді. Яғни, ЕАЭО-ға мүше әрбір мемлекет еңбекшілердің өз аумағында 2021 жылғы 1 қаңтардан кейін жинаған жұмыс өтілі үшін өз заңнамасы бойынша зейнетақы төлейді.
Қазақстанда келісімді іске асыру бойынша құзыретті орган БЖЗҚ болып табылады.
Осыған байланысты БЖЗҚ жыл басынан бері бұқаралық ақпарат құралдарында және халық арасында еңбекшілерді жұмыс бабымен көшіп-қону жағдайындағы өз құқықтары туралы ақпараттандыру мақсатында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанда жұмыс берушілермен еңбек қатынастарын ресми ресімдеу қажеттігіне, яғни еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарттарды міндетті және уақытылы жасасуға ерекше назар аударылады. Бұл келешекте еңбекшілерге қазақстандық заңнамада көзделген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде өздері қалыптастырған зейнетақы жинақтары есебінен БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығын қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, Қор еңбек мигранттары жұмылдырылған жұмыс беруші компаниялармен жасалатын жұмысқа үлкен көңіл бөледі. Ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында Қор мамандары аудит, салық салу және республиканың жетекші компанияларына кеңес беру саласында халықаралық көшбасшы болып табылатын «Эрнст энд Янг Қазақстан» компаниясының өтініші бойынша онлайн-форматта семинар-тренинг өткізді. Онлайн-семинар-тренинг нәтижесінде «Эрнст энд Янг Қазақстан» компаниясының 170 қатысушы-қызметкері қазақстандық зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіндегі соңғы өзгерістер және Қазақстанда еңбек ететін ЕАЭО-ға мүше елдер азаматтарының табыстарынан міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын есептеу, ұстап қалу және аудару ерекшеліктері туралы түсінік алды.
Мысалы, БЖЗҚ мамандары «фрилансерлер» - ЕАЭО-ға мүше елдердің «қашықтан» жұмыс істейтін азаматтары үшін еңбек шарты не азаматтық-құқықтық сипаттағы шарт шеңберінде, оның ішінде қашықтан жұмыс істейтін осындай жұмыскерді тартқан жұмыс беруші жарналарды ай сайын төлеуге міндетті екенін түсіндірді. БЖЗҚ-ға аударылатын міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері еңбеккердің ай сайынғы табысының 10% құрайды, бірақ ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспайды.
Семинарға қатысушылар қайтыс болған салымшы - ЕАЭО-ға мүше елдер азаматының Қазақстанда жұмыс істеген кезеңінде қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының қажетті құжаттарды ұсынған кезде мұраға қалдырылуы мүмкін екенін білді.
Сондай-ақ, ЕАЭО елдерінің жұмыскер-азаматтарына зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу құқығының туындау мерзімі бөлігінде түсініктемелер берілді. Мәселен, Қазақстан Республикасының зейнетақы заңнамасының нормаларына сәйкес, ЕАЭО елдерінің азаматтары үшін бұл құқық жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жас басталған кезде (ерлер – 63 жас, әйелдер – 2021 жылы 60 жас, әйелдердің зейнеткерлік жасы жыл сайын жарты жылға, 2027 жылы 63 жасқа толғанға дейін ұлғая береді), сондай-ақ, егер мерзімсіз уақытқа болса, 1 және 2-топтардағы мүгедектік белгіленген кезде туындайды. Мұндай іс-шаралар кадрлармен жұмыс істейтін мамандардың ғана емес, бүкіл ел халқының қаржылық сауаттылығын арттырып, еңбек сіңірген демалыста лайықты өмірді жоспарлауға көмектеседі.
Салымшыларға ыңғайлы және Келісім аясында зейнетақымен қамсыздандыру мәселелері туралы толық ақпарат алу үшін БЖЗҚ сайтындағы «Қызметтер» - Зейнетақы қызметтерін тұтынушыларға арналған ақпарат бөлімінде шағын бөлім ашылды: - Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің еңбекшілерін зейнетақымен қамсыздандыру.