
Риддердегі құрылыс жобаларының жүзеге асуы туризмнің дамуында серпін бермек
Риддерде құрылыс саласындағы бірнеше ірі жоба іске асырылуда. Қала әкімдігінің мәліметінше, негізгі басымдық туристік инфрақұрылымды дамытуға берілген.
– Биыл бес жобаны жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Атап айтқанда, Ridder Resort Hotel қонақүйін қайта жаңғырту, Cabana de Poperechnoe нысанының құрылысы, сондай-ақ Altay Kompas ЖШС-нің туристік кешені мен ақпараттық орталығын салу көзделген. «Скай Тау Риддер» ЖШС жобасы аясында тау шаңғысы кешені мен қонақүйдің негізгі ғимараты қайта жөнделеді. Екінші кезеңде премиум санаттағы нысандар салынып, жаңа аспалы жол орнатылады. Үшінші кезеңде мотокросс, эндуро, багги және квадроциклдерге арналған трассалар салу жоспарланған, – дейді Риддер қаласының әкімі Думан Рахметқалиев.
Оның айтуынша, аталған жобалардың жүзеге асуы туристерге арналған орналастыру орындарының санын 60 бірлікке дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, құрылыс саласында өткен жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 10,7%-ға өскен. Қазір 600 оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептің құрылысы жалғасуда. Нысанды шілде айында пайдалануға беру жоспарланған. Бұдан бөлек, екі мектеп пен екі балабақшаға жөндеу жұмыстарын жүргізуге 63 миллион теңге бөлінді. 2025 жылы басталған №14 орта мектептің күрделі жөндеу жұмыстары да жалғасып жатыр.
– Жыл басынан бері бес ай ішінде 722 жұмыс орны құрылды. Қоғамдық жұмыстарға 100 жұмыссыз азамат тартылды. Алты адам жастар практикасына жіберілсе, 60 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Атаулы әлеуметтік көмек 313 адамға көрсетілді, – дейді Думан Рахметқалиев.
Қала билігінің негізгі басымдықтарының бірі – тұрғындардың денсаулығын сақтау. Биыл Риддерде бір ауысымда 500 адам қабылдайтын емхана мен 200 орындық стационар ашылды. Медициналық мекемелер заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Соның нәтижесінде тұрғындар компьютерлік томография мен ультрадыбыстық зерттеулерден облыс орталығына бармай-ақ өте алады.
Ауыл шаруашылығы саласында да оң көрсеткіштер байқалады. Сүт өндірісі 1,6 пайызға, жұмыртқа өндірісі 8,4 пайызға артқан. Ірі қара малдың, жылқының, қой мен ешкінің, сондай-ақ құс санының өсуі тіркелді.