БЖЗҚ салымшылары 14 миллионнан аса қызмет алды 

БЖЗҚ салымшылары 14 миллионнан аса қызмет алды 

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры 2020 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша өз салымшыларына 14,03 миллион қызмет көрсетті. Қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға және коронавирустық індетке (COVID-19) байланысты бірқатар шектеу шараларының қабылдануына қарамастан, 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда көрсеткіштер 5% немесе 663 мың қызметке артты. Мұндай көрсеткіштерге онлайн-қызметтерді ұсынудың оңтайлы жүйесінің арқасында қол жеткізілді, себебі, ағымдағы жылдың 1 қазанындағы операциялардың жалпы көлемінің 92,4% (немесе 12,96 млн) электрондық форматта жүргізілді. Өткен жылмен салыстырғанда электрондық қызметтердің танымалдығы 20,2%  немесе 2,2 млн қызметке өсті.

Осылайша  салымшылардың көпшілігі БЖЗҚ сайтында да, ұялы қосымшасында да бар Жеке кабинеттің көмегімен қызметтердің толық спектрін үйден шықпай-ақ алатынын көруге болады. Атап айтқанда, бұлар жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, өз деректемелеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, ЖЗШ-ның болуы туралы анықтама алу, мерзімсіз уақытқа 1 немесе 2 топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау туралы өтініш беру, төлемге және (немесе) көшуге берілетін өтініштің мәртебесін қадағалау және тағы басқалар.

Шектеу шаралары жеңілдетілгеннен кейін БЖЗҚ-ның 200-ден астам бөлімшесі өз есіктерін айқара ашты. Онда қабылдауға алдын ала жазылу, желдету, ылғалды тазалау және дезинфекциялау сияқты барлық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып, біздің салымшыларымыз 9 айда 1 миллионға жуық, дәлірек айтқанда 993 044 қызмет алды. Бұдан басқа  БЖЗҚ-ның барып қызмет көрсету бөлімдері  1 қазандағы жағдай бойынша Қор  салымшыларына 76,1 мың қызмет көрсетті.

Естеріңізге сала кетейік, БЖЗҚ-ның кейбір қызметтері «»Қазпошта» АҚ Ұлттық пошта операторының 300 бөлімшесінде де ұсынылады. Осылайша БЖЗҚ-ның қызмет көрсету орталықтары жоқ қалалар мен ауылдардағы салымшылар бұрын жақын маңдағы ірі елді мекендерге баруды қажет еткен қызметтерді енді еш қиындықсыз алады. Жыл басынан бері «Қазпошта» бөлімшелерінде  салымшыларға 2930 қызмет көрсетілді. Ал «Қазпошта» бөлімшелерінде төмендегі операция түрлерін жүзеге асыруға болады:

  • салымшының (алушының) қосымша деректемелерін (жеке куәлігінің деректемелері, телефон нөмірі, электрондық және пошталық мекенжайы) өзгерту (толықтыру) туралы өтініш беру);
  • хабарлау тәсілін өзгерту (белгілеу) туралы келісімге қол қою (оның ішінде «БЖЗҚ» АҚ қызметтеріне электрондық форматта қол жеткізу үшін).

БЖЗҚ міндеттерінің бірі – сапалы кеңес беру қызметтерін көрсету және Қордың салымшылары мен алушыларына бағытталған ақпараттық арналарды дамыту. Ағымдағы жылдың тоғыз айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда кері байланыс арналары бойынша салымшылар жасаған өтініштер саны екі еседен аса артты: 2020 жылы 1,1 млн өтініш қаралған болса, 2019 жылдың осындай кезеңінде 508,19 мың өтініш қабылданды.

БЖЗҚ салымшылары мен алушылары 1418 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін)  байланыс орталығынан кеңес ала алады. Сонымен қатар www.enpf.kz корпоративтік сайты, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша Whatsapp және Viber чат-боттары, Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter Telegram, Одноклассники әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшалары арқылы да кеңес алуға болады. 

 БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).