Өскеменде «Есенгелді би тарихы мен шежіресі» кітабының тұсаукесері өтті

Өскеменде «Есенгелді би тарихы мен шежіресі» кітабының тұсаукесері өтті

А.С. Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Есенгелді би тарихы мен шежіресі» атты кітаптың таныстырылымы өтті.

Аталған еңбек – Тарбағатай өңірінің көрнекті перзенті, елге сыйлы би, дана мәмілегер, мемлекет қайраткері Есенгелді биге арналған. Бұл кітап тек шежіре ғана емес, сонымен қатар тарихи-мәдени маңызы зор зерттеу. Онда бидің бес Саты, алты Жұмық деген екі үлкен әулетінен тараған ұрпақтарының генеалогиясы жан-жақты зерделенген.

Кітапта Есенгелді бидің ел ішіндегі орны, шешендік өнері, жас ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі кеңінен ашылып көрсетілген. Бұл – тұтас бір әулеттің тарихын баяндайтын рухани мұра.

Еңбек ауызша деректерге, архивтік құжаттарға және көнекөз қариялардың естеліктеріне сүйене отырып жазылған. Шығарма тарихи шындыққа негізделіп, жүйелі түрде ұсынылған.

Кітаптың басты мақсаты – өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастырып, бабалар мұрасын ұлықтау.