
Қала әкімдігінде Франция Республикасының Қазақстандағы Елшілігі өкілдерімен кездесу өтті. Күн тәртібінде – туризмді дамыту, білім беру, мәдениет, ІТ-сектор, креативті индустрия және киноөндіріс салаларындағы ынтымақтастық мәселелері қаралды.
Француз делегациясы Шығыс Қазақстанмен ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Диалог өзара қызығушылық пен түсіністік рухында өтті. Кездесу нәтижесінде жақын болашақта бірлескен бастамаларды жүзеге асыру бойынша келісімдерге қол жеткізілді.
«Франция – әрқашан мәдениетке, инновацияға және білімге жоғары баға беретін ел. Біз сіздердің өңірлеріңізден үлкен әлеуетті байқап отырмыз және тәжірибе бөлісуге, серіктестік жобаларды дамытуға дайынбыз», — деді Францияның Қазақстандағы Елшісі Guiaugue Sylvain.
Мәдени алмасу аясындағы алғашқы қадамдардың бірі – Өскеменде Француз киносы апталығын ұйымдастыру болмақ. Фестиваль бағдарламасына жанрлық әртүрлілік пен халықаралық мойындалу ескеріліп, мұқият іріктелген жеті фильм енді. Бес көркем фильм мен екі анимациялық туынды көрермендерді қызықты кино саяхатқа жетелемек – жеңіл комедиядан бастап психологиялық драмаға дейін, отбасылық оқиғалардан авторлық киноға дейін.
Сондай-ақ, Қазақстан мен Франция шығармашылық өкілдері бірлесіп жұмыс істей алатын арт-резиденциялар мен арт-платформалар құру мәселесі көтерілді.
Француз тарапы Шығыс Қазақстан облысының жоғары әлеуетін атап өтіп, ұзақ мерзімді серіктестікке дайын екенін білдірді. Айта кетейік, бүгінде дәл осындай өңірлік бастамалар халықаралық ынтымақтастық пен мәдени дипломатияның негізгі қозғаушы күшіне айналуда.