ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі барлық балаға қолжетімді және сапалы білім беру жағдайларын жасаудың маңыздылығын бірнеше рет атап өткен.
«Мемлекеттің міндеті – әр баланың тұрғылықты жеріне қарамастан, білім алуына қолайлы жағдай жасау».
Білім беру саласындағы реформалар шеңберінде Өскемен қаласында жаңа оқу орындарының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл қолданыстағы мектептердің жүктемесін айтарлықтай төмендетуге және балаларды сапалы біліммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Соңғы үш жылда 11 балабақшада мемлекеттік тілде білім беретін 15 жаңа топ ашылып, 377 орын қосылды. 2024 жылы жекеменшік балабақшаларда тағы 607 орын құрылды, оның 460-ы – қазақ тілінде оқытуға арналған.
2025-2026 оқу жылында мемлекеттік балабақшаларда жаңа топтарды жинақтау барысында мемлекеттік тілде білім беретін 18 топ ашу жоспарлануда. 2025 жылға арналған кезең-кезеңімен даму жоспарына сәйкес, мектепке дейінгі ұйымдарда 556 жаңа орын құрылатын болады.
Өскемен қаласында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы қалада 600 орындық екі жаңа мектептің құрылысы басталды. Олар Увалиев көшесінде және Есенберлин даңғылында бой көтеруде.
Сонымен қатар, Тимофеев көшесінде орналасқан №31 жалпы білім беретін жаңа мектептің 300 орынға ашылуы жоспарланған. Жоба 2025-2026 оқу жылында іске асырылады.
Жалпы алғанда, жаңадан ашылатын орындар саны 1500-ге жетеді. Бұл мектептердегі орын тапшылығын айтарлықтай азайтып, өскелең ұрпаққа қолайлы оқу жағдайларын жасауға мүмкіндік береді.