ШҚО-дағы инфрақұрылым дамудың жаңа кезеңінде

ШҚО-дағы инфрақұрылым дамудың жаңа кезеңінде

Шығыс Қазақстан облысында Зайсан ауданында жаңа әуежайдың құрылысы басталды. Жоба еліміздің курорттық аймақтарында авиациялық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.

«Әуежай құрылысы аяқталып, нысан қолданысқа берілген соң Қытайдың Үрімші, Алтай және Қанас қалаларына халықаралық бағыттар ашу жоспарланған. Астана, Алматы және Өскеменге қатынайтын ішкі бағыттар тұрақты әуе байланысын қамтамасыз етіп, бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, ел тұрғындарының жүріп-тұруын жақсарта түспек», — деді көлік ведомствосының басшысы Марат Қарабаев.

 

Өскемен – ШҚО-ның көлік орталығы

Жаңа әуежайдың құрылысына қоса, өңірде көлік инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту жұмыстары жалғасуда. 2024 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы бес теміржол вокзалына, соның ішінде Өскемен-1 вокзалына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

Жаңа инфрақұрылымдық жобалар Шығыс Қазақстанды стратегиялық маңызды көлік торабы ретінде нығайтып, туризмнің, экономиканың және халықаралық ынтымақтастықтың дамуына жаңа перспективалар ашады.