Өскеменде көлік инфрақұрылымы жаңартылуда

Өскеменде көлік инфрақұрылымы жаңартылуда

Облыс орталығында жол желісін жаңарту жұмыстары жалғасуда. Көлік қатынасының қолжетімділігін арттыру, магистраль жолдардағы жүктемені азайту және қала ішіндегі қозғалыс жайлылығын жақсарту бағытында бірқатар жобалар іске асырылуда.

Маңызды жобалардың бірі – Қ. Сәтпаев және І. Есенберлин даңғылдарының, сондай-ақ Жібек Жолы мен Базовая көшелерінің қиылысында көпдеңгейлі жол айырығын салу. Бұл аумақ қаланың көлік жүйесінде негізгі рөл атқарады, орталықты сол жағалаумен байланыстырып, оңтүстіктен солтүстікке қарай негізгі қозғалыс ағындарын қамтамасыз етеді. Жаңа жол айырығы көлік қозғалысын айтарлықтай жеңілдетпек.

Бұдан бөлек, Қазақстан көшесіндегі трамвай жолдарын жаңғырту қарастырылып отыр. Қала магистральдары кешенді жөндеуден өтуде, оның ішінде Абай даңғылы, Шәкәрім және Қабанбай батыр көшелері, сондай-ақ Үлбі өзені арқылы өтетін көпір жөнделеді. Сонымен қатар, жол жөндеу бағдарламасы аясында аулалар арасындағы жолдар ретке келтіріліп, асфальт жамылғысы жөнделмек.