Өскемен қаласында су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде

Өскемен қаласында су тасқынының алдын алу шаралары жүргізілуде

Өскемен қаласында көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында кешенді жұмыстар атқарылуда. Қалалық қызметтер су бұру жүйелерін тазалап, өзен жағалауларын бекітіп, қажетті техника мен материалдарды әзірледі.

Көктем-күз мезгілінде ерекше назар су өткізгіш құбырларды тазартуға аударылды. Атап айтқанда, Безымянный және Овечий ключ жылғаларындағы құбырлар тазартылып, әртүрлі аудандарда – Красин, Ахмирово, Аблакетка, Шмелев Лог және Сәтпаев даңғылы бойында арықтар мен науалар қардан аршылды.

Жағалаулардың бұзылуын алдын алу үшін Маховка («Восточник» бау-бақша серіктестігі маңы) және Үлбі (Бабкина Мельница маңы) өзендері бекітілді. Красин кентіндегі Пушкин, Предгорная, Линейная және Иманов көшелеріне жаңа су өткізгіш құбырлар орнатылды. Қала аумағынан еріген қар суларын тұрақты түрде шығару жұмыстары ұйымдастырылып, су басу қаупі бар тұрғын үй аумақтарының қауіпсіздігі күшейтілді.

2025 жылғы су тасқыны маусымына дайындық аясында қалалық қызметтер 11 мотопомпа (10 тасымалды және 1 тіркемелі), 6000 текше метр құм, 8000 құм қаптары және 140 тонна дизель отынын әзірледі. Қыс-көктем маусымында Аблакетка, Согра, Шмелев Лог кенттері, Проходной, Вешний тұйық көшелері мен Островский көшесінде орналасқан ең осал аймақтарда құбырларды ыстық сумен шаю тұрақты жүргізіледі. Сонымен қатар, арық жүйелері қардан тазартылып, кіші өзендердің арналары тереңдетілуде.

Су тасқынының алдын алу шаралары бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылып, қалалық қызметтердің тұрақты бақылауында. Мамандар су бұру жүйелерін, өзен жағалауларын және жылғалардың жағдайын үнемі тексеріп, жедел әрекет етуде.