Жағажайларды тексеру қорытындысы

Жағажайларды тексеру қорытындысы

ШҚО ТЖД, Өскемен қаласы ТЖД мамандары шомылу маусымы қарсаңында өңір журналистерінің қатысуымен жағажайларды тексерді. Құтқарушылар келесі талаптардың сақталуына назар аударды: жүзуге рұқсат етілген аймақтардың шекаралары, жүзу үшін максималды тереңдікті анықтайтын белгілерді орнату. Сонымен қатар, суға батқан адамға көмек көрсету заттары бар арнайы медициналық және құтқару бекеттерінің бар-жоғын тексерді.

ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Арман Тоқанов демалыс орындарының иелері "Су айдындарында қауіпсіздікті ұйымдастыру" ережелерін қатаң басшылыққа алуы керек, балаларға шомылуға арнайы бөлінген учаскелер болуы керек деп атап өтті.  Ағымдағы жылы тексеру қорытындысы бойынша облыс аумағында 5 коммуналдық жағажай жұмыс істейді: 2 - Алтай ауданында, 2 – Өскеменде, 1-Ұлан ауданында, сондай - ақ Катонқарағай ауданында және Риддер қаласында жағажайлар ашу жоспарлануда. Осы жағажайларда дайындық жұмыстары жүргізілген: аумақты тазарту, су айдындарының түбін тексеру, кезекшілік атқару үшін құтқарушылар оқытып-үйретілді, медперсоналға арналған бекеттерді жасақтау және құтқару құралдарын сатып алу. Құтқарушылар атап өткендей, биылғы жылы жағажай иелері жазғы маусымға аса мұқият қарады, көбісі маусымды әлі ашқан жоқ, себебі олар ТЖ қызметінің барлық ұсыныстарын орындауға тырысуда.

Қазіргі уақытта облыс әкімдігінің жаңа қаулысы бойынша шомылуға арналған 21 учаске анықталып, 74 орынға тыйым салынған.  

Жазғы кезеңде Бұқтырма су қоймасында құтқарушылардың мобильді бекеттері жұмыс істейтін болады. 

ШҚО ТЖД мамандары демалушыларды тыйым салатын белгілерге немқұрайлы қарамауға шақырады, өйткені бұл жерлерде ағыс күшті, түбі шұңқыр, түбін сүңгуірлер тексермейді. Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны немесе орындамағаны үшін жауапты адамдар мен азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. Мұның бәрі жаз мезгілі апатсыз өтіп, көптен күткен демалыс қайғылы жағдайға әкелмеуі үшін қажет.

Алдағы күндері аймақта қатты ыстық болады деп күтілуде. ШҚО құтқарушылары жүзу үшін тек жабдықталған жағажайларды таңдауды сұрайды.  Балаларды қараусыз қалдырмаңыз.

ШҚО ТЖД деректеріне сәйкес, Шығыс Қазақстанның су айдындарында өткен шомылу маусымында 7 адам суға батып кеткен, барлық жағдайлар рұқсат етілмеген су айдындарында тіркелген.

Төтенше жағдай кезінде 112 нөмірі бойынша хабарлау қажет.

 

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі