ШҚО-да алғашқы сейсмодатчиктерді орнату жоспарлануда

ШҚО-да алғашқы сейсмодатчиктерді орнату жоспарлануда

Шығыс Қазақстан облысының аумағы сейсмикалық аймаққа жатады. Мұнда жыл сайын 2-ден 6 баллға дейін жер сілкінісі болады. Соңғы 10 жылда Шығыс Қазақстан облысының аумағында жер сілкінісінің 22-ден астам жағдайы тіркелген. Құрбандар мен қираулар болған жоқ. Облыста 17 ауданда (Өскемен қаласы, Риддер қаласы, Семей қаласы, Алтай ауданы, Аягөз, Абай, Бородулиха, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонаиха, Жарма аудандары) 127 сейсмикалық қауіпті елді мекен орналасқан.
Қауіпсіздік мақсатында Шығыс Қазақстан облысы ТЖ департаменті жыл сайын Төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия отырыстарында сейсмика саласындағы проблемалық мәселелерді көтерді. Департаменттің қатысуымен Сейсмология институты 2019 жылы 2020-2023 жылдарға арналған «Қазақстанның облыстары мен қалалары аумақтарының сейсмикалық қауіптілігін қазіргі заманғы ғылыми - әдістемелік негізде бағалау» мақсатты қаржыландыру бағдарламасын құрды. Осы бағдарлама шеңберінде ел өңірлері үшін, оның ішінде Шығыс Қазақстан облысы үшін сейсмикалық аудандастыру карталарының жиынтығын әзірлеу көзделген.
«Осыған байланысты ШҚО ТЖ Департаментінде «Сейсмология институты» ЖШС өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті. Кездесу барысында Шығыс Қазақстан облысында кең жолақты сейсмодатчиктерді бақылайтын 5 станция және Өскемен аумағында күшті қозғалыстарды бақылайтын 5 станция орындары анықталды. Сейсмодатчиктер - бұл жердің қозғалысын өлшенетін электронды сигналға айналдыру арқылы тербелістерді өлшеу үшін қолданылатын құрылғылар. ШҚО ТЖД мамандары жұмыс тобының аудандарға баруын сүйемелдеді, сондай - ақ облыс орталығында бірінші датчиктерді орнату үшін Департаменттің ведомстволық бағынысты ғимараттарын ұсынуға жәрдем көрсетті», - деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Титов.
Сейсмикалық станциялар желісін құру жер сілкіністері бойынша статистикалық маңызды материал алу мақсатында үздіксіз режимдік бақылаулар жүргізу үшін (кемінде 3 жылға есептелген) қажет, оны үнемі өңдеу, талдау және түсіндіру қажет. 
Өскемен қаласының сейсмикалық шағын аудандастыру жұмыстарының маңызды құрамдас бөлігі белсенді тектоникалық жарылымдардың орналасуын анықтау, нақтылау болып табылады. 
Барлық жиналған, өңделген және түсіндірілген геологиялық-геофизикалық, сейсмологиялық ақпараттың және жүргізілген модельдеудің негізінде ғана негізделген құрылыс саясатын жүргізу мақсатында облыстың және Өскемен қаласының зерттелетін аумақтарының сейсмикалық қауіптілігіне дұрыс бағалау жүргізуге болады.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі