Гарнизонда мамандық бойынша даярлық сабақтары өтуде

Гарнизонда мамандық бойынша даярлық сабақтары өтуде

Жазғы оқу кезеңінің жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес, Өскемен гарнизонындағы механикаландырылған бригадада барлық санаттағы әскери қызметшілермен мамандық бойынша даярлық сабақтары жүргізілуде.
Әр әскери мамандық бойынша жеке-жеке өткізілген сабақтардың мақсаты – бөлімдегі жеке құрамның функционалдық міндеттерін, штаттық қару-жарақ пен әскери техниканы зерделеу, атуды, штаттық байланыс құралдарымен жұмыс істеуді және алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйрету.
Бүгінгі таңда 1000-нан астам әскери қызметші дайындықтан өтуде. Сонымен қатар, 79 оқу тобын 150-ге жуық тәжірибелі нұсқаушы-сержант даярлады.
- Еліміздің Қарулы Күштерінде тек сауатты, өз ісін жетік білетін жоғары білікті мамандар қызмет етуі тиіс. Сондықтан әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының жеке түрі ретінде арнайы дайындыққа ерекше көңіл бөлінеді, - деді механикаландырылған бригаданың командирі подполковник Аслан Кітапбаев.
Бригада сержанты 2-сыныпты сержант Дастан Байгаскин мамандықтар бойынша даярлықта жеке құрамның атыс барысындағы, сондай-ақ әр түрлі ұрыс жағдайындағы іс-қимылды үйлестіруді және жетілдіруді, сондай-ақ командирлердің жеке құрамды басқару мен жүктелген міндеттерді жедел шешуге қабілеттерін арттыруды үйренетінін жеткізді.
Бұл қасиеттердің барлығы әскери қызметшінің кәсібилігін арттыру және өз мамандығы мен ұрыстағы мақсатын дұрыс түсіну үшін қажет. Сабақтардың нәтижелері алдағы уақытта болатын оқу жаттығуларда жақсы нәтижелерге жеткізері анық.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі