Жамбыл Жабайұлының 175 - жылдығына арналған «Жыр ғұмыр» атты кездесу

 Жамбыл Жабайұлының 175 - жылдығына  арналған «Жыр ғұмыр» атты кездесу

2021 жылдың 25 ақпан күні сағат 15.00-де Оралхан Бөкей атындағы орталық қалалық кітапханада ақындық кеш-байқау өтті.

Оған Ж.Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейінің өкілдері, шығармашылық зиялы қауым, «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия интернаты» КММ оқушылары қатысты.

Шара барысында Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды мұражайының (Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылы)  мамандары  ақын шығармашылығын жинау, зерттеу, сақтау және насихаттау бағытындағы жұмыстары туралы әңгімелеп,  ақын жәдігерлерімен таныстырады. Осыдан кейін «Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты» КММ оқушылары ақын шығармашылығынан өлеңдер оқып, білім шаңырағындағы ақынға байланысты жүзеге асырылған шаралар туралы айтып береді. Шараның жалғасында Өскемен қаласының Ішкі саясат бөлімі мен  Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері Жамбыл ескерткішіне гүл қою рәсімін өткізеді.

Жамбыл ақын көзі тірісінде КСРО мемлекеттік сыйлығын алған дара дарын. Жетісудың сүлей ақыны Сүйінбайдан бата алған Жамбыл Жабайұлы (1846-1945) айтыскер ақын болумен бірге, халқына құнды қазына қалдырған жырау  деп те айтуға болады. «Өтеген батыр», «Сұраншы батыр», «Көрұғлы», «Бақ, дәулет, ақыл»  атты дастандар жазған.   «Шағым», «Жылқышы», «Шәбденге», «Сәт сайланарда», «Өстепкеде», «Патша әмірі тарылды», «Зілді бұйрық» сияқты  саяси тақырыпта жазған өлеңдері де көп. Сонымен бірге, Құлманбет, Досмағамбет, Сарыбас, Майкөт, Бақтыбай, Бөлтірік, Шашубай сияқты арынды ақындармен   айтысының бірқатары әдебиет тарихында сақталған. Ұлы Отан соғысы жылдарында үш мың жолға жуық өлең жазған. Соның ішінде, «Ленинградтық өренім», «Мәскеуге», «Майданға хат» сияқты өлеңдері  тауқыметті жылдары тарыққан жүректерді жұбатып, халықты болашаққа рухандырды. Жамбыл шығармаларының орыс тіліндегі аудармалары шетелде де танымал болып, еңбектері Қытайда, Чехословакияда, Англияда және басқа да шет елдерде жарық көрді. Осылайша, қазақ жырауы әлемдегі барлық ұлттың Ақынына айналды.

«Жамбыл жырлары – мұхит түбіндегі інжу-маржан іспетті. Оларды тауып, халыққа тарту ету біздің әрқайсымыздың азаматтық парызымыз», - деп  ақынның шығармашылығын қазақтың асыл перзенті Сәкен Сейфуллин ерекше бағалаған.