Әскердегі спортшы ару

Әскердегі спортшы ару

Бүгінде Қарулы Күштер қатарында иығына погон тағып, ерлермен қатар Отан алдындағы борышын атқарып жүрген нәзік жандылар баршылық. Қоғам мен әскери қызметтегі рухани құндылықтарды бойына сіңіріп, спорт саласында өз шеберлігін шыңдап жүрген ефрейтор Нұргүл Айманбетова Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімде келісімшарт бойынша қызмет етеді.
Нұргүл Ахатқызы Шығыс Қазақстан облысы, Самар ауданының тумасы. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетін 2006 жылы жылы бітіріп, Қазақтың спорт жəне туризм Академиясында 2007-2015 жылдар аралығында оқытушы қызметін атқарған. Психология мамандығы бойынша əлеуметтік ғылымдар магистрі. Қарулы Күштер қатарына 2017 жылдың қараша айынан бастап қызмет етіп келеді. Өскемен гарнизонындағы әскери бөлімнің маман радиотелефонисті. Жауынгерлік даярлық пен мемлекеттік-құқықтық дайындығының үздігі.
Еркін күрес пен қоян-қолтық ұрыстан спорт шеберінен үміткер. Жазғы көпсайыс (бес сайыс) бойынша Қарулы Күштердің жүлдегері (2 орын), көпсайыс бойынша қысқы спорт түрінен ҚР ҚК жүлдегері (2 орын). Жауынгер 1 дәрежелі спортшы. 2018 жылғы «Шығыс» ӨңҚ «Әлем жауынгері» номинациясының жүлдегері және 2019 жылы осы аталымның жеңімпазы.
Сонымен қатар, әскер қатарындағы аруымыз полиатлоннан ШҚО құрамасында. Полиатлоннан қалалық және облыстық жарыстардың жеңімпазы. Қазақстан Спорт психологтары қауымдастығының мүшесі. Спорт саласындағы көптеген мақалалары жарыққа шыққан. Ғылыми еңбекпен де шұғылданғанып, «Спорт психологиясы» атты оқу құралы 2015 жылы жарық көргенін айта кеткен жөн.
Қазір ефрейтор Нұргүл Айманбетова Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қыстық көпсайысы мен полиатлоннан Қазақстан чемпионатына қызу дайындалып жатыр.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі