Әскери бөлім штабының конференция залында әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыстарды ұйымдастыру қызметінің демеушілер арқылы әзірлеген сый – сыяпаттарын көпбалалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиелеп отырған әскери қызметшілерге салтанатты түрде табыстады. Отбасылық мереке саналатын Жаңа жыл қарсаңында Өскемен гарнизоны 27943 әскери бөлімінде гарнизон басшылығы және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің белсенділігімен Жаңа жылдық іс-шара санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын сақтай отырып өтті. Демеушілік көмек көрсеткен "7Я" дүкені мен АҚ "Қазақстан Халық Банкі" өкілдері және жоғарыда аталған санаттағы әскери қызметшілердің қатысуымен өткізілген іс-шарада жалпы құны 442 мың теңге сомасында 140 жаңа жылдық сөмке таратылды. «Пандемия кезінде Балаларға Жаңа жылдық ертеңгіліктер өткізуге шектеу қойылса да, балаларды елеусіз қалдырмайық деген оймен, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметі қала мекемелері мен қалашық дүкендерінен демеушілер іздеп тапты. Жаңа Ахмер ауылында орналасқан "7Я" және "Зайсан" дүкендері, Акционерлік Қоғамдар "Қазақстан Халық Банкі" мен "Сбербанк" демеуші болуға ниет білдірді. Демеушілердің берген сыйлықтарын барлық санитарлық-эпидемиологиялық норма талаптарын сақтай отырып, әскери қызметшілердің өздерін жинап табыс еттік» - деді әскери тәртіп бойынша аға офицер майор Серік Қалдыбеков. Іс - шараға қатысқан "Қазақстан Халық Банкінің" өкілі Рустам Нұржігітов, "Осындай үлкен игі істерге қатысып, үлес қосқанымызға өте қуаныштымыз" - деп өз ойын білдірді. Көпбалалы отбасылар атынан 27943 әскери бөлімі 2 мотоатқыштар батальонының взвод командирі 3 сыныпты сержант Дәулет Құрманғалиұлы, «Жаңа жыл қарсаңында әскери қызметшілердің балаларына арнап, осындай іс-шара өткізіп, сый-сыяпат таратқандары үшін әскери бөлім басшылығына және әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметіне алғысымызды білдіреміз! - деді. Самал Куджамолдаева мүмкіндігі шектеулі Мұхаммед Әлидің анасы, «Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Өстіп елеп ескеріп, баламды құттықтап жатқандарыңызға рахмет айтамын. Жұмыста табысты болыңыздар! Барлықтарыңызға жақсылық тілеймін! Жаңа жылда осылай әрқашан бізді ұмытпай өстіп ескергендеріңізге көп көп рахмет!» - деді ол. «Жаңа жыл қарсаңында 27943 әскери бөлімі материалдық-техникалық қамтамасыз ету батальонының әскери қызметшісі старшина Жасұлан Отарбаевтың үйіне барып, демеушілеріміз берген сый-сыяпатын баласы Мұхаммед Әлиге табыстадық. Жаңа Ахмер ауылындағы "7Я", "Зайсан" дүкендерінің және "Қазақстан Халық Банкі" мен "Сбербанк" Акционерлік Қоғамдарының басшыларына осындай демеушілік танытқандары үшін шексіз алғысымызды білдіреміз!» - деді әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмысты ұйымдастыру қызметінің жетекшісі ҚР ҚК қызметкері Ләззат Дошманова. Гарнизон бастығы подполковник Аслан Кітапбаевтың атынан іс-шараға қатысқан "Қазақстан Халық Банкінің" өкілі Рустам Нұржігітов пен "7Я" дүкенінің иесі Ерлан Қайрхановқа Алғыс хатты майор Серік Қалдыбеков табыстады.
Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі