
Жергілікті атқарушы органның қызметкерлерімен, қалалық мәслихат депутаттарының, қала жұртшылығының қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (бұдан әрі – ӘМАТ) бағасын зерделеу мақсатында қаланың сауда объектілерінде тұрақты негізде мониторингтік іс-шаралар жүргізіледі. Мониторинг барысында кәсіпкерлерге әлеуметтік тауарларға белгіленген сауда үстемесін сақтау бойынша ұсынымдар беріліп, ақпараттық жадынамалар таратылады, сондай-ақ сауда қызметін ұйымдастыруда туындаған мәселелерді және қолданыстағы заңнама талаптарын сақтаудағы сұрақтар талқыланады.
Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9-бабына сәйкес кәсіпкерлер ӘМАТ-қа өндірушінің босату бағасының немесе көтерме жеткізушінің сатып алу бағасының 15%-нан аспайтын мөлшерде шекті сауда үстемесін белгілейді. ӘМАТ тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітіліп, ол 31 тауар атауынан тұрады: https://zan.gov.kz/client/#!/doc/219430/kaz
Белгіленген сауда үстемесінің мөлшерін асырғаны үшін Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 204-4-бабына сәйкес кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай 5-тен 150 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Егер тұтынушы дүкендерде ӘМАТ бағасының жоғары болу фактілерін байқаған жағдайда, тиісті шаралар қабылдау үшін сатып алынған өнімнің чегі мен фотосуретін қоса бере отырып, уәкілетті органға – «ШҚО бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті» РММ-не (Өскемен қ., 30-шы Гвардиялық дивизия көшесі, тел.: 61-41-21, 26-72-07) жүгіне алады