
Сіздерді 2026 жылғы 4 маусым күні сағат 09:00-де амфитеатрда өтетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған салтанатты іс-шараға шақырамыз.
Іс-шара барысында қатысушылар Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын бір мезетте орындап, жаңа ту тұғырында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын салтанатты түрде көтеру рәсімінің куәсі болады.
Мерекелік іс-шара аясында мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған мемлекеттік қызметшілердің салтанатты ант беру рәсімі өтеді.
Сонымен қатар мерекелік бағдарламада қаланың шығармашылық ұжымдары мен өнерпаздарының қатысуымен концерт ұйымдастырылады. Қонақтарға патриоттық әндер шырқалып, әсерлі шығармашылық қойылымдар ұсынылады.
Еліміздің мемлекеттік рәміздеріне құрмет көрсетіп, бірлік пен тәуелсіздіктің нышаны болған қасиетті Көк Туымызды бірге ұлықтайық!
Баршаңызды мерекелік іс-шараға қатысуға шақырамыз!