Аяз кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз

Аяз кезінде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтаңыз

Алдағы күндері Шығыс Қазақстан облысында ауа температурасы 30 градусқа дейін және одан да төмендейді деп күтілуде. ШҚО ТЖД мамандары суық түскен кезде тұрғын үй секторында өрттің шығу қаупі артатынын ескертеді.
Департамент қызметкерлері өңір аумағында тұрғын үйлерді профилактикалық аралау жұмыстарын жалғастырып, қауіпсіздік шараларын түсіндіруде. Құтқарушылардың мәліметінше, сыртқы ауа температурасы төмендеген кезде жоғары қауіп төндіретін негізгі көздер — пешпен жылыту, газ және электр жабдықтары.

ШҚО ТЖД тұрғын үйде өрттің алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтауды еске салады:
* жанып тұрған пештерді және қосулы электр құралдарын қараусыз қалдырмау;
* пешті шамадан тыс қыздырмау;
* балаларға жылыту және жылытқыш құралдарын бақылауға рұқсат бермеу;
* бір уақытта бірнеше қуатты тұрмыстық құралдарды қосып, электр желісін шамадан тыс жүктемеу;
* электр құралдарын тек нұсқаулыққа сәйкес пайдалану, пайдалану мерзімі өткен тұрмыстық құрал кез келген сәтте өрт шығу көзіне айналуы мүмкін.

Автокөлік иелері де көлікті өрттен сақтау үшін оны тек бақылаумен және рұқсат етілген тәсілдермен ғана жылыту қажет екенін есте ұстағаны жөн.
2026 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында 37 өрт тіркелді, оның ішінде 9-ы пешті пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауынан, 11-і электр жабдықтарын пайдалану барысында болған заңбұзушылықтардан, 10-ы отты абайсыз қолдану салдарынан, сондай-ақ басқа да себептермен орын алған.

ШҚО ТЖД баспасөз қызметі