Өскемен гарнизонында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер запасқа шықты

Өскемен гарнизонында мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер запасқа шықты

2020 жыл 17 қазанда Өскемен гарнизоны әскери бөлімінің саптық алаңында  Отан алдындағы борыштарын, Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі белгіленген мерзімді қызметтерін өткерген 2019 жылдың 2 шақырылымындағы 466 сарбазды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті.

Салтанатты шараны ұйымдастырып, өткізуде бөлімнің жыл көлеміндегі атқарылған жұмыстары мен әскери қызметтегі сарбаздар жетістіктеріне тоқталып өткен бөлім командирі подполковник Аслан Кітапбаев мырза басшылық етті. «Осынау, абыройлы Отан қорғау жолында қызмет етіп келе жатқан офицерлер мен сержанттардың еңбек жемісі-қызметтеріндегі көрсеткіш нәтижесі Сіздердің арқаларыңызда, Сіздер қысқа мерзімде әскери саланың көптеген қыр-сырларын, техникалар мен қару-жарақтарды қолдануды меңгеріп шыққандарыңызға сенімдімін» - дей келе, батальон командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары әзірлеген әрбір сарбаздың ата-анасына алғыс хат, грамоталар мен марапат сыйлық ретінде жыл көлеміндегі іс-шаралар мен оқу жаттығулардан әзірленген фотоальбомдар мен бейнетаспа жазылған дискілерді табыстады.

Сонымен қатар іс-шараға шақырылған қонақ Қазақстан Республикасы Қарулы күштері ардагерлер кеңесінің мүшесі запастағы подполковник Юрий Романович Залежный сарбаздар қуанышына ортақтаса келе алғыс-тілегін білдірді.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріндегі белгіленген мерзімді қызметтерін өткерген 2019 жылдың 2 шақырылымындағы сарбаздар атынан сөйлеген қатардағы Ғасырбек Тәжіғұл былай деді: «Полковник мырза! Офицер мырзалар мен сержанттар! 2019 жылдың 2 шақырылымындағы сарбаздар атынан сіздерге шексіз алғыс білдіре отырып, осы подполковник Аслан Кітапбаев мырзаның басқаруындағы Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов атындағы әскери бөлімінде борышымызды өткергенімізді мақтан тұтамыз! Сіздер біздерді Отанымыз Тәуелсіз Қазақстанды қорғаудағы барлық қажетті нәрселерге білім мен машыққа, күн демей-түн демей үйреттіңіздер, талап еттіңіздер, Отанды шексіз сүюге тәрбиеледіңіздер! Біздер сіздерді әрқашанда аузымыздан тастамай, біздің командиріміз деп мақтанышпен айтып жүретінімізді жеткізгім келеді! Назарларыңызға рахмет!»

Шара соңында барлық жеке құрам бөлім басшылығы және қонақтармен бірге естелікке суретке түсті.

Өскемен гарнизонының баспасөз қызметі