Қазақстан шетелдік азаматтар үшін елге кіру және болу талаптарын жеңілдетуді жалғастыруда. Көші-қон заңнамасындағы өзгерістер мен туристерге арналған жаңа сервистер туралы Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің көші-қон қызметі бөлімінің мамандары мәлімдеді.
Жаңа ережелерге сәйкес, елімізге 30 тәулікке дейін келген шетелдік азаматтар үшін уақытша тіркеу талап етілмейді. Егер шетелдік 30 тәуліктен артық уақытқа келсе, уақытша тұруға рұқсат рәсімделеді. Бұл ретте шетелдік азаматтың өзі ешқайда бармайды — барлық рәсімдерді қабылдаушы тарап (жеке немесе заңды тұлға) шетелдік келген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді. Хабарлама электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы визалық-миграциялық портал арқылы беріледі. Уақтылы хабарлама берілмеген жағдайда, ӘҚБтК-нің 518-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Бүгінде 85 елдің азаматтары Қазақстанға 30 күнге дейін визасыз кіре алады. Оның ішінде 51 ел — біржақты тәртіпте, 34 ел — екіжақты келісімдер негізінде.
Шетелдік азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық қорғалуын арттыру мақсатында QR-коды бар туристік карталар енгізілді. QR-кодты сканерлеу арқылы пайдаланушы SAFETRAVEL.KZ порталына өтеді. Онда келесі мәліметтер орналастырылған: қауіпсіздік шаралары бойынша ұсынымдар; «102» мобильді қосымшасы арқылы полицияны шақыру және орналасқан орнын анықтау мүмкіндігі; байланыс операторлары, SIM-карталар, такси және өзге де сервистер туралы ақпарат.
Портал қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде қолжетімді. Қазақстанда тұрақты тұруды қалайтын шетел азаматтары тұрақты тұруға рұқсат алу үшін құжаттарын тапсырып, рұқсат алғаннан кейін Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға өтініш бере алады. Айта кету керек, биылғы жылы Шығыс Қазақстанға 8700 шетелдік азамат келген.
Көші-қон қызметінің мамандары ішкі көші-қон мәселелерін де еске салды. Егер Қазақстан азаматы басқа елдің азаматтығын алса, 30 күн ішінде Қазақстан Республикасының паспортын тапсырып, азаматтықтан шыққанын тіркеуі тиіс. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтары тұрғылықты мекенжайы бойынша міндетті түрде тіркеуге тұруы қажет.