Интернет-алаяқтық бүгінде таңқаларлық құбылыс емес. 2025 жылдың басынан бері Шығыс Қазақстан облысында осы сипаттағы 700-ден астам қылмыс тіркелген. Бұрын алаяқтардың құрбанына көбінесе зейнеткерлер айналса, қазір олар студенттерден бастап кәсіпкерлерге дейін бәрін алдап отыр.
Ақпараттық технологиялар дамыған сайын алаяқтардың әдіс-тәсілдері де күрделеніп барады. Бірақ мақсаттары бір – сіздің жеке деректеріңіз бен ақшаңызды иемдену. Ең жиі кездесетін әдістер мыналар:
Банктің қауіпсіздік қызметіненбіз деп қоңырау шалып, «күдікті әрекет» туралы айтады. Жылдам пайда әкелетін «алтын» инвестиция ұсынып, ақша құйғызады. Құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік қызметкердің атынан сөйлейді.Мессенджерлерге зиянды сілтемелер жібереді. Коммуналдық қызмет қызметкерлері болып хабарласатындары да бар.
Мұның бәрі — алдау схемалары. Ең басты ереже: жеке деректеріңізді, кодтарыңызды, құпиясөздеріңізді ешкімге айтпаңыз!
Қазіргі таңда өңірде интернет-алаяқтықпен күрес белсенді жүргізілуде. «Стоп-алаяқ» атты кең ауқымды акция өтіп жатыр. Полиция қызметкерлері үйлерді аралап, жадынамалар таратып, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мақсат — әр тұрғынды хабардар ету: сақтық — қорғанудың басты жолы.
Сонымен қатар, 4–7 тамыз аралығында республика көлемінде киберқылмыспен күреске бағытталған «Контрафакт» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде.
Облыс әкімдігі, полиция және қала билігі бірігіп, ақпараттық медиа-жоспар әзірледі. Бұл — интернет-алаяқтықтың қаупі туралы мүмкіндігінше көбірек адамға жеткізу үшін қолға алынған іс.
Өзімізді қалай қорғаймыз?
Күмәнді сілтемелерге өтпеңіз. Белгісіз сайттарға жеке деректерді енгізбеңіз.
Күдіктенсеңіз — банкке немесе полицияға тікелей хабарласыңыз.
Күрделі құпиясөз қолданыңыз және екі сатылы қорғауды қосыңыз.