ШҚО құтқарушылары су айдындарындағы қауіпсіздік туралы баяндады
Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте өңірдегі 25 шомылу орнының тек 8-і ғана су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне сәйкес жабдықталғанын мәлімдеді.
17 жағажай (Алтай ауданындағы 1 коммуналдық жағажай, Риддер қаласындағы 1 коммуналдық жағажай, Үлкен Нарын ауданындағы 1 коммуналдық жағажай, Самар ауданындағы 7 жеке жағажай, Ұлан ауданындағы 6 жеке жағажай, Зайсан ауданындағы 1 коммуналдық жағажай) қауіпсіздік талаптарына сай келмейді және тиісті түрде жабдықталмаған күйінде қалып отыр.
Облыстық мәслихат сессиясының шешімімен шомылуға тыйым салынған 74 орын мен шағын көлемді кемелерде жүзуге тыйым салынған 29 орын анықталды.
ШҚО Самар ауданында 4 стационарлық және 1 мобильді құтқару бекеті жұмыс істейді. Кезекшілік келесі орындарда ұйымдастырылған:
• Өскемен қаласы, Самал саябағы аумағында;
• Өскемен қаласы, «Голубые озера» этно-паркі аумағында;
• Күршім ауданы, Күршім ауылы;
• Алтай ауданы, «Голубой залив» аумағы;
• Самар ауданы, Новостройка ауылы, Нефтебаза учаскесі (мобильді бекет).
Су айдындарында ШҚО ТЖД, полиция департаменті, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен еріктілердің қатысуымен күнделікті патрульдеу жүргізілуде. Патрульдеу барысында халықпен, балықшылармен және демалушылармен профилактикалық әңгімелер өткізіліп, жадынамалар таратылуда. Шомылу маусымы басталғалы бері 1000-нан астам рейд өткізілді.
Су айдындарында қауіпсіздік ережелерін бұзған 32 адам ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 412-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 5 жағдайда ата-аналар балаларын қараусыз қалдырғаны үшін жауап берген.
Атқарылған шараларға қарамастан, шомылу маусымы басталғалы 4 адам суға батып кетті, оның ішінде 2 жасөспірім. Сонымен қатар, 13 адам құтқарылды, олардың 6-ы – бала. Құтқарылғандардың 4-і – жабдықталған жағажайлардан, ал 9-ы – жабдықталмаған орындардан (оның ішінде 6 бала).
Брифинг барысында ҚР ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсету бойынша мастер-класс өткізді.
ШҚО ТЖД демалушыларға келесі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады:
• Жүзу үшін тек жабдықталған жағажайларды таңдаңыз;
• Су қоймаларында алкогольдік ішімдіктер ішпеңіз;
• Қайық, кеме, катамаран, скутер секілді жүзу құралдарын пайдаланғанда қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтаңыз;
• Жүзуге шықпас бұрын міндетті түрде құтқару кеудешесін киіңіз;
• Кемелерден, катамарандардан және қайықтардан суға сүңгуге тыйым салынады;
• Жүзу құралдарын рұқсат етілген салмақтан артық жүктемеуге болмайды.
ШҚО ТЖД азаматтарды сақ болуға шақырады: су қателікті кешірмейді.
Төтенше жағдай орын алған жағдайда 112 нөміріне қоңырау шалыңыз.