ШҚО-да үлестік құрылыс кезінде заң бұзушылықтар анықталды

ШҚО-да үлестік құрылыс кезінде заң бұзушылықтар анықталды

ШҚО-да үлестік құрылыс кезінде заң бұзушылықтар анықталды

Шығыс Қазақстан облысында жекеменшік инвестициялар есебінен көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы белсенді түрде жалғасуда. Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы заңнаманың сақталуын тұрақты түрде бақылап келеді. Бұл туралы ШҚО бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы басшысы орынбасарының м.а. Әлішер Кенжеқанов Өңірлік коммуникациялар алаңында баяндады.

Басқармасының мәліметінше, өткен жылдың желтоқсанында және биылғы жылдың қаңтарында «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңды бұзғаны үшін 7 құрылыс компаниясы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Заң бұзушылықтар 8 нысан бойынша анықталды.

Атап айтқанда, келесі тұрғын үй кешендерінде заң бұзушылықтар тіркелген:
• «Dala SK Group» ЖШС – «Ray Residense» ТҮК бойынша;
• «Elit Stroy Group» ЖШС – «Park Line» ТҮК бойынша;
• «Elit Stroy Group» ЖШС – «Renesans 3» ТҮК бойынша;
• «Baiterek Invest» ЖШС – «Tumar Towers» ТҮК бойынша;
• «Cronus Stroy» ЖШС – «Viva Park» ТҮК бойынша;
• «Royal Finance Group» ЖШС – «Cristal» ТҮК бойынша;
• «MRS Company» ЖШС – «Grand Residense» ТҮК бойынша;
• «Премиум Строй НС» ЖШС – «MUZTAU» ТҮК бойынша.

Мамандардың айтуынша, кей жағдайларда үлескерлермен жасалатын келісімшарттар «брондау шарты» немесе «пәтерді брондау» түрінде рәсімделіп, бұл да заң бұзушылық болып саналады.

Заң бойынша, үлескерлердің қаражатын тарту тек мынадай үш заңды тәсілмен жүзеге асырылуы тиіс:
1. Бірыңғай оператордың (Қазақстандық тұрғын үй компаниясы АҚ) кепілдігі болған жағдайда;
2. Екінші деңгейлі банк арқылы жоба жүзеге асырылса;
3. Көппәтерлі тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін ғана қаражат тартуға рұқсат етіледі.

Бұдан тыс кез келген қаражат тарту тәсілдері — заңсыз.

Бүгінде Қазақстандық тұрғын үй компаниясының порталындағы деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысында тек екі нысан ғана ресми кепілдікке ие. Олар – «ЖАНЫМ» тұрғын үй кешенінің А және Б блоктары және «Diamond» ТҮК. Ал жергілікті атқарушы органнан рұқсат тек «Tumar Towers Oskemen» тұрғын үй кешеніне берілген.

ШҚО Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тұрғындарды жаңа үйлерден пәтер сатып аларда сақ болуға және құрылыс нысандарының заңдылығын міндетті түрде тексеруге шақырады. Басқарма бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.