Соңғы жылдары қамыстың жану мәселесі өзекті бола түсуде. «Неге қамысты толықтай шауып тастамаймыз?» деген сұрақ туындайды. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Қамыс — табиғи сүзгі рөлін атқарады.
Қамыс өзендер мен теңіздің толық кеуіп кетуінің алдын алу үшін қажет. Біз, эколог-ғалымдар, Каспий теңізіндегі су деңгейінің тұрақты түрде төмендеп жатқанын бақылап отырмыз. Кейбір мамандардың болжамы бойынша, болашақта су деңгейі 20 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Бұдан тек Атырау облысы емес, сонымен қатар Маңғыстау облысы да зардап шегеді. Біріншіден, су буланып, азаяды. Екіншіден, Каспийге құятын өзендер тайызданып барады. Олардың басым бөлігі Ресейден бастау алатындықтан, халықаралық келісімдерді реттеу қажет. Сонымен қатар, Еділ (Волга) өзенінде жасанды су қоймаларының көптеп салынуы судың табиғи ағуына кедергі келтіруде. Ел ішінде Жайық өзенінің суын тиімді пайдалану да маңызды. Егер бүкіл суару жұмыстарына пайдаланылса, теңізге жетпей қалады. Бұл Каспийдің шегінуін жеделдетіп, жағалауда оңай тұтанатын қамыс қалдықтарын қалдырады.
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің экология кафедрасының меңгерушісі Мәнсия Есенаманова