Өскеменде бас, мойын және қуық асты безі обырын ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтеді

Өскеменде бас, мойын және қуық асты безі обырын ерте анықтауға арналған Ашық есік күні өтеді

21 маусым күні сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін Шығыс Қазақстан облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығында бас пен мойын ісіктері туралы Республикалық ақпараттандыру апталығына орай Ашық есік күні өтеді. Бұл туралы ШҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айнаш Қапанова Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте хабарлады.

Аталған күні аймақ тұрғындары терапевттің жолдамасынсыз және МӘМС (міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру) жүйесіне қатысқанына қарамастан орталықтың жетекші мамандарынан тегін кеңес ала алады. Тек жеке куәлікті алып келу жеткілікті.

Онкологтар ескертеді: бас пен мойын обыры дүние жүзінде таралуы бойынша алтыншы орында тұр және жыл сайын 700 мыңнан астам адамның өмірін қияды. Тек 2025 жылдың алғашқы бес айында ШҚО-да осы топтағы 76 жаңа жағдай анықталған. Олардың үштен бірі ерте сатысында анықталған, бұл – емдеудің тиімді болуына үлкен мүмкіндік.

Сондай-ақ қуық асты безі обырына шалдығу жағдайларының артуы да алаңдаушылық туғызуда. Бұл – 50 жастан асқан ер адамдар арасында кең таралған онкологиялық ауру. Қазіргі таңда бұл диагноз облыс бойынша 940 адамға қойылған, бұл ШҚО-ны еліміздегі ең жоғары көрсеткішке ие өңірлердің қатарына қосады.

Ашық есік күні аясында дәрігерлер ауыз қуысы, бас пен мойын терісі және қалқанша безді визуалды қарап тексереді, онкологиялық аурулардың алдын алу бойынша кеңес береді заманауи диагностикалық және емдеу әдістері туралы мәліметпен бөліседі. Атап айтқанда, Орталықта мойынға кесік жасамайтын, ерекше эндоскопиялық әдіспен қалқанша безіне операция жасалады.

Мамандардың айтуынша, уақытылы тексеріліп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау – өмірді сақтап қалудың кілті. Ашық есік күні – тез, тегін және артық құжатсыз кеңес алу мүмкіндігі.