Өскемен қаласында Сол жағалау кәріз тазарту құрылыстарын жаңғырту және заманауи қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу жоспарлануда. Осыған орай, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Қытайдың экологиялық шешімдер саласындағы халықаралық көшбасшыларының бірі – CITIC Environment Investment Group компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Аймақ басшысының айтуынша, ҚХР компаниясымен әріптестік инфрақұрылымды жаңғыртуға, қалдықтарды басқару саласына заманауи технологияларды енгізуге және табиғатты ұтымды пайдалану моделін қалыптастыруға тың мүмкіндіктер ашады.
«Алдағы уақытта бұл ынтымақтастық тазарту нысандарын жаңғыртуға, қалдықтарды басқару бойынша жаңа технологияларды енгізуге және табиғатты тиімді пайдалану үлгілерін жүзеге асыруға бағытталады», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Келісім аясындағы алғашқы қадам ретінде Өскемен қаласында Сол жағалау КОС-ты (кәріз тазарту құрылыстарын) қайта жаңғырту және қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салу бойынша пилоттық жоба іске асырылады.
Аталған жоба өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырып, қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға және Шығыс Қазақстанда «жасыл» бастамаларды одан әрі дамытуға негіз болады деп күтілуде.