
27 қаңтар 2026 жылы Дүниежүзілік сайлау күніне орай Марқакөл ауданының аумақтық сайлау комиссиясының қызметкерлері «Қазақстан Республикасының ішкі істер министрлігі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті Марқакөл ауданының полиция бөлімі» ММ-нің қызметкерлерімен «Таңдау және сайлану конституциялық құқығы» атты кездесу өткізді. Шараның негізгі мақсаты – азаматтардың сайлау процесіне деген құқықтық сауаттылығын арттыру, заңдылық пен қоғамдық тәртіптің маңыздылығын түсіндіру, сондай-ақ әлеуметтік қолдауға мұқтаж топтармен тиімді өзара іс-қимылды нығайту болды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері сайлау кезінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында атқарылатын жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, сайлау науқаны кезінде заң талаптарын сақтау, азаматтардың еркін таңдау жасауына еш кедергі келтірмеу – құқық қорғау органдарының басты міндеті екені атап өтілді.
Әлеуметтік қызметкерлер өз кезегінде халықтың осал топтарымен жұмыс жүргізу, олардың сайлау құқығын жүзеге асыруына жағдай жасау, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар өзара тәжірибе бөлісіп, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Мұндай бірлескен іс-шаралар мемлекеттік органдар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, қоғамда сайлау мәдениетін қалыптастыруға үлкен үлес қосатыны айтылды.
Шара соңында Марқакөл ауданының полиция бөлімінің ұжымы жауапкершілігі мен ынтымақтастығы үшін алғыс хатпен марапатталды.