Басқарма басшысы Әсет Сүлейменовтің Altai телеарнасында Тікелей эфир кезінде өңірдегі әлеуметтік сала нысандарының құрылысына ерекше көңіл бөлінді. Өткен жылы облыс пен республика үшін маңызды Семей қаласындағы радиологиялық орталықты іске асыру аяқталды. Жоба емдеу мен диагностиканың радиоизотопты әдісін қолдана отырып, қазіргі заманғы тиімділігі жоғары диагностикалық және терапиялық емшаралар жүргізуді, ерте диагностика жүргізу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
"Өскемен қаласында гематология орталығының құрылысы басталды. Айта кету керек, бұл орталықтың құрылысы республикада теңдесі жоқ, бұл жобада барлық халықаралық талаптар ескерілген. "B&A Contractor SA" ҚҚҚ мердігерлік ұйымының халықаралық құрылыс тәжірибесі бар. Нұр-сұлтан қаласында аталған компания "Астана Опера", "Барыс Арена", "Велотрэк", "ана мен бала орталығы", "Қазақ драма театры"сияқты көптеген ірі және айтулы жобаларды іске асырды. Бұл жобаны 2022 жылы аяқтауды жоспарлап отырмыз. Болашақта Орталық "гематологияның, соматикалық аурулардың және кардиохирургияның негізгі бейіндері бар 146 төсек-орынға арналған жоғары технологиялық көпсалалы медициналық орталық" ретінде жұмыс істейтін болады", - деді ведомство басшысы.
Облыс бойынша 2020 жылы барлығы 20 әлеуметтік нысан пайдалануға берілді, олар аудандар мен қалаларда халықтың игілігі үшін жұмыс істеуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы әлеуметтік саланың 31 объектісін іске асыру басталады, оның ішінде 16 спорт нысаны және өңір басшысының бұрынғы аудан орталықтарында құрылыс жүргізу жөніндегі тапсырмасына ерекше назар аударылатын болады. Әрбір жоба бойынша құрылыс басталғанға дейін орындылығына талдау жүргізілді.
"Үш ауысымды және апатты мектептердің проблемаларын шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Семей қаласында 1500 орындық және Риддер қаласында 600 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілуде. 2200 орындық 4 мектепті жобалау аяқталуда. Мақсаты-халықтың өсуін ескере отырып, оқушы орындарының тапшылығын азайту. Жалпы, әлеуметтік сала нысандарының құрылысы біз үшін басым болып табылады", - деп атап өтті Әсет Сүлейменов..