АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА Бірлескен зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтарын басқару тәсілі ретінде

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА   Бірлескен зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтарын басқару тәсілі ретінде

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 Бірлескен зейнетақы аннуитеті зейнетақы жинақтарын басқару тәсілі ретінде

             2023 жылғы 14 наурызда БЖЗҚ филиалдарында кезекті Ашық есік күні мәресіне жетті. Дәстүрге айналған іс-шара үнемі жаңаша сипатта өтеді. БЖЗҚ мамандары ең өзекті тақырыптарды және ақпарат берудің қолжетімді нысанын таңдайды. Бұл жолы республика бойынша өткізілген іс-шараның онлайн-трансляциясына жинақтаушы зейнетақы жүйесінің тағы бір өнімі – зейнетақы аннуитеті және оның жаңа нысаны – бірлескен (немесе отбасылық) аннуитет туралы көбірек білгісі келетіндердің барлығы қосылды.   Өзінің мазмұны бойынша зейнетақы аннуитеті – бұл БЖЗҚ-дан төленетін зейнетақы төлемдерімен қатар еңбек қызметі аяқталғаннан кейін Қордан жасына байланысты зейнетақы төлемі және Мемлекеттік зейнетақы төлемі сияқты кіріс көздерімен қатар, басқа да кіріс көздері болмауы мүмкін жағдайларда болашақтағы қажеттіліктерді өтеуге арналған зейнетақымен қамсыздандыру құралы.  Салымшы (алушы) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқан кезде оның зейнетақы жинақтары БЖЗҚ-дан таңдалған сақтандыру ұйымына зейнетақы заңнамасында көзделген тәртіппен аударылады.   ҚР "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сақтандыру нарығын және бағалы қағаздар нарығын, банк қызметін реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2022 жылғы 12 шілдедегі № 138-VII Заңымен зейнетақы заңнамасына 12.09.2022 жылдан бастап күшіне енген, салымшыларға (алушыларға) жұбайларымен немесе жақын туыстарымен бірге зейнетақы аннуитеті шартын жасауға мүмкіндік беретін өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.  Бірлескен аннуитет – бұл "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес ерлі-зайыпты немесе жақын туыс болып табылатын екі сақтанушының (сақтандырылушының) бір мезгілде зейнетақы аннуитеті шартына қатысуын білдіретін өнім.  Бірлескен аннуитеттің кәдімгі зейнетақы аннуитетінен айырмашылығы – ол бір отбасы мүшелерінің зейнетақы жинақтарын біріктіруге және зейнетақы аннуитеті шарты бойынша кірістерді қайта бөлуге мүмкіндік береді.  Халықаралық тәжірибеге сәйкес жеке және бірлескен зейнетақы аннуитеттері өмірлік төлемдер арқылы зейнетақыны жоспарлаудың қаржылық құралы болып табылады.  Осылайша, қазір  елімізде де зейнетақы жинақтарын сақтандыру ұйымына аударуға құқығы бар салымшылар (алушылар) өз мақсаттары мен қажеттіліктеріне қарай аннуитеттің екі түрінің бірін таңдай алады.

Бірлескен аннуитеттің мақсаты – зейнетақы аннуитетінің қолжетімділігін қамтамасыз ету, оның ішінде сақтандыру ұйымдарынан өмір бойы сақтандыру төлемдерін қамтамасыз ету арқылы әйелдердің төмен мөлшердегі зейнетақыларының гендерлік мәселесін ішінара шешу.  Іс-шараға қатысушылар бірлескен зейнетақы аннуитетін сатып алу шарттары, оның құқықтары, зейнетақы төлемдерін алу ерекшеліктері туралы сұрақтарға жауаптар мен әртүрлі сценарийлерде осы өнім бойынша жеке есептеулерге қатысты кеңестер алды.   Ашық есік күнін өткізу кезінде зейнетақы жинақтары салымшының (алушының) меншігі екені және азаматтарға заңнамалық түрде олардың мақсаттары мен қажеттіліктеріне қарай зейнетақы төлемдерін алу нұсқасын таңдау мүмкіндігі берілетіні бірнеше рет атап өтілді. Және бұл мүмкіндіктер үнемі жаңартылып, кеңейтіліп келеді. Мысалы, өткен жылдан бастап зейнетақы аннуитеті шарты бар қазақстандықтар шартқа отырған күннен бастап екі жыл уақыт өткен соң сақтандыру ұйымына зейнетақы аннуитеті шартының талаптарын сақтандыру төлемдерінің мөлшерін азайту және ақшаны БЖЗҚ-ға қайтару бойынша өзгерту туралы  өтінішпен жүгінуге құқылы. БЖЗҚ филиалдарының мамандары мұндай аударым алгоритмі туралы да жан-жақты түсіндіріп өтті.   

Бұдан басқа, БЖЗҚ филиалдарының жауапты қызметкерлері іс-шараға қатысушылардың барлық сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, салымшылар (алушылар) жинақтаушы зейнетақы жүйесінің мәселелері бойынша БЖЗҚ филиалдарында да, enpf.kz сайтында да онлайн режимінде, мессенджерлерде және әлеуметтік желілерде немесе 1418 телефоны бойынша әрдайым кеңес ала алады.

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).