Мәдениет, спорт саласы қызметкерлерімен  кездесу

Мәдениет, спорт саласы қызметкерлерімен  кездесу

2021 жылдың  18 қарашасы күні  Күршім аудандық кітапханасының кітапханашылары  Р.Кенжеханова,  Г.Жакупова Қ.Тұрар  атындағы мәдениет үйінің кіші залында «Парасат жолы» жобасы аясында парасаттылық қағидатын қалыптастыру бойынша, мәдениет және спорт қайраткерлерінің  ұшан теңіз еңбектерін оқырмандарға насихаттау  мақсатында  «Мәдениет пен спорт егіз ұғым» атты кездесу кешін өткізді.

Мәдени шараға ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі басшысының орынбасары С.А.Дуйсенғазин, ардагер ұстаз, білім  саласының «Құрметті қызметкері» Г.Қ. Кожахметова қатысты.

Кештің құрметті қонақтары Күршім ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасының журналистер одағының мүшесі, облыстық «Дидар» газетінің меншікті тілшісі, ақындығын республика жұртшылығы тегіс мойындаған белгілі айтыскер ақын әрі поэзия, проза жанырында  алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан қаламы құтты қаламгер, «Өткен жоқ өмір бекерге», «Қалдырған ізі- мәңгілік», «Бір үзік сыр», «Төртінші мүшел», «Қалжыңға қалай қарайсыз?»  «Әзілдесіп отырайық» атты кітаптардың авторы Х.Қ. Зәкәрия және  Күршім ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, «Қазақстан Республикасының Еңбегі сіңген жаттықтырушы». ҚР тәуелсіздігінің 10-жылдығы және 25- жылдығы медальінің иегері Ә.Ө. Баймұхамбетов болды.

Кеш барысында қаламгер Х.Зәкәрия өз өмір жолын,  мектептегі қызықты сәттерінен  сыр шертіп шығармашылығы  жайлы баяндап, өзінің  шоқтығы биік өлеңдерін оқып берді.   Сонымен қатар бүкіл қазаққа танымал болып, айтулы туындыға айналған әндері мен орындаушылары туралы, әндерінің шығу тарихы туралы да сыр шертіп,  қазіргі жастар бойындағы  парасаттылық, адалдық қасиеттерін қалыптастыру  туралы пікірлерімен бөлісті.

Спорт ардагері Ә.Баймұхамбетов жастарға өз салалары бойынша қалай жетістікке жеткендері жөнінде ой өрбітіп, мақсатқа жету жолындағы қиындықтары мен қуаныштарымен бөлісті. Өзі баптаған шәкірттерінің жеткен жетістіктерін айтып өтті.  Қазіргі заманда белен алып тұрған сыбайлас жемқорлық сұрақтарын қозғап, қатысушыларға  осындай әрекетке бару қаншалықты зиян екенін қонақтарға түсіндіріп өтті.

Шараға қатысушы оқырмандар көкейкесті сұрақтарын қойып, өзара ой бөлісті. Жиналған қауым «Спорт – денсаулық кепілі», «Түлеген өңір тынысы» атты ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты. Тақырыпқа сай слайд көрсетіліп,  бейнебаян тамашалады.