Жазғы сауықтыру ұйымдарының, санаториялық-курорттық мекемелердің, базалар мен демалыс орындарының басшыларын кене энцефалитінің тасымалдаушысымен күрес жүргізу қажеттілігі туралы ақпараттандыру
Көктем, жаз мезгілдерінде кене сияқты «қансорғыштың олжасы» болу мүмкін екендігін естен шығармау керек, өйткені олар адамның денесіне қадалып, қанын сорғанда кене энцефалиті, иксодтық кене боррелиозы (Лайм боррелиозы), кене риккетсиозы және басқа да жұқпалы аурулардың қоздырғыштарын жұқтырады. Соның ішінде ең қауіптісі кене энцефалиті болып табылады.
Кене энцефалиті – жіті, табиғи ошақтық, кене арқылы таралатын жұқпалы ауру. Науқастың орталық жүйке жүйесi зақымдалады, сал ауруына шалдығып, мүгедектікке ұшырайды, асқынған жағдайларда адам өліп те кетуі мүмкін.
Айта кетейік, кене энцефалитінің табиғи ошағы Шығыс Қазақстан облысының 9 аумағын қамтиды. Олар: Алтай, Глубокое, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті (Самар аумағы), Ұлан, Шемонаиха аудандары мен Риддер және Өскемен қалаларының маңы.
Кене энцефалиті аурушаңдығының алдын алудағы тиімді шаралардың бірі, ол кене жұқпаларының таратушысы - иксодтық кенелермен күрес болып табылатынын ескертеміз. Сондықтан ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті кене энцефалиті бойынша табиғи ошақтарда орналасқан барлық санаториялық-курорттық мекемелердің, жазғы сауықтыру ұйымдарының, базалар мен демалыс орындарының, сондай-ақ, табиғи ошақтарда жұмыс істейтін ведомстволардың, ұйымдар мен мекемелердің басшыларына Денсаулық сақтау министрінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі №175 бұйрығымен бекітілген Санитариялық ереженің талаптарын орындау қажеттілігі туралы хабардар етеді:
- кене энцефалиті бойынша табиғи ошақтарда жұмыс істейтін жұмысшыларды арнайы қорғаныш киімімен, репеленттермен және басқа да жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету;
- жұмысшылар арасында кене энцефалитінің алдын алу мәселелері бойынша нұсқаулар жүргізу;
- кенеге қарсы өңдеу жұмыстарын көктем басталуымен жүргізу;
- объектінің аумағында және радиусы кемінде жүз метр айналасында тазалау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу;
- аумақтағы ағаштарды санитарлық кесу, қураған бұтақтар мен ағаштардан тұрмыстық, құрылыстық және өсімдік қалдықтарынан тазарту, шөпті шабу, үйлерге, су жағасына, спорт алаңына баратын жолдарды кеңейтіп, тазалау;
- маусым бойы объектіні таза ұстау;
- туристік бағыт болған жағдайда жолдың екі шетіне кемінде елу метр қашықтықта тазалау және кенеге қарсы өңдеу жұмыстырын жүргізу;
- объект аумағына үй жануарларын кіргізбеу;
- дератизация жұмыстарын жүргізу;
ҚҰРМЕТТІ ҰЙЫМ БАСШЫЛАРЫ!
ШҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен оның аумақтық бөлімшелерінің мамандары сіздердің өтініштеріңіз бойынша кенеге қарсы жүргізілген іс-шаралардың сапасы мен тиімділігіне бақылау жүргізе алатындығы туралы хабардар етеді.
ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН!
Кенеге қарсы дер кезінде жүргізілген іс-шаралар сіздерді және демалушыларды кене энцефалитінен қорғайды!