Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін кім пайдалана алады?
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына сәйкес мақсатты пайдалану құқығына:
1) олардың зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы жинағының белгіленген ең аз жеткіліктілік шегінен асып түсуі керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы мен уәкілетті оператордан электрондық хабарлама алған күнге Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен Зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне сәйкес есептелген зейнетақы жинақтарының ең төмен жеткіліктілік шегі арасындағы айырма сомасынан аспауы тиіс;
2) зейнетақы мөлшері алушының Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленетін 40 пайыздан төмен емес деңгейдегі орташа айлық табысын алмастыру коэффициентін қамтамасыз ете алуы керек.
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі уәкілетті оператордан бастапқы электрондық хабарламаны алған күнге салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен зейнетақы жинақтары мөлшерінің 50 пайызынан аспауға тиіс;
3) сақтандыру ұйымымен зейнетақы аннуитеті шартын жасасқандар;
Бұл ретте біржолғы зейнетақы төлемі салымшының (алушының) жеке зейнетақы шотындағы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен жинақталған зейнетақы жинағының мөлшерінен аспауы қажет.
Мерзімінен бұрын алуды қандай шекте жүзеге асыруға болады?
Мерзімінен бұрын алуды МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарының (ЗЖ) сомасы жеткіліктіліктің ең төменгі шегінен асатын салымшылар – МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған ЗЖ-ның нақты сомасы мен уәкілетті органға (бұдан әрі – УО) берген өтініште көрсетілген жеке табыс салығын (бұдан әрі – ЖТС) ұстап қалу тәсіліне байланысты ЖТС ескерілген ЗЖ-ның ең аз жеткіліктілік шегі арасындағы айырма шегінде қолдана алады.
Зейнетақы мөлшері немесе зейнетақы сомасы не ай сайынғы қамтылым мөлшері алушының орташа айлық кірісін ауыстыру коэффициентін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленген 40 пайыздан төмен емес деңгейде қамсыздандыра алатын алушылар (зейнеткерлер) – УО берген өтініште көрсетілген ЖТС ұстау тәсіліне қарай ЖТС ескерілген МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинағының 50 пайызы шегінде жүзеге асырса болады.
Сақтандыру ұйымымен сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру туралы зейнетақы аннуитеті шартын жасағандар – ЖТС ұстау тәсіліне қарай жеке табыс салығын ескере отырып, ЖЗШ-дағы зейнетақы жинағы қалдығы шегінде пайдалана алады.
Менің мерзімінен бұрын алуға құқығым бар-жоғын қалай білуге болады?
Оны қолжетімді болуы үшін салымшыға электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ-ны egov.kz порталынан қашықтықтан алуға болады) немесе БЖЗҚ дерекқорында тіркелген ЖСН мен пароль қажет болатын enpf.kz сайтындағы жеке кабинет немесе ұялы қосымша арқылы білуге болады.
Бұл ретте салымшы МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында алуға болатын зейнетақы жинақтарының сомасын бірден көре алады. ЖТС төлеу тәсілін салымшы дербес таңдайды және ол уәкілетті операторға беретін өтініште көрсетіледі.
ЖТС төлеудің екі тәсілі қарастырылған:
- салымшы зейнетақы жасына жеткен кезде «БЖЗҚ» АҚ белгілеген зейнетақы төлемдері кестесіне сәйкес ай сайын тең үлестермен төлеу арқылы кейінге қалдыра отырып ЖТС ұстап қалу не
- тұрғын үй жағдайын жақсарту және (немесе) емделу ақысын төлеу мақсатында біржолғы зейнетақы төлемі кезінде жеке табыс салығын толық көлемде бір мезгілде ұстап қалу.
Зейнетақы жинақтарын пайдалану алгоритмі қандай?
Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану құқығын іске асыру үшін азаматтар, ең алдымен, өз жинақтарын тексеріп, олардың ЖЗШ-сында жеткіліктілік шегінен асатын қажетті соманың бар екеніне көз жеткізуі тиіс.
БЖЗҚ Қордың сайты немесе ұялы қосымшасы арқылы үзінді көшірме алудың қолжетімді және жедел тәсілдерін ұсынады.
Зейнетақы жинақтарын мақсатты алу туралы шешім қабылдағандар тұрғын үй сатып алу және емделу мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға жүгіне алады. Уәкілетті оператор өтінішті және өтініш беруші ұсынған барлық қажетті құжаттарды тексеріп қарайды.
Қолданыстағы тұрғын үйді ағымдағы жөндеу емес, тек сатып алынатын тұрғын үйді жөндеу көзделгенін атап өту қажет.
Уәкілетті оператордан хабарлама алғаннан кейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын салымшылардың уәкілетті операторда ашылған арнайы шоттарына есептеу үшін аударуды жүзеге асырады.
Зейнетақы жинақтарын қандай мақсаттарға пайдалануға болады?
Алынған зейнетақы жинақтарын сатып алу құқығы берілетін жалдау шартын немесе тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шартты ресімдеу жолымен тұрғын үй сатып алу үшін пайдалануға бола ма?
Зейнетақы жинағын бұрын алған заемды қайта қаржыландыруға пайдалана аламын ба?
Бір отбасы мүшелері алынған жинақтарын бір мақсат үшін біріктіре ала ма? Мысалы, тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе тұрғын үй сатып алу үшін?
Егер отбасының пәтері болса, тағы бір тұрғын үй сатып алуға бола ма?
Осы сұрақтарды уәкілетті операторға жолдау ұсынылады.
Зейнетақы жинақтарын тұрғын үйге және емделуге пайдалану мүмкіндігін іске асыру үшін қайда жүгіну керек? Бұл жағдайда «Уәкілетті оператор» кім?
Зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану туралы шешім қабылдай отырып, салымшы (алушы) уәкілетті операторға жүгінуі тиіс. Екінші деңгейдегі банктер уәкілетті оператор бола алады. Өтінішті салымшы таңдаған уәкілетті оператордың веб-сайты арқылы немесе оның кеңсесіне барып беруге болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған уәкілетті операторлардың бірі – Отбасы Банкі. Ол тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу мақсатында БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдері үшін арнайы шоттар ашуды және жүргізуді жүзеге асырады. Ол шоттарға БЖЗҚ электрондық хабарлама түрінде келіп түскен өтініш бойынша міндетті зейнетақы жарналары және (немесе) міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптастырылған зейнетақы жинақтарынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аударуды жүзеге асырады.
Уәкілетті оператор алушылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатты пайдалануын тексеруді жүзеге асырады. Уәкілетті оператордың арнайы шотқа аударылған біржолғы зейнетақы төлемдерін Қағидаларда көзделген мақсаттарға аударуға байланысты қызметтері уәкілетті оператордың ішкі құжаттарына сәйкес алушылардың қаражаты есебінен төленеді.
Алушылардың біржолғы зейнетақы төлемдерін алуға байланысты құқықтары мен міндеттері, сондай-ақ біржолғы зейнетақы төлемдерін мақсатсыз пайдаланғаны, «Тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларының» талаптарын бұзғаны үшін жауаптылығы уәкілетті оператор мен алушылар арасындағы тұрғын үй жағдайларын жақсарту мақсаттарына арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану туралы келісімде айқындалады.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын орындау бойынша БЖЗҚ-ның қандай функциялары бар?
БЖЗҚ-ның негізгі міндеттері – жарналардың, қаржы құралдарының, инвестициялық табыстың нақты есебін жүргізу, салымшыларға олардың жинақтары туралы ақпарат беру, зейнетақы қызметтерін көрсету, зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру.
БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы жүйесінің барлық ақпараттық және қаржылық ағындарының бірыңғай есеп орталығы және операторы болғандықтан, ол мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, кастодиан банктермен, инвестициялық басқарушылармен және сақтандыру компанияларымен, салымшылармен өзара іс-қимылда осы процестердің техникалық, ұйымдастырушылық, ақпараттық аспектілерін қамтамасыз ете отырып, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыруға белсенді түрде қатысады.
Мерзімінен бұрын пайдалану сомаларына салық салына ма?
Зейнетақы жарналарын аударған кезде оларға жеке табыс салығы салынбайтындықтан, зейнетақы төлемдеріне ЖТС салынуға тиіс.
Бұл ретте салымшы төлемді жүзеге асыру кезінде жеке табыс салығын төлеу бойынша таңдау құқығына ие бола алады: ЖТС төлеуді кейінге қалдыруды пайдалануға не тұрғын үй жағдайларын жақсарту және (немесе) емделуге ақы төлеу үшін БЖЗҚ-дан төленетін біржолғы зейнетақы төлемдерін алған кезінде жеке табыс салығын толық көлемде өтеуге болады.
Бұл ретте салық шегерімдері бар болса және оларды пайдалануға құқықтары болған кезде ғана қолданылады.
Зейнетақы жинақтарын пайдалануға қандай жағдайларда рұқсат берілмеуі мүмкін?
Уәкілетті оператордан (бұдан әрі – УО) салымшының өтініші қабылданғаны туралы электрондық хабарлама келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде бас тарту себебін көрсете отырып, мынадай жағдайларда біржолғы зейнетақы төлемдерін аударудан бас тартылуы мүмкін:
- мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде (АЖ) салымшының (алушының) жеке куәлігінің жарамсыздығы және (немесе) оның қайтыс болғандығы туралы мәліметтердің болуы;
- салымшының (алушының) БЖЗҚ-да ЗЖ болмауы;
- салымшының (алушының) мерзімінен бұрын пайдалануға құқығы болмауы, яғни:
салымшының (алушының) МЗЖ және (немесе) МКЗЖ есебінен қалыптастырған ЗЖ сомасы УО-дан электрондық хабарлама алған күні «Зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегін айқындау әдістемесіне» сәйкес зейнетақы жинақтарының ең аз жеткіліктілік шегінен аспайды;
жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алушының зейнетақы төлемдерінің мөлшері жиынтығында «Зейнетақы төлемдерін алушының орташа айлық кірісінің орнын толтыру коэффициентін айқындау әдістемесіне» сәйкес алушының орташа айлық кірісінің орнын ауыстыру коэффициентін 40 пайыздан төмен емес деңгейде қамтамасыз ете алмайды.
Мерзімінен бұрын алу құқығын қанша салымшы және қандай сомада пайдалана алады?
БЖЗҚ деректеріне сай 2020 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша 761 мыңнан астам адам мерзімінен бұрын пайдалану құқығын қолдана алады, олардың шоттарында 2,4 трлн теңгеден астам қаражат бар.
Зейнетақы жинақтарын медициналық қызметтердің қандай түрлеріне пайдалануға болады?
Біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен төленетін медициналық қызметтер түрлерінің тізбесі «Емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерін пайдалану қағидаларында» айқындалады. Пайдалану мүмкіндігі туралы шешімді өтініш берушінің жүгінген жері бойынша медициналық ұйымдағы дәрігерлік комиссия қабылдайды.
Тұтастай алғанда, емделуге қатысты мәселелерді Денсаулық сақтау министрлігіне және зейнетақы жинақтарын емделуге пайдалану мәселелері жөніндегі уәкілетті операторға жолдау қажет.
Жеткіліктілік шегін есептеу кезінде инвестициялық табыс пайдаланыла ма? Төлемдер алдымен инвестициялық кіріс сомасынан ба әлде жарналар сомасынан жасала ма?
Жеткіліктілік шегін есептеу кезінде зейнетақы жарналары мен инвестициялық кірістен қалыптасатын зейнетақы жинақтарының барлық сомасы ескерілетін болады. Сондықтан төлемдер инвестициялық табысты ескере отырып, жинақтардың жалпы сомасынан пропорционалды түрде жүргізілетін болады.