Қазақстан Республикасының «Тіл туралы» Заңының 21-бабына сәйкес, туризм нысандарында (қонақ үйлер, демалыс базалары, жағажайлар, туристік орындар және басқа да қызмет көрсету объектілері) ақпаратты орналастыру талаптары сақталуы тиіс.
1) Визуалды ақпарат (сыртқы және ішкі рәсімдеу):
- барлық көрнекі ақпарат (маңдайшалар, көрсеткіштер, жарнамалар, ақпараттық тақталар) мемлекеттік және орыс тілдерінде берілуі қажет;
- мәтіндердің орналасу тәртібі: сол жақта немесе жоғарыда – мемлекеттік тілде, оң жақта немесе төменде – орыс тілінде;
- екі тілдегі мәтіндер мазмұны жағынан бірдей болуы тиіс;
- қаріп өлшемдері бірдей болуы қажет;
- орфографиялық, грамматикалық және стилистикалық қателерге жол берілмеуі тиіс.
2) Тауарлар мен қызметтер туралы ақпараттық сүйемелдеу:
- баға белгілері, мәзірлер және прейскуранттар мемлекеттік және орыс тілдерінде ұсынылуы тиіс;
- тауардың атауы мен негізгі сипаттамалары екі тілде көрсетілуі қажет;
- қоғамдық тамақтану орындарында мәзір міндетті түрде екі тілде рәсімделуі тиіс (туристік аймақтарда ағылшын тілін қосымша қолдану ұсынылады);
- тұтынушы бұрышы (лицензиялар, ережелер, бақылаушы органдардың байланыс деректері) екі тілде рәсімделуі тиіс.
3) Қызмет көрсету стандарттары («Бірінші байланыс» қағидаты):
- қызмет көрсетуші персонал тұтынушыға алдымен мемлекеттік тілде жүгінуі тиіс;
- қажет болған жағдайда қызмет көрсету орыс тілінде жалғастырылады;
- қызметкерлердің сөйлеу мәдениеті мен іскерлік этикасы сақталуы қажет;
- тұтынушылармен сыпайы, түсінікті және сапалы коммуникация қамтамасыз етілуі тиіс.
4) Цифрлық формат және құжаттама:
- электрондық чектер мен шоттарда ақпарат мемлекеттік және орыс тілдерінде көрсетілуі үшін кассалық аппараттар мен POS-терминалдар тиісті түрде бапталуы қажет;
- жария оферталар, келісімшарттар, лоялдылық бағдарламаларының ережелері және клиенттік сауалнамалар екі тілде қолжетімді болуы тиіс;
- әлеуметтік желілер мен сайттарда ақпаратты екі тілде жүргізу ұсынылады (жазбаларды дубляждау немесе аударма функцияларын пайдалану);
- атқарылған жұмыстар туралы есепті белгіленген мерзімде ұсыну қажет.
Осы талаптарды сақтау туристерге қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және заң талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Осыған байланысты, туризм саласындағы барлық кәсіпкерлік субъектілерінен ақпараттарды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіруді сұраймыз.
Күршім ауданының әкімдігі