Қоқыс өртеу фактілерінің алдын алу – басты міндет

Қоқыс өртеу фактілерінің алдын алу – басты міндет

Күршім ауданының төтенше жағдайлар бөлімі тұрғындарға қоқыс пен құрғақ шөпті өртеудің қауіптілігі туралы ескертеді.

Көктемгі кезеңде аумақтарды тазарту барысында азаматтар тарапынан қоқыс пен өсімдік қалдықтарын өртеу жағдайлары жиілейді. Алайда мұндай әрекеттер өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу болып табылады және ірі өрттердің туындауына себеп болуы мүмкін. Әсіресе желді ауа райында оттың таралу қаупі жоғары болып, жалын қысқа уақыт ішінде үлкен аумақты қамтуы ықтимал.

Мұндай жағдайлар тұрғын үйлерге, шаруашылық құрылыстарға, сондай-ақ орман және дала алқаптарына елеулі қауіп төндіреді. Сонымен қатар, қоқыс өртеу кезінде бөлінетін улы түтін қоршаған ортаға зиян келтіріп, тұрғындардың денсаулығына кері әсер етеді, әсіресе балалар мен қарт адамдар үшін қауіпті.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда тиісті әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынады.

Осыған байланысты, Күршім ауданының төтенше жағдайлар бөлімі азаматтарды қоқыс пен құрғақ шөпті өртеуден бас тартуға, аумақты тазалау жұмыстарын қауіпсіз тәсілдермен жүргізуге және қоқысты арнайы белгіленген орындарға шығаруға шақырады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау – төтенше жағдайлардың алдын алудың негізгі кепілі.

Өрт туындаған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарлап, қауіпсіз жерге шығу қажет.


Күршім ауданының ТЖБ