
Жаңа жыл мерекелерін балалар да, ересектер де тағатсыздана күтеді. Алайда дәл осы күндері әртүрлі төтенше жағдайлардың туындау қаупі арта түседі. Сондықтан Күршім ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі мерекелер қарсаңында азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады. Жаппай адамдар жиналатын орындарда өткізілетін жаңажылдық іс-шаралар кезінде балалардың жанында әрдайым мұғалімдер, сынып жетекшілері немесе тәрбиешілер болуы тиіс. Олар өрт қауіпсіздігі шаралары мен өрт шыққан жағдайда балаларды эвакуациялау тәртібі жөнінде нұсқаулықтан өтуі керек. Жаңажылдық шырша өткізуді ұйымдастырушылар мереке басталар алдында барлық бөлмелерді, қосалқы шығу жолдарын мұқият қарап, олардың өртке қарсы жағдайының толық дайындығына және өрт сөндірудің алғашқы құралдарымен қамтамасыз етілгеніне жеке көз жеткізуге міндетті. Шырша орнату кезінде бірқатар талаптарды сақтау қажет. Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес, жаңажылдық ертеңгіліктер мен карнавалдар өтетін бөлмелерде екіден кем емес эвакуациялық шығу жолы болуы, терезелерінде тор болмауы және жанғыш қабырғалары бар ғимараттардың екінші қабатынан жоғары орналаспауға тиіс. Мерекелік іс-шара өтетін орынды телефон байланысымен және өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз ету қажет. Шыршаны өтетін жолдарға және шығу есіктерінің жанына қоюға болмайды. Ол берік тұғырға орнатылуы және оның бұтақтары қабырғаларға немесе төбеге тимеуі тиіс. Шыршаны сәндеу кезінде тез тұтанғыш ойыншықтар мен әшекейлерді қолдануға тыйым салынады. Сонымен қатар шамдарды, хлопушкаларды қолдануға, фейерверктер жағып, өрт қаупін тудыратын жарық эффектілерін жасауға болмайды. Шырша жарығын орнату жұмыстары тек тәжірибелі электрмонтерлермен жүргізілуі тиіс. Егер шырша иллюминациясында қандай да бір ақау байқалса (сымдардың қатты қызуы, шамдардың жыпылықтауы, ұшқын шығуы және т.б.), оны дереу өшіру қажет. Өрт қауіпсіздігіне жауапты тұлғалар жаңажылдық шыршаның өтетін күні мен уақытын Мемлекеттік өрт бақылау органына хабарлауға міндетті. Пиротехникалық бұйымдарды ғимарат ішінде қолдануға болмайды. Пиротехниканы қолдануға тек ашық жерде, ғимараттардан қауіпсіз қашықтықта рұқсат етіледі. Пиротехниканы қауіпсіз қолдану ережелері нұсқаулықта немесе сертификатталған өнімнің қаптамасында көрсетіледі. Тыйым салынады! - Петардаларды қалтада алып жүруге; - Пиротехниканы көшеде, күмәнді орындардан сатып алуға; - Ракеталар мен фейерверктерді адамдарға бағыттауға; - Петардаларды адамдардың аяқ астына лақтыруға; - Салюттарды тұрғын үйден 30 метрден жақын жерде орнатуға; - Фитильді бетке жақын ұстап тұрып тұтатуға. Пиротехникалық өнімдерді сатуға қатысты өрт қауіпсіздігі талаптары да бар. Оларды тек арнайы дүкендерде (бөлімдерде, секцияларында), жабдықталған орындарда сатуға рұқсат етіледі. Әр партияда сәйкестік сертификаты және мемлекеттік және орыс тілдеріндегі пайдалану нұсқаулығы болуы тиіс. Зауытта өндірілмеген және сертификаттау талаптарына сай емес пиротехникалық бұйымдарды сатуға тыйым салынады. Пиротехникалық өнімдерді басқа мақсаттағы ғимараттардағы сауда орындарында немесе базарлардың қоймалық камераларында сақтауға болмайды. Мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балаларға жарық-дыбыс эффектісі бар пиротехникалық бұйымдарды сатуға қатаң тыйым салынады. Жоғарыда көрсетілген талаптар сақталса, жаңажылдық мерекелер қандай да бір қауіп-қатерсіз, күтпеген жағдайларсыз өтеді.