Чек болмаған жағдайда өз құқығыңызды қалай қорғайсыз?
Әрбір адам тауарды айырбастау немесе қайтару жағдайына тап болған шығар, бірақ мұндай қайтарудың тәртібін бәрі бірдей түсіне бермейді. Өмірде сатып алушылардың чек алмауы немесе оны жоғалтып алуы жиі кездеседі.
Қазіргі заманда электронды төлемдер мен онлайн қызметтер қалыпты жағдайға айналса да, фискалды чек сатып алу немесе қызмет алу фактісінің басты дәлелдерінің бірі болып қала береді. Ол жасалған мәміленің даусыз растауы болып табылады, тұтынушыға тауарды немесе қызметті қайтару, айырбастау, сондай-ақ мәселелер туындаған жағдайда өз мүдделерін қорғау құқығына кепілдік береді.
ҚР "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Заңына сәйкес, сатушы тауарды сатқанда (жұмыс орындағанда, қызмет көрсеткенде) тауарды сатып алу (жұмыс орындау, қызмет көрсету) фактісін растайтын құжат беруге міндетті.
Егер тауарды сатып алу фактісін растайтын құжат жоғалған немесе қандай да бір себептермен тұтынушыға берілмеген болса, онда айырбастау немесе қайтару жүргізілуі тиіс, егер тұтынушы осы сатушыдан сатып алу фактісін дәлелдесе.
Сонымен қатар, тұтынушыда тауарды (жұмысты, қызметті) сатып алу фактісін растайтын құжаттың болмауы оны куәгерлердің айғақтарына және басқа да дәлелдеу құралдарына, соның ішінде тауарды (жұмысты, қызметті) сатып алу фактісінің растауы болып табылатын фото немесе бейнетіркеуге сілтеме жасау құқығынан айырмайды.
Оның үстіне, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайлардан басқа, сатушыға (дайындаушыға, орындаушыға) тұтынушылардың фото-, бейнетүсірілімді қолдануға қатысты құқықтарын шектеуге тыйым салынады.
Чек берілмесе не істеу керек?
Департаментке тауарды қайтару немесе айырбастау мәселелеріне тап болған, бірақ белгілі бір жеке кәсіпкерден сатып алу фактісін дәлелдей алмайтын көптеген тұтынушылар жүгінеді, әсіресе сатушы келісуден бас тартса.
Чектер арқылы кәсіпкердің алған пайдасы есепке алынады және осы сомадан қанша салық төлеу керектігі анықталады. Чек бермей, кәсіпкер салық төлемдерінен жалтарады. Егер сізге чек берілмесе, сіз салық органдарына өтініш білдіре аласыз, оған кәсіпкерлік субъектісінің атауы, сатып алынған тауар туралы ақпарат, сатушының чек беруден ауызша бас тартқаны туралы бейнежазба, келісімшарт және басқа да мәліметтерді қоса беріңіз.
Тұтынушылар өздерінің тұтынушылық құқықтарын қорғау мәселелері бойынша ҚР СИМ ШҚО Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің жедел желісіне 8 (7232) 26-72-07 нөмірі бойынша хабарласа алады.