Мұра – қайтыс болған адамның мүлкіннің басқа адамға (мұрагеріне) өтуі. Мұрагерлікті қабылдау өсиет немесе заң бойынша жүзеге асырылады. Қайтыс болған адам қандай да бір мүлікке қатысты өсиет қалдырмаған жағдайда мұра заң бойынша қабылданады. Мұра құрамына мұра берушіге тиесілі мүліктермен бірге, ол қайтыс болғаннан кейін тоқтатылмайтын оның құқықтары мен міндеттері де кіреді.
Мұра ашылғанан күнен бастап алты ай ішінде қабылдауны тиіс.
Белгіленген тәртіппен қабылданған мұра, ол ашылған күннен бастап мұрагерге тиесілі деп танылады. Сондықтан мұраны қабылдау құқығы туралы куәлікті алу мұрагердің міндеті емес, құқығы болып табылады, көрсетілген куәліктің болмауы мұрагерлік құқықты жоғалтуға негіз бола алмайды.
Егер мұрагер мұраға қабылданған мүлiктi иеленуге немесе басқаруға кiрiссе; мұраға қабылданған мүлiктi сақтау, оны қол сұғудан немесе үшiншi тұлғалардың талаптарынан қорғау жөнiнде шаралар қабылдаса; мұраға қабылданған мүлiктi ұстау шығыстарын өз есебiнен жүргiзсе; өз есебiнен мұра қалдырушының қарыздарын төлеген немесе мұра қалдырушыға тиесiлi ақшаны үшiншi тұлғалардан алған болса (АК-нің 1072-1-бабының 2-тармағы), ол мұраны іс жүзінде қабылдаған болып табылады, бірақ нотариус қандай да бір себептермен мұра алу құқығы туралы куәлікті беруден бас тартса, онда мұрагер сотқа ерекше іс жүргізу тәртібімен нотариустың әрекеттеріне шағым келтіруге құқылы.
Мұрагер мұраны іс жүзінде қабылдаған, бірақ мұра алу құқығы туралы куәлікті алу үшін нотариусқа қажетті даусыз дәлелдемелерді келтіре алмаған және оларды өзге де жолмен алуға мүмкіндігі болмаған жағдайда мұрагер мұраны қабылдаудың заңдық фактісін белгілеу туралы арызбен сотқа жүгінуге құқылы, арыз ерекше іс жүргізу тәртібімен қаралады. Егер, бұл ретте құқық туралы дау туындаса, онда мұндай фактіні белгілеу талап қою тәртібімен жүргізіледі.
Мұрагердің АК-нің 1072-3-бабына сәйкес мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру туралы арызын қарағанда сот мерзімді қалпына келтіріп, мынадай шарттар жиынтығы болған кезде:
мұраны іс жүзінде қабылдаған дәлелдері болмаса;
мерзім дәлелді себептермен (мұрагердің науқастануы, сондай-ақ мұраны қабылдау туралы арызды беруге кедергі жасайтын мән-жайлар) өткізіп алса;
мұрагер осы мерзімді өткізіп алуының себебі жойылғаннан кейін алты ай ішінде сотқа жүгінсе мұрагерді мұраны қабылдаған деп тани алады.
Мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз АК-нің 1072-3-бабында көрсетілген алты айлық мерзімнің өтуіне қарамастан соттың өндірісіне қабылданады. Мерзімді өткізіп алу себептерінің дәлелділігін және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тануды сот әрбір істің нақты мән-жайларына байланысты анықтайды.
Мұраны қабылдау үшін мерзімді қалпына келтіру және мұрагерді мұраны қабылдаған деп тану туралы арыз мұрагерлік мүліктің немесе оның негізгі бөлігінің орналасқан орны бойынша сотта талап қою бойынша іс жүргізу тәртібімен мұраны қабылдаған басқа мұрагерлердің қатысуымен қаралады. Осындай мұрагерлер болмаған жағдайда мұраның ашылған орны бойынша коммуналдық меншікті басқаруға өкілетті орган іске қатысуға тартылады, себебі иесіз қалған мүлікті алу үшін мұраны қабылдау талап етілмейді.
Арыз қанағаттандырылған жағдайда сот шешімнің қарар бөлігінде мерзімнің қалпына келтірілгендігі және мұрагердің мұраны қабылдағаны танылғандығы көрсетіледі. Соттың шешімі нотариустың мұра алу құқығы туралы куәлікті беруі үшін негіз болып табылады.
Катон-Қарағай аудандық сотының судьясы
Айман Кенесбекова