Аудандық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясы өтті

Аудандық мәслихаттың кезекті он төртінші сессиясы өтті

2021 жылғы 28 желтоқсанда  жетінші шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының кезекті он төртінші сессиясы өтті. Сессияны мәслихат хатшысы Д.Бралинов жүргізді. Сессия жұмысына аудан әкімі, аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат жетекшісі, аудандық ішкі істер бөлімінің өкілі,  бөлім басшылары мен округ әкімдері қатысты. Мәслихат сессиясының отырысы интернет желісінде тікелей көрсетілді. 

Сессия алдында аудан әкімі депутат Д.Веригинге Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының төрағасы М.Әшімбаевтың құрмет грамотасын табыс етті.

Сессияда аудан әкімінің орынбасары М.Нұрғалиев Катонқарағай ауданының 2020-2024 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының Кешенді жоспарының орындалу барысы туралы баяндама жасады.

Жарыссөзге шыққан депутат Р.Байгереев белгіленген шараларды толық дерлік орындауға қол жеткізілді деп айтуға болатынын айта келе,  аяқталмаған құрылыстарға,  сапасыз істелген жұмыстарға тоқталып, жергілікті атқару органдарына әлі шешілмеген  мәселелерге назар аударуды ұсынды.

Аудандық мәслихаттың хатшысы Д.Бралинов  мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмысы туралы есебін берді. Ол өз сөзінде мәслихаттың, депутаттардың жыл көлемінде атқарған жұмыстарына тоқталды.

Осы сессияда 2022-2024 жылдарға арналған Катонқарағай ауданының бюджеті бекітілді.  

Күн тәртібіндегі әр түрлі мәселелер бойынша мәслихат хатшысы Д.Бралинов сөйледі.      Күн тәртібіндегі мәселелерді  саралап қарап, талқылаудың нәтижесінде тиісті шешімдер қабылданды.

Мәслихат аппараты