Мектеп, балабақшаларда жөндеу жұмыстарына заңсыз ақша жинау деректерін анықтау бойынша қоғамдық бақылау

Мектеп, балабақшаларда жөндеу жұмыстарына заңсыз ақша жинау деректерін анықтау бойынша қоғамдық бақылау

Мектептерде, балабақшаларда жөндеуге заңсыз ақша жинау фактілерін анықтау бойынша қоғамдық бақылау жүргізу шеңберінде «Катонқарағай –Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Д.Нурпеисова білім бөлімінің басшысы Г.Кошеновамен, жалпы білім беретін мектептердің директорларымен және балабақша директорларымен кеңес өткізді.

Кеңесте жобалық кеңсенің басшысы ата-аналардың мектеп шығыстарының баптары бойынша қаржылай қалай қатыса алатындығы, мектеп шығыстарының қандай баптары бюджет қаражатымен жабылатыны және ата-аналар мен педагогтардан қосымша ақша жинау қаншалықты заңды екендігі туралы айтып берді.

Заңның 61-бабы 3-тармағының 5-тармақшасына сәйкес ата-аналар ерікті демеушілік жарналарды мектептердегі арнайы ашылған шоттарға аудара алады. Мектептің қажеттіліктеріне қаражат аудару әр ата-ана үшін ерікті болып табылады.

Сонымен қатар, «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабына сәйкес барлық білім беру мекемелерінде оқу орнының қызметі туралы толық ақпарат орналастырылған сайттар құрылған.

Білім беру ұйымдары жыл сайын қаржы жылының қорытындылары бойынша осы білім беру ұйымының, тиісті саланың уәкілетті органының, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органның интернет-ресурсында тиісті есепті орналастыру арқылы қайырымдылық көмек қаражатын пайдалану және оның қозғалысы жөніндегі қызметтің нәтижелері туралы жұртшылықты хабардар етеді.

Осы ретте, кеңсе басшысы бюджеттің ашықтығы мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың бірегей тәжірибесін ұсынатын Publicbudget.kz «Ашық бюджеттердің интерактивті картасының» көмегімен әрбір тұрғын нақты уақыт режимінде әлеуметтік нысандарды, оның ішінде мектептер мен балабақшаларды салуға, жөндеуге және күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын бақылай алатынын атап өтті.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 676-бабына сәйкес мектептердегі заңсыз алымдар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.