Қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта және қызметтен тыс мақсаттарда пайдалану бойынша мониторинг

Қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта және қызметтен тыс мақсаттарда пайдалану бойынша мониторинг

Қызметшілердің Әдеп кодексінің талаптарын сақтауы бойынша белсенді жұмыс аясында аудан әкімінің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі кеңесшісі, «Катонқарағай-Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы Д.Нурпеисова полиция майоры, әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы А. Қасеновпен бірлесіп лауазымды тұлғалардың қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта және қызметтен тыс мақсаттарда пайдалануы бойынша мониторинг жүргізді.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінде (мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидалары): мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің моральдық – әдептілік бейнесіне жоғары талаптар қояды.

Әдеп кодексінде қамтылған талаптарды мемлекеттік қызметшілердің сақтауы олардың қызметтік борышы болып табылады.

Мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік меншіктің сақталуын қамтамасыз етуге, өзіне сеніп тапсырылған мемлекеттік меншікті, автокөлік құралдарын қоса алғанда, ұтымды, тиімді және тек қызметтік мақсатта ғана пайдалануға тиіс.

Аталған жұмыс сыбайлас жемқорлық көріністерінің әртүрлі нысандарына ашықтық, жариялылық, нөлдік төзімділік, сондай-ақ Әдеп кодексінің нормаларын сақтау қағидаттарына негізделгеніне назар аудару қажет.

Мониторинг жүргізу барысында қызметтік автокөлікті жұмыстан тыс уақытта пайдаланудың 4 фактісі анықталды. Жүргізушілерде үстеме жұмысқа тарту туралы бұйрық және жол парағында тиісті белгі болған жоқ, сонымен қатар жол парағында дәрігердің белгісі жоқ, кейбір автомобильдерде алдыңғы әйнекте жарықтар және басқалары бар.

«Аталған іс-шара профилактикалық жұмыстар аясында өткізілгендіктен, жүргізушілерге алғаш рет ауызша ескерту берілді. Басшыларға тиісті ұсынымдары бар хаттар жіберілді. Бұдан басқа, келесі іс-шаралардың қорытындысы бойынша тәртіп бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл санкциялары салынып, тәртіптік ықпал ету шаралары қабылданатынын атап өткім келеді. Бұл ауданның мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдарының барлық басшыларына қатысты», - деп атап өтті жобалық кеңсенің басшысы.

Мемлекеттік автокөлікті негізсіз пайдалануды болдырмау, сондай-ақ құқықтық тәртіп пен заңдылықты қамтамасыз етудегі азаматтық қоғамның рөлін арттыру мақсатында Қоғамдық кеңес отырысында «Қызметтік автомобильдерді мақсатты пайдалану» мәселесін қарау бойынша ұсыныстар берілді.

Қорытындылай келе, азаматтарға белсенді азаматтық ұстаным танытып, аудандық полиция бөліміне мемлекеттік қызметшілердің қызметтік автокөлікті ұтымсыз пайдалануы туралы 8 (72341) 2-15-25 телефоны бойынша хабарласуға немесе ақпаратты k.abenov@akimvko.gov.kz электрондық мекенжайына жібере алатындарын атап өтеміз.

Азаматтардан келіп түскен барлық өтініштер заңда белгіленген тәртіппен қаралатын болады.