Ауған соғысы – Кеңес Одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес Одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады. Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді.
Кеңес әскелерінің жекелеген бөлімшелері Ауғанстан аумағынан шыға бастауы өте күрделі операция еді. Он жылға жуық Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22мыңнан астам жауынгер интернационалдық міндетін атқарды. Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азаматтар елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын. Бүгін он жылға жуық созылған соғыста қаза болғандарды еске алып, ортамызда жүрген ардагерлерге құрмет көрсеттік.
Бірқатар Ауған соғысы ардагерлеріне Катонқарағай ауданы әкімі Д.Қалиқанның және Катонқарағай ауданы қорғаныс істер жөніндегі бастығы подполковник А.Ережеповтың Алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ интернационализм идеяларын бойына сіңірген, Отан алдындағы борышын адал атқарған, келер ұрпаққа ерлік үлгісін көрсеткен Ауған соғысы ардагерлері, Қызыл Жұлдыз орденінің иегері Жүнісов Қанат Мержақыпұлы құттықтау сөз сөйледі.
Бұдан кейін Үлкен Нарын ауылындағы орталық саябақта Ауған жерінде қаза тапқан интернационалист жауынгерлерге арналған мемориалды тақтаға гүл шоқтарын қойып, үнсіздік жариялап еске алды. Өмірінің өлшеулі бір бөлігі, жауқазын жастық шағының сүбелі үлесін оқ пен от астында өткізіп, тағдырдың жазуымен елге аман – сау оралып, туған жерімен қауышқан майдангер ағаларымызға зор денсаулық, жанұяларыңызға амандық тілейміз. Еліміз аман, жұрт тыныш болсын!