Катонқарағай ауданы туристік әлеуетін арттыруда: жаңа бағыттар, нысандар және халықаралық ынтымақтастық

Катонқарағай ауданы туристік әлеуетін арттыруда: жаңа бағыттар, нысандар және халықаралық ынтымақтастық

Шығыс Қазақстанда еліміздің ең туристік әлеуеті жоғары кластерлерінің бірі – Катонқарағай ауданы қарқынды дамып келеді. Тек 2025 жылы мұнда 200 мыңнан астам турист қабылдау жоспарлануда (өсім – 25%). Бұл туралы Катонқарағай ауданының әкімі Данияр Дюсембаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында мәлімдеді.

Бүгінде ауданда 97 туристік нысан жұмыс істейді. Олардың қатарында санаторийлер, қонақ үйлер, демалыс базалары, пантолечебницалар, кемпингтер, этноаулдар және Ұлттық табиғи парк аумағындағы туристік үйлер бар. Жалпы бір мезгілде қабылдау сыйымдылығы – 2062 орын.

Сонымен қатар, ұзындығы шамамен 674 шақырымды құрайтын 10 туристік маршрут пен 4 экскурсиялық соқпақ белсенді түрде дамып келеді.

Логистика саласындағы маңызды жетістік – жаңа әуежайдың құрылысының басталуы болды. Аудан әкімінің айтуынша, Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына ішкі рейстер, сондай-ақ Қытай (Канас) мен Моңғолияның (Баян-Өлгий) аймағына халықаралық бағыттар ашу жоспарланып отыр.

2025 жылы Катонқарағай ауданында 5 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда:
• Топқайың ауылында халықаралық деңгейдегі «Wellness Resort» қонақүй кешенінің құрылысы (8,8 млрд теңге),
• Ақшарбақ ауылындағы «Верх-Катунь» пантолечебницасын кеңейту (400 млн теңге),
• Аршаты ауылында «Altay Resort» курорттық кешенінің құрылысы (2 млрд теңге),
• Урыль ауылындағы «MuzTau» эко-отелі аумағында мейрамхана салу (200 млн теңге),
• Катонқарағай ауылында «ALTAY TERRA RESORT» туристік кешенінің құрылысы (500 млн теңге).

Катонқарағай ауданы халықаралық ынтымақтастыққа да белсенді қатысуда. Мамыр айында Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданына іссапармен барып, Канас – Марқакөл – Катонқарағай туристік бағытын іске қосу және екі елдің туристік инфрақұрылымын интеграциялау мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, ауданның брендін қалыптастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде – ғимараттар мен туристік нысандар бірыңғай дизайн-кодпен безендіріліп, халықаралық сарапшылардың (PKF Hospitality, Kazakh Tourism) қатысуымен мастер-план әзірленуде.