Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келді. 1961 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітірген соң, сол мектепте аға пионер вожатый және «Алтай» совхозында тракторшы болып жұмыс істеді. 1969 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетін тәмамдады. Өзінің атағын айдай әлемге паш еткен шығармашылық жолын Большенарым аудандық «Еңбек туы» газетінен бастаған Оралхан Бөкейұлы Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде, «Жұлдыз» журналында және «Қазақ әдебиеті» газетінде қызмет ете жүріп жалғастырды.
1991 жылы өзі құрған Ауылдағы қазақ қаламгерлерінің ұйым серіктігі «АҚҚҰС»-қа президент болып сайланды.
Оралхан Бөкей әдебиеттің проза және драматургия жанрларында жемісті еңбек етті. Оның қаламынан туған «Қамшыгер», «Үркер» «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Мұзтау», «Ән салады шағылдар», «Өз отыңды өшірме», «Ұйқым келмейді» және тағы басқа кітаптары, роман, повесть, әңгімелері оқырмандардың ыстық ықыласына бөленіп, сыншылар тарапынан жоғары бағаға ие болды. Шынайы көркем шеберлік, өмір шындығы мен адам мінезін терең білу, нәзік сезім, асқақ рух - О.Бөкей шығармаларына тән қасиеттер. Ол - сөздің бар бояуын, көркем тілдің мүмкіндігін молынан, құлпырта пайдалана білген суреткер.
Оның драмалалық шығармалары шет елдерде қойылып, республика және облыс театрларының сахнасынан түспей келеді. Сондай-ақ, шығармалары бойынша кинофильмдер де түсірілді.
Жазушының жүрекжарды төлтумалары ағылшын, неміс, чех, словак, болгар, венгер, араб, қытай, жапон тілдеріне және таяу шет елдер халықтарының тілдеріне аударылды.
Қазақ әдебиетін дамытуда сіңірген еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденімен және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен, медальдармен марапатталған. Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері.
1989 жылы 22 маусымда аудан тұрғындарының тыныс-тіршілігі мен қызметін өз шығармаларына арқау етіп, белсенді насихаттағаны үшін Оралхан Бөкейұлына халық депутаттарының Катонқарағай аудандық Советі атқару комитетінің №8-215 шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қалихан Ысқақ 1935 жылы 14 наурызда Катонқарағай ауданындағы Топқайың аулында дүниеге келген. Жұлдыз орта мектебін, содан соң 1957 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналистика факультетін, 1965-1967 жылдары Москвадағы сценарийстер мен режиссерлер дайындайтын жоғарғы курсты бітірген. 1967-1972 жылдары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы үшінші шығармашылық бірлестіктің бас редакторы болды, «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттерінде, «Мәдениет және тұрмыс», «Халық конгресі», «Жұлдыз» журналдарында қызмет істеді. 1972 жылдан Қазақстан Жазушылар одағының аппаратында істеді. Қ.Ысқақтың шығармашылық қызметі 1957 жылдан басталады. Ол - көптеген әңгіме, повесть, романдардың, киносценарийлердің авторы. Алғашқы әңгімелері «Жол басы» (1961 ж.) жинағында жарияланды. Қ.Ысқақтың басты-басты прозалық шығармалары: «Қоңыр күз еді», «Менің ағаларым», «Бұқтырма сарыны», «Тұйық», «Қара орман», «Ақсу – жер жаннаты», «Күреңсе», «Беу, ақсақ дүние», «Жан қимақ», «Бабье лето», «Кедры высокие» және тағы басқалар. «Апа - апатай», «Жәке – жәкетай», «Таңғы жаңғырық», «Жансебіл», «Ерліктің екі сағаты», «Бұйрық күшінде қалады», «Даладағы екеу», «Құрбандық», «Зират», «Саботаж», «Кемпір іздеп жүрміз», «Есенай - Ұлпан», «Қазақтар» т.б. драмалық шығармалары республикалық, облыстық театрларда қойылған.
Жазушының таңдаулы шығармалары орыс, украин, өзбек, татар, чех, словак, неміс тілдеріне аударылған. Қ.Ысқақтың классикалық аударма саласындағы еңбегі де қомақты.
Қалихан Ысқақ – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, «Аягөз ауданының құрметті азаматы», С.Аманжолов атындағы ШҚМУ құрметті профессоры, Жамбыл атындағы халықаралық сыйлықтың иегері, Ғ.Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, «Парасат» орденімен және «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Ауданның рухани құндылықтарының дамуына қосқан зор үлесі үшін Қалихан Ысқаққа 1994 жылы 22 маусымда Катонқарағай ауданының әкімі мен аудандық Мәслихат-депутаттар жиналысының №3-132 Қаулысымен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кітапбаев Бошай 1923 жылы Катонқарағай ауданының Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1941-1944 жылдар аралығында фашист басқыншыларына қарсы шайқастарға қатысты. Ұлы Отан соғысынан жаралы болып оралған жауынгер 1945 жылдың сәуір айынан бастап Катонқарағай аудандық атқару комитетінің хатшысы міндетіне тағайын-далды. Осы жауапты міндетті бес жыл қатарынан атқара жүріп, партиялық кезеңнің үлкен іс-тәжірибелік мектебінен өтті. 1950 жылы Зайсан аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметіне келгенінде, аталған өңірдің талай жастарын тәрбиелеп, жауапты қызметтерге ұсынып, батыл қадамдар жасау арқылы жастардың бойында жауапкершілік міндеттерін қалыптастыра білді. 1955 жылдың маусым айынан бастап Бошай Кітапбайұлын коммунистік партия Большенарым ауданындағы В.И. Ленин атындағы ұжымшарды басқаруға жібереді. Көп салалы шаруашылыққа басшылық жасай жүріп, Бошай Кітапбаев Алматының ауылшаруашылық институтын 1966 жылы тәмамдап, 1970 жылы «Ұжымшар еңбеккерлерін материалдық тұрғыда ынталандыра білу – ұжымдық шаруашылықты дамытудың басты көрсеткіші» деген тақырыптағы ғылыми еңбегімен ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаттығын қорғайды.
Ұжымшардың жұмысын дұрыс жолға қоя отырып, жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін Кітапбаев Бошайға КСРО Жоғарғы Кеңесі төрағасының 1971 жылдың 8 сәуіріндегі Жарлығымен «Социалистік Еңбек Ері» атағы беріледі. Сондай-ақ, ол «Ленин», «Октябрь Революциясы» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. КПСС-тің XXV съезінің құрметті делегаты болып коммунистердің үлкен форумының жұмысына қатысқан. Белгілі атбегі, көкірегі толған ән мен жыр, бірнеше танымдық және «Шежіре», «Тоғыз таңбалы найман», «Айта-айта Алтайды, Бошай ата қартайды» атты кітаптардың авторы Бошай Кітапбайұлы шежіреші ретінде көпшіліктің ризашылығына бөленген.
1997 жылы 15 қыркүйекте ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Бошай Кітапбайұлына I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XIII сессиясының №13/14-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Күлженов Қуандық 1931 жылы 20 мамырда Большенарым ауданы Жаңа Тал ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын сонау Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында бастаған. Ұзақ жылдар Абай атындағы ұжымшарда, Хрущев атындағы кеңшарда, «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда шопан болып еңбек етті. Жылдар бойы жинаған өндірістік тәжірибе мен көп еңбек жұмсаудың арқасында шопандық еңбекте қол жеткізген ең үлкен жетістігі – 1963 жылы әр жүз саулықтан 198 қозыдан алады. 1962 жылы Алматы қаласындағы Қазақтың мемлекеттік ауылшаруашылық әдебиет баспасынан «Жиырма жыл отарда» атты кітабы жарыққа шықты. Кітапқа шопандық өмірдің қыр-сырлары, қой малын көбейту және одан алынатын өнімді арттыру жөніндегі ізденіс – еңбектері, шопандық өмір туралы әңгімелері енгізілген. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі, қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» (1975 жыл) және «Құрмет белгісі» (1966 жыл) ордендерімен, «Еңбек ардагері» (1984 жыл), «Еңбектегі үздіктігі үшін» (1964 жыл), «Қажырлы еңбегі үшін» (1970 жыл) медальдарымен, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің елу жылдығы» мерекелік медалімен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы» (1973 және 1975 жылдары) белгілерімен, сондай-ақ, әртүрлі Құрмет грамоталарымен марапатталған. «Коммунистік еңбектің екпіндісі» (1962 жыл) атағына ие болады. Шопандық өмірдегі мол тәжірибесі үшін облыстық ауылшаруашылық көрмесінің қатысушысы ретінде Куәлік қағаз беріледі. 1963 жылы Қазақ КСР Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланады.
1998 жылы 25 наурызда ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор үлесі үшін Күлженов Қуандыққа I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVI сессиясының №16/33-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Баекин Құмархан Байбосынұлы 1926 жылы 26 маусымда Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Әкесі Байбосын 1936 жылы «Халық жауы» деген жаламен қамауға алынып, Катонқарағайдағы түрмеде көз жұмады. Әкеден жастай қалған апайы Айтбала мен інісі Құмарғали үшеуін анасы Тұрсын «аузына тістеп» жүріп ер жеткізеді.
Ұлдың үлкені болғандықтан оған он жасынан бастап ұжымшарда өзінің шамасы келетін жұмыстарды істеуге тура келеді. Жастайынан бұғанасы қатпаған бала екеніне қарамастан бұзау, түйе бағады, ұжымшарда есепші болады.
1950 жылдан бастап ол біржола мал шаруашылығына бет бұрады. Алдымен «Молотов» ұжымшарында жылқы, сиыр бағып, одан соң «Алтай» кеңшарында ұзақ жылдар бойы аға шопан болып, жолдасы Әсипә екеуі кеңшардың қойын бағады. Осы жылдарда ол қыр-сырын бала жасынан меңгерген жұмысына өте жауапкершілікпен қарап, қоғам малын аман алып қалу үшін жанын аямай еңбек етіп, мал баққандар арасында ерекше көзге түседі.
Құмархан Байбосынұлының ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланып, «Ленин», «Октябрь Революциясы», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, Қазақ КСР-інің Құрмет Грамоталарымен марапатталады. Екі мәрте Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланған. Бүкілодақтық ауылшаруашылық жетістіктері көрмелерінің алтын, күміс медальдарын кеудесіне таққан.
1998 жылы 24 маусымда ауданның ауыл шаруашылық саласына қосқан зор еңбегі үшін Құмархан Байбосынұлына I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/4-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Сычук Александр Емельянович 1930 жылғы 13 наурызда Большенарым ауданының Усть Нарым ауылында дүниеге келген. Александр Емельяновичтің балалық шағы Ұлы Отан соғысы жылдарына тап келіп, 12 жасынан бастап «Чапаево» атындағы ұжымшарда жер жырту, егін егу, күзгі жиын-терін жұмыстарына қатысты. Усть Нарым бастауыш мектебін бітірген соң 1947-1948 жылдары Большенарым механизация мектебінде оқып, тракторист-механизатор мамандығын алады. Сол жылдан бастап туған ауылындағы «Чапаево» атындағы ұжымшарда (кейіннен «Хайрузов» кеңшары) тракторист - механизатор болып еңбек етті. Осы ұжымда 1990 жылға дейін еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан.
Александр Емельянович өзіне тапсырылған жұмысты тыңғылық-ты атқарып, аса үлкен жауапкершілікпен қарады. Жанкешті, қажырлы еңбегінің арқасында үнемі жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды. 17 жасында «Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қажырлы еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
1966 жылы «Хайрузов» кеңшарында 13 мың центнерден артық астық бастырғаны үшін жоғары мемлекеттік награда – Социалистік Еңбек Ері атағын алып, «Ленин» орденімен және «Орақ пен балға» алтын медалімен марапатталған.
1998 жылы25 маусымда ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор еңбегі үшін Александр Емельяновичке I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/5-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
1938 жылы Белорусь КСР-і, Могилёв облысы, Козелье деревнясында дүниеге келген. Ол 1958 жылы механизаторлар даярлайтын училищені аяқтаған соң Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеру үшін комсомолдық жолдамамен келген еді. Алғашында Самар ауданында еңбек етіп, 1961 жылы Большенарымға ауысып келеді. Сол уақыттан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшарда комбайншы болып еңбек етті.
Ол үш мәрте «Жыл орағы» социалистік жарысының, IX, X, XI бесжылдықтардың қорытындылары бойынша комбайншылар арасындағы жарыстың жеңімпазы атанды. 1972 жылы 13 желтоқсанда «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медалімен марапатталған. Көптеген Құрмет грамоталардың, Алғыс хаттардың иегері. 1976 жылы еңбектегі жоғары көрсеткіштері үшін «Ленин» орденімен марапатталды. 1981 жылдың 19 ақпанында Селивестр Климович Слабодчиковқа Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Сонымен қатар, 1972 жылы егін орағының жоспарын орындағаны үшін «Запорожец», ал X бесжылдықтың қорытындысы бойынша – «Волга» автомобилімен мадақталған.
1994 жылы зейнет демалысына шыққан соң да, үш жыл бойы еңбектен қол үзбей, қоғам өміріне белсене атсалысты. Ұзақ жылдар бойы ол жастардың тәлімгері болып, жас механизаторларға өз тәжірибесін үйретуден танбады.
Селивестр Климович аудандық халық депутаттары Кеңесінің депутаты, Қазақстан Компартиясы ХХІV съезінің делегаты және Қазақстан Кәсіподақтарының ХІІ съезінің делегаты болып сайланған.
1998 жылы 25 маусымда аудан экономикасына қосқан зор үлесі, жастарды тәрбиелеудегі белсенді қоғамдық іс-қызметі үшін Селивестр Климовичке I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/6-ІІ шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Асқаров Әлібек Асылбайұлы 1951 жылы 24 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Алматы көркемсурет училищесінің кітап безендіру бөлімін, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген.
1971-1973 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеді. 1975-1986 жылдары «Білім және еңбек» (қазіргі «Зерде») журналының көркемдеуші редакторы, әдеби қызметкері, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, 1986-1991 жылдары «Өнер» баспасының бас редакторы, 1991-1993 жылдары Қазақстан Республикасының Президенті мен Министрлер Кабинеті аппаратының Ішкі саясат бөлімінің аға референті қызметтерін атқарды. 1993 жылдан еліміздің Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінің орынбасары, кейін бірінші орынбасары, 1996 жылдан Баспасөз және бұқаралық ақпарат жөніндегі ұлттық агенттік төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. 1998-2004 жылдары Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің Баспа және полиграфия департаментінің директоры болды. 2005 жылдың ақпанынан Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінде бас инспектор, бөлім меңгерушісінің орынбасары қызметінде болды.
Әлібек Асылбайұлы – кәсіби баспагер, Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан кейінгі кезеңдегі баспа ісінің және полиграфия саласының ұйымдастырушысы.
«Құтмекен», «Тайга толғауы», «Жасыл әлемге саяхат», «Ерте түскен бозқырау», «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді», «Мұнар тауды, мұзарт шыңды аңсаймын», «Социализм әңгімелері», «Социализм хикаяттары», «Әйел парасаты», «Алтай - алтын бесік, атажұрт» атты кітаптары көркем тілмен өмір шындығын шынайы бейнелеген шығармалар ретінде әдебиетіміздің алтын қорынан өз орнын тапты.
Біраз туындылары «Родники рождаются в горах», «Скрип соленого сердца» деген аттармен орыс тілінде жарық көрді. «Өр Алтай, мен қайтейін биігіңді» романы Қытай астанасы Пекинде жеке кітап болып басылды.
1998 жылы 25 тамызда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Әлібек Асылбайұлына I шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/5-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Аухадиев Сайлаухан Әбілханұлы 1939 жылы 24 желтоқсанда Күршім ауданы Бестерек ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Құйған орта мектебін аяқтаған соң, Алматыдағы ауылшаруашылық институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, 1963 жылы қызыл дипломмен бітірді. Еңбек жолын Күршім ауданы «Қалғұтты» совхозының бас агрономы болып бастады. 1970-73 жылдары Большенарым ауданы Ленин атындағы колхоздың бас агрономы, 1973-78 жылдары осы шаруашылықтың басқарма бастығы болып қызмет етті. Колхоз шаруашылығын өркендетіп, дамытқаны үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.
1978-80 жылдары Марқакөл ауданы Боран совхозының директоры болып еңбек етті. 1981-84 жылдары Алматы жоғарғы Партия мектебін сырттай оқып, қызыл дипломмен бітірді. 1980-90 жылдары Тарбағатай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. Қызмет еткен жылдары аудан экономикасын қарқынды дамытуға, халқының мәдени-тұрмыстық жағдайын жақсартуға, сонымен қатар, басшы кадрларды дұрыс дайындап, орналастыруға зор үлесін қосты. 1990-92 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия комитетінің хатшысы, 1992-94 жылдары облыстық монополияға қарсы комитетінің бірінші басшысы болды. 1994-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық астық инспекциясының, 1999-2007 жылдары Қазақстан Республикасы Ауылшаруашылық министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасының астық және тұқым инспекциясы бөлімінің бастығы болып қызмет етті.
Сайлаухан Әбілханұлы жемісті еңбегінің арқасында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, бірнеше мәрте аудандық, облыстық кеңестің депутаты, Қазақ КСР Коммунистік партиясы XV, XVI, XVII съездерінің делегаты, КОКП Бүкілодақтық XIX партия конференциясының делегаты болып сайланды.
«Еңбек ардагері», «Тың жерлерді игергені үшін» медальдарымен, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы әкімдерінің мақтау грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталған. Күршім, Тарбағатай аудандарының құрметті азаматы.
2000 жылы 27 қаңтарда ауданның ауылшаруашылық саласына қосқан зор үлесі үшін Сайлаухан Әбілханұлына II шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының II сессиясының №2/6-II шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Базарбаев Қалихан Базарбайұлы 1922 жылы 11 мамырда Чернова ауылында дүниеге келді. 1930-1940 жылдар аралығында Шыңғыстай орта мектебінен білім алды. Орта мектепті бітірген жас жігіт армия қатарына алынғанға дейін Пахомов атындағы ұжымшарда есепші болады. Ел басына күн туған 1941 жылы ауыл азаматтарымен бірге Ұлы Отан соғысына аттанады. Семей қаласындағы командирлер даярлайтын курста алты ай оқығаннан кейін, 1942 жылдың ақпан айында Москва түбіндегі Волокаламск тас жолында ұрысқа кіреді. 1943 жылы қатты жараланып, Бакудегі әскери госпитальда емделеді. Майданнан оралғаннан соң алғашында «Красный Восток» ұжымшарында ферма меңгерушісі, 1954 жылдан бастап «Пахомов» атындағы ұжымшар төрағасының орынбасары, 1957 жылдан бастап «Чернова», «Алтай», «Коробиха» кеңшарларында бөлімше басқарушысы болады. Зейнеткерлікке шығар алдында төрт жыл «Чернова» кеңшарында директордың орынбасары болып қызмет атқарды. Қалихан ақсақал зейнеткерлікке шыққан соң да қатардан қалмай еңбек етті. Жұбайы Әшкен апа екеуі он бала тәрбиелеп жеткізді. Өмірден көргені көп Қалихан ата Аққайнар ауылының ақылшысы және құрметті қариясы бола білді. Қалихан ақсақалдың еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» , «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» және тағы басқа мерекелік медальдармен марапатталған.
2004 жылы 2 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Қалихан Базарбайұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Көбенов Нұрмұханбет Көбенұлы
1926 жылы 12 қарашада Большенарым ауданының Жұлдыз аулында дүниеге келген. 1944 жылдың қарашасында Кеңес Армиясының қатарына шақырылып, онда 1955 жылдың шілдесіне дейін қызмет етті. Отставкадағы майор. Білімі жоғары. 1955-1959 жылдары Большенарым аупарткомының нұсқаушысы, 1959-1963 жылдары Большенарым аупарткомы ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, 1963-1973 жылдары Большенарым аупарткомының хатшысы, 1973-1987 жылдары Большенарым аудандық халық депутаттары кеңесінің атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды. Екі «Құрмет белгісі» орденімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Үлгілі еңбегі үшін», «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» медальдарымен, «В. И. Лениннің туғанына – 100 жыл» мерейтойлық медалімен, КСРО Қарулы Күштерінің 30, 40, 50, 60 жылдығына арналған мерейтойлық медальдармен марапатталған. Республикалық деңгейдегі дербес зейнеткер,
2004 жылы 2 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Нұрмұханбет Көбенұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ретивых Евгений Александрович 1934 жылдың 9 тамызында Катонқарағай ауданының Печи ауылында дүниеге келген. Орта мектепті бітірген соң байланысшылар техникумын, онан соң Шығыс Қазақстан облысындағы ауылшаруашылық техникумын тәмамдады. Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясы Орталық Комитетінің жанындағы (ЦК КПСС) Жоғарғы Партия мектебін бітірді. 1958-1964 жылдары Катонқарағай аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1964-1967 жылдары Катонқарағай аудандық партия комитеті үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1967-1974 жылдары Марқакөл аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, 1974-1984 жылдары Большенарым аудандық атқару комитетінің төрағасы, 1991-1994 жылдары аудандық халық депутаттары кеңесінің төрағасы және Большенарым аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып еңбек етті.
Евгений Александрович Ретивых өз ісіне адал, терең білімді, ел-жұртына сыйлы азамат бола білді. Қызмет еткен жылдардағы еңбегі мемлекет тарапынан әділ бағаланып, «Құрмет белгісі» орденімен және көптеген медальдармен марапатталған. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер.
2004 жылы 2 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Евгений Александровичке III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тұмарбаев Федор Қалымұлы 1937 жылы 21 мамырда Катонқарағай ауданы, Чернова ауылында дүниеге келген. Педагогика, агроном мамандықтары бойынша жоғары білімі бар.
Федор Қалымұлының балалық шағы соғыс жылдарына тап келіп, еліміздегі барлық балалар сияқты ерте есейіп, еңбекке араласты.
Еңбек жолын 1957 жылы он жылдық мектепті бітірісімен «Оленесовхоз» марал кеңшарында жұмысшы болып бастады. Сол жерден әскер қатарына алынып, үш жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң Берел жеті жылдық мектебінде мұғалім, одан кейін «Өрел» қой кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарады.
1963-1975 жылдары Аршаты сегіз жылдық мектебінде директор, 1975-1977 жылдары «Катонқарағай» марал кеңшарының партия комитетінің хатшысы, 1977-1984 жылдары аудандық партия комитетінің хатшысы, 1984-1994 жылдары аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды.
Бүгінгі күні Федор Қалымұлының есімін Аршаты ауылының тұрғындары ерекше ықыласпен атап, ауылға сіңірген еңбегінің зор екендігін әсте ұмытқан емес. Оның қажырлы еңбегінің арқасында 1972 жылы ауылға жаңадан сегізжылдық мектеп салынып, ұстаздармен толық қамтылды. Сонымен қатар ауылға жол, көпір салу қажеттілігін көтеріп, бұл құрылыстардың жүзеге асырылуына көп ықпал етті.
Ф.Тұмарбаев өмірінің 30 жылын партия -кеңес басқару қызметіне арнап, зейнеткерлікке шықты. Ауылдық, аудандық, облыстық кеңестің депутаты, аудандық, облыстық партия комитеттерінің мүшесі болып сайланып отырды.
Оның ұзақ жылғы еңбегі «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Қазақ КСР-ның 60 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» және Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен, «Үздік шекарашы» төс белгісімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен бағаланған.
2004 жылы 2 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Федор Қалымұлына IІІ шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының VI сессиясының №6/14-ІІІ шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әшімханов Дидахмет Әшімханұлы 1950 жылы 10 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Жаңаүлгі ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін жол құрылысы учаскесінде жұмысшы, Большенарым аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі, Совет армиясы қатарында (1969-1971) сарбаз, Алматы үй құрылысы комбинатында тас қалаушы болған.
ҚазМУ-дің журналистика факультетінің (1972-1978) күндізгі бөлімінде оқи жүріп, еңбек жолын Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» (1975-1976), республикалық «Лениншіл жас» (1978) газеттерінде тілші болып бастаған Дидахмет Әшімханұлы кейін республикалық «Қазақстан пионері» (1978-1980), «Қазақ әдебиеті» (1980-1992) газеттерінде бөлім меңгерушісі, «Заман-Қазақстан» (1992-1993) газетінде бас редактордың орынбасары қызметін атқарды. 1993 жылдан қазірге дейін халықаралық «Түркістан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары. Сондай-ақ, ол - 2003 жылдан бері «Ел-шежіре» қоғамдық қорының президенті, «Алаш» баспасының директоры.
Проза жанрындағы тұңғыш әңгімесі «Аққабаның толқыны» деген атпен 1975 жылы «Коммунизм туы» газетінде, «Арман қанатында» атты коллективтік жинақта (1978) жарық көрген. Жазушының қаламынан әр жылдарда шыққан «Аққабаның толқыны», «Он бірінші күз», «Каменная падь», «Жер аңсаған Сарыатан», «Самырсын сазы», «Әңгіме емес әңгімелер», «Сары самауыр» атты кітаптары «Жалын», «Жазушы», «Елорда» баспаларынан қалың оқырманға жолдама алып, оқырмандардың ыстық ықыласына бөленген.
1986 жылдан Қазақстан Жазушылар, Журналистер одақтарынның мүшесі, «Жалын» жабық бәйгесінің екі мәрте жүлдегері, жас жазушылардың Бүкілодақтық VIII кеңесіне қатысушы. Жекеленген бірнеше шығармасы неміс, қытай, монғол, украин, мари, татар, қырғыз тілдеріне аударылған. 2005 жылы халықаралық «Алаш» сыйлығына ие болды. 2010 жылы «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын иеленді.
2005 жылы 15 желтоқсанда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Дидахмет Әшімханұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVI сессиясының №16/5-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Макаревич Виктор Павлович 1936 жылы 16 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы, Бураново ауылында дүниеге келген.
1955 жылы Большенарым ауылында орта мектепті бітірді. Сол жылы Свинчатка ауылындағы ауылшаруашылық техникумына оқуға түсті. Техникумды 1958 жылы аяқтап, ауылшаруашылығының техник-мехник маманы дипломын алып шықты.
Сол жылы Большенарым ауылындағы автокәсіпорынға механик болып жұмысқа орналасты. 1961 жылы осы кәсіпорынның бас инженері лауазымына, 1970 жылы директор лауазымына тағайындалды.
Виктор Павлович зейнеткерлікке шыққанға дейін табан аудармай бір мекемеде 53 жыл еңбек етті. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Виктор Павлович «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордендерімен, «Еңбек ардагері», «Қажырлы еңбегі үшін» және тағы да басқа мерейтойлық медальдармен марапатталды. Еліміздің автомобиль және жолаушылар көлігі саласындағы елеулі еңбегі «Қазақстан Республикасының құрметті автомобиль жүргізушісі» атағымен бағаланды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Виктор Павлович өзінің сүйікті ісін тоқтатқан жоқ. Өз тәжірибесін жастарға үйретіп, ауданның әлеуметтік және қоғамдақ өміріне белсене араласты.
2005 жылы 15 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Виктор Павловичке Катонқарағай аудандық мәслихатының III шақырылған XVI сессиясының №16/5-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Абақов Қайса Елікұлы 1937 жылы 5 ақпанда Катонқарағай ауданының Ақсу ауылында дүниеге келген. 1957 жылы Катонқарағай ауылынан В.И.Ленин атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Өскемен педагогикалық институтының физика және жалпы техника факультетіне оқуға түседі. 1957 жылы жоғары білімді маман ретінде аудандық оқу бөлімінің жолдамасымен Медведка сегізжылдық мектебіне мұғалім болып барады. 1964-73 жылдары Сөгір сегізжылдық, Ақсу орта мектептерінде, Е.П.Рыков атындағы орта мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып қызмет атқарады. Мұнан соң қызметін Алтай интернат-пансионатында меңгеруші, аудандық оқу бөлімінде инспектор болып жалғастырады.1979-82 жылдары үш жыл халық депутаттары Катонқарағай ауылдық кеңесінің төрағасы болады. 1982 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін аудандық оқу бөлімінде білім және ғылым қызметкерлері Катонқарағай аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы, Катонқарағай өңірі бойынша жетекші маманы болып қызмет атқарды. Қайса Елікұлының білім саласындағы еңбек өтілі елу жылдан асады.
Ұзақ жылғы жемісті еңбегі үшін Қайса Елікұлы «Еңбек ардагері», «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» медальдарымен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі» белгісімен, көптеген құрмет грамоталарымен марапатталған. Тәжірибелі ұстаз, ардақты ақсақал Қайса Елікұлы бірнеше жылдан бері Катонқарағай ауылдық әкімшілігі жанындағы ардагерлер кеңесін басқарды. Сондай-ақ ол Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болды.
Қайса Елікұлы - ауданымыз бен облысымыздағы спортты дамыту ісіне де сүбелі үлесін қосқан палуан. Ол еркін күрестен спорт шебері, Қазақстан біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы, он рет облыс чемпионы болды.
2006 жылы 27 ақпанда ауданның білім және спорт саласына сіңірген зор еңбегі үшін Қайса Елікұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кемпірбаева Екетерина Уәлиханқызы 1938 жылы 3 сәуірде Катонқарағай ауданындағы Қараайрық ауылында дүниеге келген.
Сегіз жылдықты Өрел орта мектебінен бітіргеннен кейін Өскемен кооперативтік техникумына оқуға түседі. Еңбек жолын Ақмола облысы, Қорғалжын ауданында бас бухгалтер болып бастайды, содан кейін Қызылту ауылдық тұтынушылар қоғамының төрайымы болады.
1961 жылы наурыз айында Өрел кеңшары комсомол комитетінің хатшысы, осы жылдың қараша айынан бастап аудандық комсомол комитетінің екінші хатшысы болып сайланады.
1964 жылы Большенарым аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалады. Арада жарты жыл өтпей аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болады. Екетерина Уәлиханқызы жұмыстан қол үзбей Өскемен педагогикалық институтының сырттай бөлімін бітірді.
1985 жылы аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болып орналасты.
1990 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін халық депутаттары аудандық Кеңесі төрағасының орынбасары болып еңбек етті. Екетерина Уәлиханқызы аудандық партия комитетінің мүшесі, аудандық кеңестің депутаты болған жылдарында ауданның білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларының, жалпы әлеуметтік саланың дамуына өзіндік үлесін қосты. Халық алдында сіңірген еңбегі әділ бағаланып, «Еңбек ардагері», «Адал еңбегі үшін» медальдарымен, ВЛКСМ-ның 50 жылдығына орай құрмет белгісімен және басқа да құрмет грамоталарымен марапатталған. Облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер.
2006 жылы 27 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Екетерина Уәлиханқызына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Құндызбаев Жанымхан Қаюұлы 1947 жылы 22 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Ленинск селосында дүниеге келген.
1966 жылы Катонқарағай ауданындағы Е.Рыков атындағы мектепті интернат-пансионатта тұрып бітірді. Осы жылы Алматы қаласындағы Қазақстан мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының ауыл-шаруашылығы өндірісін механикаландыру факультетіне оқуға түсіп, аталған институтты 1971 жылы ойдағыдай аяқтап, инженер-механик мамандығын алды.
1971-73 жылдар арасында Кеңес армиясы қатарында Вологда қаласында автомобиль ротасы командирінің техника жөніндегі орынбасары қызметін атқарды. Әскери атағы лейтенант- инженер.
1973-80 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданындағы «Калинин» атындағы ұжымшарда техникалық қауіпсіздік жөніндегі инженер, бас инженер міндеттерін атқарды. 1980 жылдан 1984 жылға дейін Катонқарағай ауданындағы «Алтай» қой кеңшарының директоры болып қызмет атқарды.
1984-87 жылдар аралығында Катонқарағай аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, Катонқарағай аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің бастығы, аудандық атқару комитеті бастығының бірінші орынбасары болып еңбек етті.
1987-96 жылдар аралығында Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық атқару комитетінің төрағасы, Катонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, аудандық кеңестің төрағасы, аудан әкімі болып еңбек етті. 1996 жылдан 2009 жылға дейін ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық басқармасының бастығы міндетін атқарды. 2009 жылдың маусым айынан бастап облыстық аумақтық инспекция бастығының орынбасары қызметін атқарады.
Қызмет атқарған кездерінде «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Қазақстан Республикалық кәсіподақ комитетінің атынан I және II дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталды.
2007 жылы 16 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Жанымхан Қаюұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVI сессиясының №26/7-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Исабаев Сіләм Мұхамеджанұлы 1937 жылы 18 наурызда Большенарым ауданы Малокрасноярка ауылында дүниеге келді. Малокрасноярка ауылындағы жеті жылдық, Большенарым ауылындағы орта мектепті бітірді. 1955 жылы Алматыда Киров атындағы Қазақстан Мемлекеттік Университетінің құқық жөніндегі факультетіне түсті. Осы аталған университетті 1960 жылы бітіріп, Қазақстан Республикасының ішкі істер органына жұмысқа түсті. 1960 жылдан бастап 1994 жылға дейін 34 жыл ішкі істер бөлімінде қызмет атқарды. Эксперт-криминалист және тергеушіден Қазақстан Республикасының ішкі істер Министрінің орынбасарына дейін өсіп, Қазақстан Республикасының ішкі істер органының нығайып, дамуына үлкен үлес қосты. Құқық қорғау саласындағы көпжылдық жемісті еңбегі, еліміздегі құқықтық тәртіп пен заңның нығаюына қосқан үлесі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Исабаев Сіләм Мұхамеджанұлын республика үкіметі және ішкі істер басшылығы лайықты бағалаған болатын. Ол 11 медальмен, Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған, Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің ХІІ шақырылымының депутаты болып сайланып, құқықтық комитетінде жұмыс істеді. Тәуелсіз Қазақстанымыздың ең алғашқы заң актілері мен бірінші Конституциясы осы Жоғары Кеңестің ХІІ шақырылымымен қабылданған болатын. Исабаев Сіләм Мұхамеджанұлына «Милиция генерал-майоры», «Қазақстан Республикасының ішкі істер Министрлігінің еңбегі сіңген қызметкері» деген жоғары атақтар берілген. Исабаев Сіләм Мұхамеджанұлы өзінің өмірлік және еңбектегі тәжірибесін ұрпақтарды қазақстандық отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге, жас қызметкерлерді үйретуге жұмсап, көптеген бастамалардың жетекшісі болып келеді. Ол қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып, көп жыл Ішкі істер Министрлігінің жанындағы Бақылау кеңесінің мүшесі болды.
2007 жылы 16 ақпанда өз іс-қызметі арқылы аудан беделін көтергені үшін Сіләм Мұхамеджанұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVI сессиясының №26/7-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алиханов Түркістан Имашұлы 1932 жылы 3 желтоқсанда Катонқарағай ауданының Берел ауылында дүниеге келген. Ауылдағы жеті жылдық мектепті, одан кейін 1950 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіреді. 1954 жылы Алматыдағы Абай атындағы педагогикалық иниституттың филология факультетін үздік бағамен бітіріп, жолдамамен Катонқарағай ауданының Өрел орта мектебіне жіберіледі. Төрт айдан соң әскер қатарына шақырылып, Қиыр Шығыстағы Гавань қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтейді.
Жас коммунист Түркістан Имашұлы партияның тапсырмасымен 1964 жылға дейін аудандық оқу бөлімінде инспектор, партия комитетінде насихатшы, аудандық мәдениет бөлімінде меңгеруші болып жауапты қызметтер атқарады.
«Мамандығым бойынша істесем, еліме пайдам тиер» - деген ниетпен өзі сұранып, 1964 жылы 15 тамызда Өрел орта мектебіне қызметке келеді. Ол басшылық еткен жылдары Өрел ауылында спортзалы бар жаңа мектеп, мектеп жанындағы интернат үйлері салынды. Мектептің оқу-материалдық базасы жаңартылып, оқу-тәрбие жұмыстарының сапасы артып, облыс көлеміне үлгі болды. Мектеп оқушыларын Бүкілодақтық «Артек» пионер лагеріне, Мәскеу, Ленинград, Ульяновск, Алматы қалаларына туристік сапарларға жіберіп тұруға мүмкіндіктер жасалды.Бір мектепте үздіксіз 30 жыл мектеп директоры болып қызмет атқарған уақытта жүзге тарта ұстаздармен иық тірестіре еңбек етіп, сан мыңдаған шәкіртті мектеп қабырғасынан ұшырды. Зейнеткерлікке шыққан соң өмір белестерін ой елегінен өткізіп, ұрпағына аталық ескерткіш болсын деп «Ақиқат» атты естелік кітабын шығарды.
Түркістан Имашұлы көп жылғы адал еңбегі үшін Қазақ КСР-нің және КСРО оқу-ағарту ісінің үздігі белгілерімен марапатталды.
2007 жылы 31 мамырда ауданның білім саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Түркістан Имашұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жұмажанов Дүйсенбек Оразғалиұлы 1947 жылдың 15 маусымында Шығыс Қазақстан облысының Большенарым ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Большенарым орта мектебін бітірген. 1967 жылы Өскемен педагогика институтына түсіп, оны 1971 жылы аяқтап, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығын алып шықты.
1971-1985 жылдары аудандық балалар спорт мектебінің директоры, аудандық спорт комитетінің төрағасы міндеттерін абыроймен атқарды. Спорт ұйымдарында еңбек еткен Дүйсенбек Оразғалиұлы жас спортшыларды тәрбиелеуде үлкен еңбек сіңірді.
1985-1997 жылдары Большенарым нан заводының директоры болып еңбек етті. 1998 жылдың мамыр айынан бастап «Д.О.Жұмажанов» жеке кәсіпорынын ұйымдастырып, өмірінің соңына дейін осы кәсіпорынды басқарды.
Қай салада қызмет атқарса да ол жанын салып еңбек ететін, бастаған ісін аяғына дейін жеткізіп, нәтижесін көруге асығатын жан еді. Большенарым нан заводын басқарған жылдары ол өзінің қай саланы да басқарып кете алатын, адамдармен ортақ тіл табысып, берекелі ұжым қалыптастыра білетін іскер басшы екенін көрсете білді.
Еліміз тығырыққа тірелген, кәсіпорындар мен заводтар жабылған кезеңде де ол қиыннан жол тауып, адамдардың өмір сүруіне ең қажетті азық - нан шығаратын жеке кәсіпорынды ұйымдастырып, сонымен қатар қыс маусымында Үлкен Нарын ауылын жылумен қамтамасыз етуге бар күш жігерін жұмсады.
Қатарынан екі қайтара мәслихат депутаты болып сайланып, бұл істі де халық қалаулысы деген атаққа сай абыроймен атқарды.
2007 жылы 31 мамырда ауданның спорт саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Дүйсенбек Оразғалиұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Исабаев Темірбек Құмарбекұлы
1952 жылы Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында дүниеге келген. 1970 жылы Топқайың орта мектебін, 1975 жылы Өскемен қаласындағы құрылыс-жол институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 485-жол салу учаскесінде қатардағы механиктен бастап, 1978 жылы №5 жол пайдалану учаскесінде аға шебер болып жалғастырды. Сол жылдарда ол өзін білгір маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары, басшылық қызметке лайық азамат ретінде көрсете білді.
Оның екінің бірінің бойынан табыла бермейтін бұл қасиетін таныған аудан басшылары «Катонқарағай» өндірістік автожолдары учаскесінің бастығы етіп тағайындады. 1997 жылы екі аудан біріктіріліп, орталық Үлкен Нарынға көшіріліп, мемлекеттік меншік таратылған кезде «Шығысавтомобильжолы» кәсіпорнында вице – президент болды. 2002 жылдан бері ол «Катонқарағай» өндірістік жол учаскесінің бас директоры.
Ауданымыздағы күре жолдың халыққа үздіксіз қызмет етіп тұруына Темірбек Құмарбекұлының көп еңбегі сіңді, сонымен қатар ол ауданға, туған ауылына үнемі демеушілік көмек көрсетіп отырады. Темірбек Исабаев тамаша спортшы ретінде де танылған. Самбо мен қазақша күрестен КСРО спорт шебері. Темірбек Исабаевтың егеменді еліміздің автомобиль жолдарын қалыпты жағдайда ұстау мен салудағы қажырлы еңбегі «Қазақстанның үздік жолшысы» белгісімен және «Құрмет» орденімен бағаланған.
2007 жылы 31 мамырда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Темірбек Құмарбекұлына III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Матасов Анатолий Петрович 1952 жылы 22 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Малонарым ауылында дүниеге келген.
1959-1969 жылдары Малонарым орта мектебінде оқыды. 10-сыныпты бітіргеннен кейін Жданов атындағы ұжымшарда әр түрлі жұмыс істеді. 1970-1972 жылы Кеңес армиясының қатарында болды. 1973 жылдан бастап Жданов атындағы ұжымшарда комбайнер, механизатор, егіншілік–тракторлық ұжымның бригадирі болып еңбек етті. 1993-1994 жылдары «Дружба» ұжымшары төрағасының орынбасары болды. 1996 жылдан бастап «Жас қанат» шаруа қожалығын басқарды. Шаруа қожалығы ет, жүн, арпа, бидай, сұлы өндіреді. Өмір ағымына икемделген шаруа қожалығы 114 адамды жұмыспен қамтып, ірі қара малын 279 басқа, жылқыны 171 басқа, қойды 991 басқа жеткізді. Сонымен қатар, шаруашылықтағы техника паркін толық жаңартты. Сегіз комбайн, он екі трактор, алты егін сепкіш, кептіргіш, төрт шөп шабу машиналары, бес күнбағыс жинауға арналған құралдар сатып алынған. Шаруақожалығы ауылшаруашылық өнімдерін өндеу бағытында да қарқынды дамып келеді.
2004 жылы А.П.Матасов «Малонарым» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Анатолий Петрович ауыл тұрғындарына, орта мектепке қайырымдылық көмек көрсетеді. Өз ауылының көгалдануы мен көріктенуіне көп көңіл бөледі. 2008 жылы Матасов Анатолий Петрович мемлекеттік меншікке өз меншігіндегі балабақша ғимаратын, ауылдық клубтың ғимаратын өтеусіз берді.
«Құрмет» және «Еңбек даңқы» ордендерімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек даңқы» құрметті атағымен, Ауылшаруашылық министрлігінің, облыс, аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған.
2007 жылы 31 мамырда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Анатолий Петровичке III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Назырбаев Қайырды 1947 жылы 2 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Еңбек сегізжылдық мектебін, Шыңғыстай орта мектебін бітірген. Қазақ Мемлекеттік Университетінің журналис-тика факультетін тәмәмдаған. Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде әдеби қызметкер, Катонқарағай, Большенарым және Зырян аудандары бойынша меншікті тілші, Күршім аудандық «Коммунистік еңбек» - «Коммунистический труд» газетінде аудармашы, облыстық радиода редактор және Катонқарағай шекаралық ауданының радиокомитетінде жауапты редактор, Катонқарағай аудандық «Арай»-«Луч» газтінде редактордың орынбасары, кейіннен редакторы болып істеген.
Назырбаев Қайырды 2000-2002 жылдары «Елорда» баспасында, 2002-2008 жылдары «Аударма» баспасында редактор, директор болды. 2009 жылдан бері «Нұр-Астана» баспасында директор болып еңбек етеді. Қ.Назырбаев Астанадан шығатын «Әлем әдебиеті» журналының алқа мүшесі.
Өлеңдері «Ағажай Алтайдай жер қайда» атты жинақта басылды. Оның құрастыруымен «Алтайдың алтын алқасы», «Ел ішіндегі бірқақпайлар», «Қаратай елінің ақындары», «Қаратай баба зираты», атты жинақтар және «Фолиант» баспасынан «Таудағы таңба», мемлекеттік тапсырыспен «Катонқарғай» атты кітаптары шықты.
Қ.Назырбаев 1974 жылдан КСРО Журналистер Одағының, Қазақстан Журналистер Одағының және Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі. Ол Қазақстан Журналистер Одағы VII съезінің (1978ж), газет шығарушылар Ассоциациясы Бүкілодақтық съезінің (Мәскеу, 17-18.04.1991ж) республикалық «Қазақ тілі» қоғамы құрылтайының (Алматы, 1992 ж) делегаты.
Катонқарағай ауданының түлегі, журналист, ақын, баспагер –жазушы Назырбаев Қайырды «Қазақстан Республикасы Баспа және Полиграфия ісінің қайраткері», «Мәдениет қайраткері» төсбелгілерімен және «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған.
2007 жылы 31 мамырда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Назырбаев Қайырдыға III шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVIII сессиясының №28/6-III шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Әлхамов Мақұлбек Әлхамұлы 1928 жылы15 қазанда Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1935 жылы Шыңғыстай орта мектебіне бірінші сыныпқа барады. 1942-1945 жылдары тұрмыс тапшылығына байланысты сабағын жалғастыра алмай, Ұлы Отан соғысы кезінде ұжымшарда жұмыс істейді. Соғыс аяқталған соң 1945-1948 жылдары оқуын одан әрі жалғастырып, Шыңғыстай орта мектебінен 10-сыныпты бітіреді. Орта мектепті бітіргеннен кейін бір жыл аудандық «Қызыл отау» меңгерушісі болып істейді де, 1949 жылы әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын өтейді. 1952 жылдан 1989 жылға дейін партия-кеңес жұмыстарына араласып, аудандық комсомол, партия комитеттерінде хатшы, нұсқаушы, аудандық атқару кеңесінде төрағаның бірінші орынбасары, «Чернова», «Өрел» кеңшарларында партия ұйымдарының хатшысы, «Алтай» кеңшарында кәсіподақ ұйымының төрағасы сияқты лауазымдық қызметтерді атқарады. 1960-1965 жылдары сырттай жоғары партия мектебін бітіреді. Басшылық қызметтерді атқара жүріп Мақұлбек Әлхамұлы ауданда атқарылып жатқан игі істерге өз үлесін қосады. Бірнеше рет ауылдық және аудандық кеңестің депутаты болып сайланады. 1970-1985 жылдары Катонқарағай аудандық партия комитетінің және партиялық комиссияның, 1985-1989 жылдары аудандық кәсіподақ президиумының мүшесі болады.
Мақұлбек Әлхамұлының ұзақ жылдардағы адал еңбегі «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Еңбек ардагері», «Тыл ардагері», «Тың игеру», «Тыңға 50 жыл», «В.И.Лениннің 100 жылдығы», Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен, облыстық партия және облыстық кәсіподақ комитеттерінің Құрмет грамоталарымен бағаланған. Облыс көлеміндегі дербес зейнеткер.
2007 жылы 28 қарашада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Мақұлбек Әлхамұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының II сессиясының №2/18-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қаңтарбаев Әлібек Қалиұлы 1947 жылдың 23 желтоқсанында Катонқарағай ауданының Топқайың ауылында дүниеге келген. 1965 жылы С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін Семей педагогикалық иниститутының филология факультетіне оқуға түседі. Оны 1970 жылы ойдағыдай аяқтап, еңбек жолын туған ауылы Топқайыңда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Өзінің білім саласындағы қызметін 1997 жылға дейін ауданның көптеген мектептерінде мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, директор болып жалғастырады. 1995 жылы Әлібек Қалиұлының білім беру саласындағы көп жылғы еселі еңбегі ескеріліп, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталады. Соңғы он жылдан астам уақыт Әлібек Қаңтарбаев Шығыс Қазақстан облыстық «Дидар» газетінде еңбек етіп, зейнеткерлікке шықты. Ол - Қазақстан Журналистері одағының мүшесі, төрт кітаптың авторы. Оның қаламынан туындаған «Қыран ғұмыр», «Сол бір кез есімде», «Армандастар», «Алаш азаматы» атты кітаптары өз оқырмандарын тапқан. Топтама өлеңдері катонқарағайлық жеті ақынның «Ағажай, Алтайдай жер қайда» атты жыр жинағына енген. Әлібек Қаңтарбаевтың драматургия саласында да өзіндік қолтаңбасы бар. Оның «Армандастар» атты драмасы Өскемен, Семей қалаларының театрларында сахналанып жүр. Әлібек Қалиұлы - ана тілінің, ұлт руханиятының жоқшысы. Қаламгердің шығармашылық жолындағы еңбегі Қазақстан Республикасы Ақпарат және мәдениет министрлігі, облыс әкімінің мақтау қағаздары, алғыс хаттарымен сан мәрте бағаланған.
2007 жылы 28 қарашада аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Әлібек Қалиұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының II сессиясының №2/18-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Құрманғалиев Айтмұханбет Әлмадиұлы
1947 жылы 22 қазанда Катонқарағай ауданы Қабырға ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Е.П.Рыков атындағы орта мектепті, 1970 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын «қаржы және кредит» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын Қазақ КСР-і Қаржы министрлігі бақылау-тексеру басқармасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша ұйымдастыру-нұсқаушылық бөлімінің бақылаушы-тексерушісі болып бастаған. 1970-71 жылдары әскер қатарына барып келген соң қызметін жалғастырады. 1976 жылы қаңтар айынан бастап бөлім бастығы болып тағайындалған. 1979 жылғы маусым айынан бастап Шығыс Қазақстан облыстық қаржы бөлімі меңгерушісінің орынбасары-бюджет бөлімінің бастығы, 1988 жылғы қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасы бастығының орынбасары-бюджет бөлімінің бастығы болып қызмет атқарған. 1990 жылғы наурыз айында Шығыс Қазақстан облыстық халық депутаттары Кеңесі атқару комитетінің әлеуметтік қамтамасыз ету басқармасының бастығы, 1992 жылғы сәуір айында Шығыс Қазақстан облыстық қаржы басқармасының бастығы болып тағайындалады. 2011 жылдан бастап ШҚО тексеру комиссиясының төрағасы қызметін атқарды. Обылысымыздың қаржы саласындағы қажырлы еңбегі үшін Айтмұханбет Әлмадиұлы КСРО Қаржы министрлігінің «Қаржы ісінің үздігі» төсбелгісімен (1977ж), «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» (2001ж), «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» (2005ж), «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011ж) мерекелік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері Агенттігіне 10 жыл» төсбелгісімен, бірнеше рет Қаржы министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысының грамоталарымен марапатталған. Облыс бойынша мемлекеттік қызметшілер арасында өткізілетін спорттық жарыстарда сан мәрте жүлделі орындарға ие болған.
2007 жылы 28 қарашада ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Айтмұханбет Әлмадиұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының II сессиясының №2/18-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жексекенов Зейнелқан Жексекенұлы 1948 жылы Большенарым ауданы Мейемер ауылында дүниеге келген. Көктерек орта мектебін бітірген.
Алматы зооветеринарлық институтын зоотехник мамандығы бойынша аяқтаған соң, 1971 жылы Шығыс Қазақстан облысының «Джумбинск» кеңшарына бас зоотехник болып жіберіліп, 1974 жылға дейін қызмет атқарған. 1974 - 1979 жылдар аралығында Катонқарағай ауданына қарасты «Сарымсақты» мал бордақылау кеңшарының, одан кейін «Коробиха» кеңшарының директоры болды. 1980 жылы Өрел кеңшарына бас зоотехник болып ауысады. 1988-1991 жылдар аралығында Глубокое ауданына қарасты «Ленинский» кеңшарында бас зоотехник қызметін атқарды. 1991 жылы ауданға қайта келіп, 1994 жылға дейін «Коробиха» кеңшарының директоры болды. 1994 жылы Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылық басқармасын басқарды. 1995 жылдан Шығыс Қазақстан облысының тәжірибелік шаруашылығын, ал кейіннен ғылыми-зерттеу институтын басқарды.
2007 жылдың тамыз айынан бастап «Импульс – ЖЗЖ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Зейнелхан Жексекенұлы басшылық қызметтерде еңбек еткен жылдарында ауыл шаруашылық саласындағы талантты басшы, ұйымдастырушылық қабілеті мол азамат ретінде өзін көрсете білді. 37 ғылыми еңбегі мен омарта, марал мен бұғы шаруашылықтарын өркендету жөніндегі нұсқаулары жарық көрді.
«Маралдарды дамытудың технологиясы» атты монографиялық басылымы бар. 2003 жылы докторлық диссертация қорғап, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы атағын алды.
Сонымен қатар, ол Қазақстан республикасының ауылшаруашылық және Монғолия жаратылыстану Академияларының мүше-корреспенденті.
2008 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Зейнелқан Жексекенұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IV сессиясының №4/44-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қазақбаев Сержан Абдолдаұлы 1961 жылы Катонқарағай ауданы Өрел ауылында дүниеге келген. Өрел орта мектебін, онан кейін Симферополь жоғары әскери-саяси училищесін, Москваның әскери академиясын бітірген. 1982 жылы дипломды жас маман, лейтенант Сержан Қазақбаев Қызыл Тулы Орта Азия әскери округіне жолдама алады.
1983 жылдың шілдесінде Ауған Демократиялық республикасына интер-националдық борышын өтеуге өз еркімен аттанады. Мото-атқыштар бригадасының құрамында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсете отырып «Қызыл Ту» және «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен марапатталады. Жалындаған жас офицер сан рет ажалмен бетпе-бет келіп, үш мәрте жараланып, 1985 жылы еліне оралады. Ауған соғысына қатысқан жауынгерлердің ерлік істері мен патриоттық асыл қасиеттерін жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында нақты деректер негізінде жазылған танымдық кітабы «Ауған ақиқаты», «Кандагарский дневник» деген атпен 2006 жылы «Алматы» баспаханасынан жарық көрген. 2001 жылдың шілдесінен бастап Сержан Қазақбаев - Алматы қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы. Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі Сержан Қазақбаевтың көптеген шәкірттері еліміздің Қорғаныс Күштерінің қатарында офицер болып жемісті еңбек етіп жүр. 2007 жылы оған Ресей Федерациясының құқықтық тәртіп пен қорғаныс қауіпсіздігі мәселелері Академиясының мүшесі ретінде Генерал-майор атағы берілді.
2008 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Сержан Абдолдаұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IV сессиясының №4/44-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Самашев Зайнолла 1947 жылы 17 қарашада Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Бестерек ауылында дүниеге келген.
1970 жылы Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін бітірген. 1970-1977 жылдары Ұлан ауданындағы Ленинка ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі, 1977-1980 жылдары Өскемен педагогикалық институтының оқытушысы қызметтерін атқарған. 1980 жылы Қазақстан ғылым академиясының Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының лаборантынан бастап, 2008 жылы Ә.Марғұлан атындағы археология институтының аға ғылыми қызметкеріне дейін өскен. 2010 жылдан бастап Ә.Марғұлан атындағы археология институты филиалы - ның директоры. 1990 жылдан бастап көптеген тарихи-мәдени мұраларды зерттеу жобаларының жетекшісі. Соның ішінде, 2005-2008 жылдары «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Берел», «Қызыл ұйық», «Тоқсанбай», «Сарайшық», «Қос құдық», «Сарыкөл» жобаларының жетекшісі болды.
З.Самашев 1997 жылы Майемер қорымында, 1998 жылдан бастап Берел қорымында кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Археологиялық қазба жұмыстарының нәтижесінде табылған құнды тарихи деректер мен заттар Берел қорымын әлемге танытты. Бүгінгі таңда Берел - Отанымыздың теңдесі жоқ археологиялық ескерткіштерінің бірі.
Қазақстандағы археология ғылымының даму деңгейін көрсететін түрлі көрмелелерді ұйымдастырып өткізудің ұйтқысы болуда. Мұндай көрмелер біздің елімізден басқа Сеул, (Корея), Сан-Диего мен Хьюстон (АҚШ), Берлин, Гамбург, Мюнхен (Германия), Киев (Украина), Москва (Ресей) қалаларында ұйымдастырылып, табысты өткізілген.
Зайнолла Самашев - ғылымға еңбегі сіңген қайраткер, герман археологиялық институтының корреспондент-мүшесі, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры, Қазақстан Республикасының өнер академиясының академигі.
2001 жылы тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты атанды. Тарих ғылымдарының докторы.
2008 жылы 18 ақпанда аудан аумағындағы археологиялық зерттеулердегі табыстарымен ауданды бүкіл әлемге танымал еткен еңбегі үшінIV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IV сессиясының №4/44-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жақсылықов Фрунзе Елғазыұлы 1931 жылы Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында қызметкердің отбасында дүниеге келген. Балалық балғын шағы еліміздің қиын-қыстау жылдарымен тұспа-тұс келген Фрунзе Елғазыұлына еңбекке ерте бастан араласуға тура келеді. Әкесін Отан қорғауға аттандырған бала Фрунзе Топқайың ауылында 5-сыныпта оқып жүрген оқуын үзіп, «Майемер» кенішіне жұмысқа барады, араға бес жыл салып барып мектепке қайтадан оралады. Жасөспірім Фрунзе Жақсылықовтың фашистік Германияны жеңуге қосқан тылдағы еңбегі бағаланып, сол қырқыншы жылдарда «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталады.
1952-1954 жылдары Фрунзе Елғазыұлы Үлкен Нарын ауданы Солдатово ауылындағы жеті жылдық мектепте матиматика пәнінің мұғалімі болып істейді де, басшылардың ұйғарымымен аудандық комсомол комитетінің алдымен екінші, кейіннен бірінші хатшысы болады. Осы қызметте Фрунзе Елғазыұлы үлкен өмір мектебінен өтіп, көп тәжірибе жинап шыңдалады. Аудан экономикасын нығайтуға қосқан үлесі әділ бағаланып «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», «Еңбектегі ерлігі үшін» медальдарын алады.
1954 жылы аудандық партия комитеті оны өз қатарына тартып ұйымдастыру бөліміне нұсқаушы етеді. Бұдан кейін ол он жылдан астам уақыт шаруашылық жұмыстарында қызмет етіп, Самар ауданындағы Жамбыл атындағы ұжымшарда төрағаның орынбасары, төрағасы болады. Ұжымшардың жұмысын дұрыс жолға қойып, ауыл шаруашылығы өнімдерін молдап өндірудегі қол жеткізген жетістіктері «Еңбек Қызыл Ту» орденімен бағаланады.
1973 жылы партия Фрунзе Елғазыұлын сыннан өткен, комсомол, партия жұмыстарында шыңдалған маман деп танып, бұрынғыдан да үлкен, жауапты қызметтерге жұмсайды. Сол бетте ол алдымен Самар аудандық партия комитетінің екінші, бес жылдан кейін Күршім аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына тағайындалады. Бұл қызметті ол 1985 жылға дейін атқарады да облыстық халықтық бақылау комитетіне жұмысқа ауыстырылады.
2008 жылы 23 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Фрунзе Елғазыұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/102-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Рақымжанов Төлеген Рақымжанұлы 1938 жылы Катонқарағай ауданы Еңбек ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Шыңғыстай орта мектебін, кейін Алматыдағы Қазақ мемлекеттік Университетінің филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген. Бүкіл саналы ғұмырын еліміздің шығысындағы Төр Алтайдың Еңбек орта мектебінде шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаз – ақын. 1961 жылдан бері туған ауылында қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры болып қызмет істеді. Білім саласындағы ұзақ жылғы жемісті еңбегі «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атағымен бағаланған. 1999 жылы катонқарағайлық жеті ақынның «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деген атпен шыққан кітабына өлеңдер топтамасы енген. Төлеген Рақымжанұлының «Буырқанған Бұқтырма», «Туған жер сені жырлаймын», «Асылдарым» атты жыр жинақтары, кейіннен балаларының жинақтауымен «Өлеңмен өрілген өмір» атты кітабы оқырмандардың ыстық ықыласына бөленді. Аудан тарихын, осы ауданды мекен еткен халықтың шежіресін терең білетін Төкеңнің қарымды қаламынан шыққан туындылары өскелең ұрпақты адалдыққа, мейірімділікке тәрбиелеп, арман биігіне жетелейтіндігімен құнды. Туған жерінен ешқайда аттап баспай, Алтайдың ұлылығы мен сұлулығын асқан шабытпен жырлап, ауыл адамының бейнесін айнытпай салған арқалы ақын Катонқарағай өңірінен алғашқылардың бірі болып Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке өтті.
2008 жылы 23 желтоқсанда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Төлеген Рақымжанұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының 9/102-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Елубаева Нұрбала Сахарияқызы 1938 жылы 14 қарашада Большенарым ауданы Майемер ауылында дүниеге келген. 1947-57 жылдары Майемер, Жұлдыз мектептерінде оқып, орта білім алып шығады. Мектеп бітірген жылы 19 бала «Комсомолдар, ауылға!» ұранымен Көктерек бөлімшесіндегі «Тасқора» мал фермасына жұмысқа қалады. Қыздармен бірге жас Нұрбаласиыр фермасында сауыншы болады. 1960 жылдың 28 қаңтарында Көктерек орта мектебіне жұмысқа орналасады. 1965-67 жылдары Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық институттың тіл-әдебиет факультетінде оқып, жоғары білім алады. 1969-81 жылдары Көктерек орта мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, 1981-94 жылдары осы мектептің директоры болып қызмет атқарады. Ұстаздық қызмет атқарған жылдарында облыстық, республикалық педагогикалық оқуларға қатысып, жүлделі орындарды иеленеді. 1975-80 жылдары облыстық білім жетілдіру институтының тұрақты лекторы болады. Өз ісінің білгірі, қоғамдық істерге белсене араласатын білікті басшы 1969,1987 жылдары ауылдық Кеңестің депутаты болып сайланады. 1985-87 жылдары Большенарым аудандық партия комитетінің пленум мүшесі болады. 1978, 1986 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық партия конференцияларының, 1978, 1987 жылдары Қазақстан Республикасының V-VI мұғалімдер съездерінің делегаты. Ұзақ жылдардағы еңбегі үшін Нұрбала Сахарияқызы 1983 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1987 жылы Ыбырай Алтынсарин медалімен марапатталған. 1971 жылы Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, 1978 жылы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі атақтарын алған. Бірнеше ғылыми-әдістемелік еңбектер мен «Өмір-өзен», «Өмір иірімдері», «Армандастар», «Майемер» атты кітаптардың авторы.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның білім саласына сіңірген зор еңбегі үшін Нұрбала Сахарияқызына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жанұзақов Жұмақан Оқасұлы 1949 жылы 24 қаңтарда Катонқарағай ауданының Өрнек ауылында туған.1975 жылы Семей зооветеринарлық иниститутын ветеринария мамандығы бойынша бітірген. Алғашқы еңбек жолын оқу орнының берген жолдамасы бойынша Торғай облысының Торғай кеңшар техникумында бас мал дәрігері болып бастайды да, артынан, яғни, 1978-1986 жылдар аралығында Арқалық ауданының бас мал дәрігері, Арқалық аудандық агроөнеркәсіп бірлестігі бастығының бірінші орынбасары міндеттерін атқарады. Он жылдан астам уақыт сырт жақта қызмет істеп елге қайтып оралған Жұмақан Оқасұлы ауданымыздағы жұмысы ауыр, экономикасы ең күрделі «Алтай» кеңшарына бас мал дәрігері қызметіне жіберіледі. Бұл қызметте өзін білікті маман, іскер басшы ретінде көрсете білген Ж. Жанұзақов бірер жыл бас мал дәрігері міндетін атқарады да кеңшардың директорлығына жоғарлатылады.
1997 жылы облыста жүргізілген әкімшілік-аумақтық өзгертулерге байланысты екі аудан – Катонқарағай мен Большенарым біріктірілген кезде Ж. Жанұзақовқа ауданның бас мал дәрігерінің қызметі ұсынылады. Екі жылдан кейін аудандық аумақтық басқарманың бастығы болып тағайындалады.
Жұмақан Жанұзақов - қамқор әке, үлгілі отбасы. Аудандық орталық ауруханада дәрігер-терапевт болып істейтін жолдасы Бақтина Көкешқызы екеуі екі бала өсіріп тәрбиелеп, немере сүйіп отыр.
Ж.Жанұзақов ауданымыздың экономикасын, ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін «Тың және тыңайған жерлерді игеруге 50 жыл» мерекелік медалімен, ҚР ауылшаруашылығы Министрлігінің, облыс әкімшілігінің құрмет грамотасымен марапатталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Жұмақан Оқасұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қалибеков Тоқтасын Қалибекұлы 1950 жылы 20 желтоқсанда Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Черняховский атындағы совхоздың екінші бөлімшесінде қатардағы жұмысшы болып еңбек жолын бастайды.
Кеңшардың жолдамасымен Большенарым ауылындағы №16 кәсіптік-техникалық училищеде оқып, механизаторлық мамандықты меңгереді. 1968 жылдан 1971 жылға дейін туған ауылындағы кеңшарда тракторшы болып еңбек етіп, одан кейін екі жыл Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден келген соң механизаторлықты ары қарай жалғастырады. 1977 жылы кеңшардың жолдамасымен жүргізушілік курсты бітіреді де алты жыл автомашина рулінде отырып, еңбек етеді. 1983 жылы шаруашылықта егістікті күтіп-баптауға жаңаша еңбек тәсілі енгізіліп жатқан кезде Тоқтасын Қалибеков кеңшар басшыларына бірыңғай жасақпен жұмыс істейтін жалгерлік топ құру жөнінде ұсыныс жасап, артынан оған өзі жетекшілік етеді.
Бұл міндетті ол екі жыл атқарады да басшылардың қалауымен Топқайыңдағы №2 бөлімшеге басқарушылыққа ауысады.
1991 жылдың мамыр айында халық депутаттары Медведка ауылдық кеңесінің төрағалығына сайланып, бұл қызметті 1992 жылдың қарашасына дейін атқарады. Бұдан кейін «Жоғарыкатон» кеңшарының №4 бөлімшесінде басқарушы болып үш жыл істейді. 1995-1999 жылдар аралығында «Сәулет» концернінде орман учаскесін басқарады да, өзінің жеке шаруа қожалығын құрып біржола кәсіпкерлікке көшеді. Тоқтасын Қалибеков басқарған көпсалалы «Топқайың» шаруа қожалығы бүгінде ауданда алдыңғылардың қатарында. Жемісті еңбегі үшін Қалибеков Тоқтасын «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Тоқтасын Қалибекұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жәнібек Қызыр 1949 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Катонқарағай ауылында дүниеге келген. Е.П.Рыков атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін Катонқарағай автоколоннасында слесарь, одан кейін жүргізуші болып жұмыс істеген. 1972 жылы армия қатарынан қайтып оралғаннан соң, аудандық «Арай – Луч» газетінің редакциясына әдеби қызметкер болып орналасады да, ұзақ жылдар бойы осы мекемеде абыройлы қызмет жасап, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, редактордың орынбасары міндеттерін атқарады. Қазіргі күнге дейін ол осы ұжымда өзінің шығармашылық жолын жалғастырып келеді. Қазақстан Журналистері Одағының мүшесі Жәнібек Қызыр оқырмандарға сонау алпысыншы жылдардың ортасынан бастап танылған. Алғашқы өлеңдер топтамасы «Ағажай, Алтайдай жер қайда» деген атпен шыққан кітапқа енген. Ауданның 70 жылдығына орай шыққан «Алтайдың алтын алқасы» кітабының дүниеге келуіне де Жәнібек Қызырдың қосқан сүбелі үлесі бар. «Жер жаннаты Катонқарағай», «Ерлік дастан» I,II томдары, «Ақбұлақ» атты кітаптары қалың оқырманнан өз бағасын алды. Біраз өлеңдерінің сөздеріне жазылған әндер ауылдардың, ауданның, облыстың сахналарында орындалып жүр. Жәнібек Қызырдың ұзақ жылдардағы шығармашылық еңбегі «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, аудандық «Арай» -«Луч» газеттерінің 70 жылдығын атап өтуге байланысты Қазақстан Республикасы ақпарат, қоғамдық келісім және мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаметтің қолы қойылған арнайы Құрмет грамотасымен, облыстық Журналистер одағының, облыс әкімі мен мәдениет қызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің грамоталарымен бағаланған.
2009 жылы 18 ақпанда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Жәнібек Қызырға IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-IV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Старшинаев Жиенбол Старшинаұлы 1940 жылы 10 қаңтарда Катонқарағай ауданы, Қызылжұлдыз ауылында дүниеге келген. 1958 жылы С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіріп, бір жыл туған ауылындағы кеңшарда жұмыс істейді. 1960 жылы Москва жерге орналастыру инсти-тутының жерге орналастыру факультетіне оқуға түсіп, оны 1965 жылы ойдағыдай аяқтайды. Институтты бітірген соң әскер қатарына шақырылып, Түрікменстанның Мары қаласында Отан алдындағы борышын өтейді. Әскерден кейін Алматыда «Қазгипрозем» бас жобалау институтында аға жерге орналастыру инженері болып қызмет істейді.
1968 жылы Большенарым ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарға жұмысқа орналасып, аға инженер-гидротехник, бірінші бөлімшенің агрономы қызметтерін қоса атқарады. Үш жыл ұжымшар кәсіподақ ұйымының төрағасы болып сайланады.
1973-1982 жылдары аудандық партия комитетінің ұсынуымен Новоберезовка ауылдық кеңесінің төрағасы болады.
1982-1985 жылдары Ленин атындағы ұжымшардың бас инженер-гидротехнигі, бірінші бөлімшенің меңгерушісі қызметтерін қоса атқарады. 1986-1989 жылдары Ленин атындағы ұжымшардың бас агрономы, 1989-1991 жылдар аралығында ұжымшардың партия ұйымының хатшысы болады. 1991-1996 жылдары ұжымшар таратылғанға дейін бас агроном қызметін аброймен атқарады.
Кеңестер одағы құлап, шаруашылықтар таратылып, ауыл шаруашығының құлдырау кезеңінде Жиенбол Старшинаев өзінің шаруа қожалығын құрып, егіншілікпен айналыса отырып, жерлестерін жұмыспен қамтып, ауыл шаруашылығының тұрақталуына өзіндік үлесін қосты. Ол – өз округінде, аудан деңгейінде демеушілік, қайырымдылық шараларға үнемі қатысып отыратын жомарттығымен аудан халқына танымал адамдардың бірі.
«Үздік еңбегі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, бірінші, екінші, үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор еңбегі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының ХІ сессиясының №11/113-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Уәлханов Нұрбай Нұралыұлы
1952 жылы 1 қаңтарда Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Өскемен педагогикалық институтының физика және жалпы техника факультетін бітірген. Еңбек жолын Медведка ауылындағы орта мектепте мұғалімдіктен бастап, 1978-1992 жылдар аралығында аталған мектепте директор қызметін атқарды.
Нұрбай Нұралыұлы 1980 жылы Медведка ауылында типтік, заман талаптарына сай 480 орындық мектеп салынуына ықпал етті. Мектептің материалдық-техникалық базасына, оқушылардың білім сапасына ерекше көңіл бөлді. Оның іскерлік, ұйымдастыру қабілеттері ескеріліп 1992 жылы Белқарағай ауылдық кеңесінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алған жылдары ауылдық округ әкімшілігінің басшысы, ауылдық округтің әкімі қызметтерінде болды. Бұл қызметтерде ол ауыл халқының болашаққа деген сенімінің нығаюына, жаппай жекешелендіру кезінде қолда бар инфрақұрылым нысандарын талан-таражға салмай, сақтап қалуға бағытталған жұмыстар жүргізуге көп күш-жігерін жұмсады.
Нұрбай Уәлханов білім саласындағы және мемлекеттік қызметтегі қажырлы еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл» және «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен, Қазақстан Республикасы білім министрлігінің мақтау грамоталарымен мадақталған.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік - экономикалық дамуына қосқан зор еңбегі үшін Нұрбай Нұралыұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/113-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Федоров Алексей Кириллович 1939 жылы Жамбыл облысы Шу ауданы Қосқұдық ауылында дүниеге келген. 1956 жылы мектеп бітірген соң, 1956-1958 жылдары Алматы үй құрылыс трестінде плотник болып еңбек еткен, 1958 жылы Алматы ауыл шаруашылық институтының орман шаруашылығы факультетіне оқуға түсіп, бітірген соң жолдамамен Большенарым орман шаруашылығына бас орманшы қызметіне жұмысқа орналасады. 1965-1970 жылдары Большенарым аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, 1970-1973 жылдары аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1973-1975 жылдары аудандық партия комитетінің екінші хатшысы қызметтерін атқарған. 1975-1977 жылдары Москва қаласында жоғары партия мектебінің тыңдаушысы, 1977-1980 жылдары Зырян аудандық атқару комитетінің төрағасы болып еңбек еткен. 1986-1989 жылдары Катонқарағай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған. Халықпен етене араласып, шалғай ауылдар мен шопан отарларын атпен аралап жүретін іскер басшы ауданға тың серпін әкілді. Еңбек адамдарының жағдайын жақсарту, тұрғын үйлерді көптеп салу, жас мамандарды басшылық қызметтерге тарту, егін шаруашылығын жаңа бағытта дамыту, сол кездің өзінде шағын кәсіпкерлікті нығайту секілді істері аудан өміріне елеулі өзгерістер әкелді.
Алексей Кириллович 1989-1991 жылдары Таврия аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1991-1997 жылдары облыстық экономика басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған. 1997 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққан.
2009 жылы 18 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сіңірген зор еңбегі үшін Алексей Кирилловичке IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының ХІ сессиясының №11/113-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Аяғанов Алтай Нұрқасынұлы
1941 жылы 25 тамызда Катонқарағай ауданы, Қараайрық ауылында дүниеге келген. Қараайрық бастауыш, Өрел орта мектептерінде оқып, сегіз жылдық білім алғаннан кейін Өскемен ауыл шаруашылық техникумына оқуға түсіп, зоотехник-мал дәрігері мамандығын алып шығады. 1966 жылдан бастап мамандығы бойынша Большенарым ауылында мал дәрігері, одан кейін ұзақ жылдар мал дәрігерлік дәріхананың меңгерушісі болып қызмет атқарады.
Еліміз тығырыққа тірелген тоқсаныншы жылдары кеңшарлар мен ұжымшарлар таратылған кезеңде өз білімі мен тәжірибесінің арқасында жеке кәсіпорындар құрып, халықты жұмыспен қамтуға, олардың күнкөрістік табыстарын табуларына, ауылшаруашылығы саласынының сақталуына зор үлесін қосады. 1991 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысып, «Алтай А.Н.» шаруа қожалығын, «Мұзтау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін ұйымдастырып, қазіргі уақытқа дейін сол ұжымдарға басшылық жасап келеді.
Алтай Нұрқасынұлы - ІІ шақырылған Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты. 2011 жылғы қаңтар айында өткен VІІ Азияда ойындарына біздің ауданның өкілі болып жіберілді.
2011 жылы ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» белгісімен марапатталды.
2009 жылы 16 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі мен қоғам өміріндегі белсенділігі үшін Алтай Нұрқасынұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының ХІІІ сессиясының №13/130-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қасенов Қамбархан 1932 жылы 12 қаңтарда Большенарым ауданы, Үштөбе ауылында дүниеге келген. 1943 жылы Үштөбеден бастауыш мектепті, 1950 жылы Катонқарағай ауданы, Шыңғыстай орта мектебінен сегізінші сыныпты, 1951 жылы Жұлдыздан орта мектепті бітіреді. 1951-1954 жылдары осы мектептің бастауыш сыныптарына,кейіннен 5-7 - сыныптарына биология-география пәндерінен сабақ береді.
1954 - 1957 жылдары әскер қатарына шақырылып, өзінің Отан алдындағы борышын өтейді. Әскер қатарынан оралғаннан кейін. 1957-65 жылдары Көктерек мектебінде биология-география пәндерінен дәріс береді. 1957 жылы Н.К.Крупская атындағы мұғалімдік институттың биология-география факультетін, 1964-67 жылдары Өскемен мемлекеттік педагогикалық институтының биология факультетін сырттай оқып бітіреді. 1965 жылдан 1993 жылға дейін Қамбархан Қасенұлы табан аудармай Жұлдыз орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарды. Алғашында биология-география пәндерінің мұғалімі, 1971-73 жылдары интернат меңгерушісі–мұғалім, 1975-83 жылдары мектеп директорының оқу-тәрбие жөніндегі, оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1986 жылдан 1993 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін мектеп директоры болды. Қызмет еткен жылдарында сан алуан шәкірттерді білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге жолдама берсе, басшылық қызметтерде жүргенде мектептегі оқу-тәрбие жұмысының дамуына аянбай тер төкті.
Ұстаздық қызметтегі адал еңбегі «Еңбек ардагері» медалімен, «Қазақ КСР-нің оқу-ағарту ісінің үздігі» белгісімен бағаланды. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің мерекелік медальдарымен марапатталған. Халық ағарту қызметкерлері облыстық кәсіподақ комитетінің және Большенарым аудандық оқу бөлімі мен кәсіподақ комитетінің мақтау грамоталарымен, Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымының құрылуының 20 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы ардагерлер ұйымы Шығыс Қазақстан облыстық кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталған.
2009 жылғы 16 маусымда ауданның білім саласына сіңірген зор еңбегі үшін Қамбархан Қасенұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XIII сессиясының №13/130-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Зайнулдин Серік Зинабекұлы 1964 жылы 25 ақпанда Зайсан ауданының Зайсан қаласында дүниеге келген. 1981 жылы Айнабұлақ орта мектебін тәмамдады. 1986 жылы Семей зооветеринарлық институтын зоотехник, 2011 жылы Шығыс Қазақстан аймақтақ университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.
1986 жылы жас маман өз қызметін Зайсан ауданындағы «Айнабұлақ» кеңшарында бас зоотехник болып бастайды. 1991-93 жылдары «Айнабұлақ» кеңшарының директоры, 1993-97 жылдары аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы болып қызмет атқарады. 1997-2007 жылдары Зайсан ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы, құрылыс және тұрғын үй-коммуналды шаруашылық мәселелеріне басшылық ететін орынбасары болады. 2004-05 жылдары Зайсан ауданы әкімінің міндетін атқарады.
2007 жылы Катонқарағай ауданының әкімі болып тағайындалды. Серік Зинабекұлы аудан әкімі болған жылдарда ауданымызда жаңа мектептер мен аурухана ғимараттары бой көтерді. Іскер басшы ретінде ерекшеленген әкім аудан өміріне тың серпіліс әкелді. Аудан орталығы абаттандырылып, көптеген ғимараттар күрделі жөндеуден өткізілді, туризмнің дамуына бағытталған серпінді жобалар енгізіліп, инвесторлар тартылды. 2010 жылдың 16 шілдесінде Зайсан ауданының әкімі болып ауысты.
Серік Зинабекұлы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен және «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
2009 жылғы 28 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Серік Зинабекұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVII сессиясының №17/156-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Жұмағұлов Ерен Кадошұлы 1950 жылы 3 шілдеде Катонқарағай ауданы, Чернова ауылында дүниеге келген. 1967 жылы Чернова орта мектебін бітірген.
Ерен Кадошұлы 1975 жылы Ермак денешынықтыру техникумын, 1987 жылы Өскеменнің педагогикалық иниститутын, 2004 жылы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын «Чернова» кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастады. Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген соң, екі жыл Чернова орта мектебінде дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. 1975-1985 жылдары Катонқарағай аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы, одан кейін директоры болады. 1986-1991 жылдары Ленин атындағы орта мектепте денешынықтыру және тарих пәнінің мұғалімі, 1991-1997 жылдары Катонқарағай аудандық аң шаруашылығының директоры, 1997-2001 жылдарда Шығыс Қазақстан облысы бойынша орман және биоресурстар басқармасының саяткері қызметтерін атқарған.
Ерен Кадошұлы ерекше экологиялық, мәдени құндылығы бар аймақтың ғажап табиғатын сақтап, бұрынғы қалпына келтіру үшін Катонқарағай ұлттық табиғи паркінің ашылуына атсалысып, оның аяғынан тұруына көп еңбек сіңірді. 2001 жылы парктің ашылған күнінен бастап 2008 жылға дейін Бас директор қызметін атқарды. 2008 жылы елiмiздiң бiрегей тарихи-мәдени мұра объектiлерiн сақтау мақсатында құрылған «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайына директор болып тағайындалды.
Еңбектегі жетістіктері ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Алғыс хатымен, Құрмет грамотасымен, «Ресейдің кәсіподақтарына 100 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Мәдениет министрлігінің, ҚР Ауылшаруашылық министрлігінің, Ормен және аңшылық шаруашылық Комитетінің, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, Катонқарағай ауданы әкімінің грамоталарымен және алғыс хаттарымен бағаланған.
ІІІ, ІV, V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының депутаты.
2010 жылы 28 шілдеде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХІІІ сессиясының №23/189-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Иманғалиев Совет Қапанұлы 1950 жылы Ұлан ауданында дүниеге келген. 1967 жылы орта мектепті, 1973 жылы Өскемен педагогикалық иниститутының химия факультетін бітірген. 1973 жылы оқу орнының жолдамасымен Чернова орта мектебіне келіп, бір жыл оқу ісінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. Осы жерден ол Катонқарағай аудандық комсомол комитетінің екінші хатшылығына тағайындалады да, артынан бірінші хатшысы болады. 1979-1982 жылдар аралығында Катонқарағай аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болады. 1982 жылы Москва қаласына КСРО Дипломатиялық Академиясына үш жылдық оқуға жіберіледі. 1985-1991 жылдары Семей облыстық атқару комитетінде, Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінде, Қазақстан Республикасы Білім министрлігінде жауапты қызметтер атқарады.
1996-1998 жылдары Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі Бас елшілік басқармасында кеңесші, басқарма бастығының орынбасары, бастықтың міндетін атқарушы қызметтерінде болды. Бұдан кейін екі жылдай Қазақстан елшілігінің Монғолия және Қытай Халық Республикасындағы кеңесшісі қызметін атқарды. 1999-2001 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің сыртқы экономикалық мәселелер жөніндегі кеңесшісі, 2001 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Өскемен қаласындағы Консулы қызметін атқарды. Ел алдындағы елеулі істері мемлекет тарапынан өз бағасын алды.
«Нәрін, дарын, бәрін берген – туған жер», «Совет Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров» атты кітаптардың, сонымен қатар, Катонқарағай ауданы, аудан көлеміндегі өзімен істес болған адамдар жайлы жазылған «Анамдай әлпештеген Асқар Алтай» атты естелік кітабының авторы Қазақ, орыс, монғол, қытай, түрік тілдерін меңгерген.
2010 жылғы 28 шілдеде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Совет Қапанұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIII сессиясының №23/189-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Сейітов Алтайбек Сейітұлы 1951 жылы 18 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы, Большенарым ауданы, Майемер ауылында дүниеге келген.
1974 жылы Қазақ мемлекеттік Еңбек Қызыл Ту орденді ауылшаруашылық институтын агроном, 2002 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін экономист-юрист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1968 жылы Большенарым ауданы, Ленин атындағы ұжымшарда бөлімше есепшісі болып бастайды. 1974-76 жылдары осы шаруашылықтың бас инженер-гидротехнигі, 1976-86 жылдары бас агрономы, «Ульяновский» ет-сүт кеңшарында бас агроном болып қызмет атқарады. 1986-89 жылдары Үлкен Нарын аудандық мамандандырылған мал бордақылау бірлестігінің, 1989-92 жылдары «Юбилейный» ет-сүт кеңшарының директоры болады.
1992-97 жылдары Большенарым ауданының әкімі, 1997-2002 жылдары екі аудан біріккеннен кейін Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет атқарады. 2002-2004 жылдары Өскемен қаласының ұн тарту комбинатының «ТАНур-Бидай» ЖШС-ның директоры, 2004-2005 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру, кадр және қадағалау бөлімінің бас маманы лауазымында болады. 2005-2006 жылдары Қазақстан Республикасының Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н.А. Назарбаевты қолдау штабының ұйымдастыру және бұқарамен ақпарат үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 2006-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының облыстық ауыл шаруашылығы департаментінің тұқым шаруашылығының бас агрономы болып қызмет атқарған. 2007 жылдың 28 ақпанынан бері Күршім ауданының әкімі.
Алтайбек Сейітұлы жемісті еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Төтенше жағдайлардың алдын алуда және жоюда үздік шыққаны үшін» медалімен, «ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісімен,«Астана», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
2010 жылғы 29 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Алтайбек Сейітұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXVII сессиясының №27/237-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бақтияров Алибас Бақтиярұлы
1940 жылы 10 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Большенарым ауданы, Көктерек ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, мамандығы математика пәнінің мұғалімі, зоотехник. 1968 жылға дейін білім саласында қызмет етіп, жастарды тәрбиелеуде зор еңбек сіңірді. 1968 жылы партия қатарына алынды. Партия комитетінде көптеген жылдар еңбек етті. 1970-1974 жылдары Большенарым аудандық партия комитетінде нұсқаушы, 1974-1979 жылдары осы аудандағы №16 кәсіптік орта мектебінде директор, 1979-1984 жылдары аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1984 жылдан 1987 жылға дейін Большенарым ауданының ауылшаруашылық басқармасының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды. 1987-1994 жылдары «Калинин» атындағы ұжымшардың төрағасы болып, ауылшаруашылығын дамытуда өз үлесін қосты. 1994 жылы «Хайрузовка» кеңшарына директор болып тағайындалды. 1999 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін «Өскемен ұн тарту комбинаты» ЖШС директорының орынбасары қызметін атқарды.
Алибас Бақтиярұлы ұзақ жылдардағы басшылық қызметінде іскерлігімен, еңбекқорлығымен, ісіне деген жауапкершілігімен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын байсалды мінезімен көзге түсті. Облыстық партия конференциясына делегат, облыстық мәслихатқа депутат болып сайланды.
Еңбектегі жетістіктері үшін «Еңбек ардагері» медалімен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің, Катонқарағай ауданы әкімінің грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.
2011 жылғы 21 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Алибас Бақтиярұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXXIII сессиясының №33/301-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кемпірбаев Көксеген Торғайұлы 1940 жылы 17 тамызда Катонқарағай ауданы Өрел ауылында дүниеге келген. Білімі арнаулы орта. Мамандығы техник-механик.
Көксеген Торғайұлы өзінің еңбек жолын 1958 жылы Өрел ауылында жұмысшы болып бастайды. 1962-1965 жылдары әскер қатарында болып, Отан алдындағы борышын өтеп қайтады. Әскерден келген соң бір жыл «Өрел» кеңшарында жүргізуші, 1970 жылға дейін Большенарым ауылындағы автобазада механик, 1973 жылға дейін автоколонна басшысы болып еңбек етеді. 1973-1990 жылдары Қазақстан компартиясы аудандық комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, партиялық комиссияның төрағасы, ұйымдастыру бөлімінің басшысы секілді жауапты қызметтерді атқарады. 1990 жылы Большенарым ауылындағы аудандық тұрмыстық комбинаттың директоры болып тағайындалып, сол жерде зейнеткерлікке шыққанға дейін еңбек етеді. Еңбекпен есейген Көксеген Торғайұлы зейнеткерлікке шыққаннан кейін де тек жатпай, жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Аудан көлемінде атқарылып жатқан қайырымдылық шараларының белсенді мүшесі болып табылатын жеке кәсіпкер қазіргі таңда тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балаларына, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, білім мен мәдениет саласына үнемі көмек қолын созып, демеушілік көрсетіп отырады.
Көксеген Торғайұлы қызмет істеген жылдарында еңбекқорлығымен, ісіне деген жауапкершілігімен, адамдармен дұрыс қарым-қатынас жасай алатын байсалды мінезімен ерекшеленді. 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 2005 жылы «Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Көптеген мақтау қағаздарын, алғыс хаттарын алған.
2011 жылғы 21 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Көксеген Торғайұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXXIII сессиясының №33/301-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Құсманова Гүлбану Имашқызы Катонқарағай ауданының Өрел ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіреді. Сол жылы Тәжікстан астанасы Душанбе қаласындағы Мемлекеттік Университетке оқуға түсіп, оны 1971 жылы үздік дипломмен аяқтайды. Жоғарғы оқу орнын бітірген жас маман Катонқарағай ауданындағы «Арай»- «Луч» газетіне тілші болып орналасады.
Осы ауданда Гүлбану Имашқызы ширек ғасыр, 1971 жылдан 1995 жылға дейін, аудандық газет редакциясында, аудандық партия комитетінде, аудандық әкімшілікте, облыстық телерадио кешенінің аудандық радио редакциясында жауапты қызметтер атқарды.
1995-1996 жылдары облыстық «Дидар» газетінде тілші, облыс әкімі аппаратының ішкі саясат бөлімінің кеңесшісі болды.
Гүлбану Имашқызы 1997-2003 жылдарда облыстық Тіл комитетінің төрайымы қызметін атқарып, облыстағы тіл саясатының алғашқы қадамдарының күрделі де жауапты жүгін абыроймен атқарды.
Облыстық мемлкеттік қызмет жүйесінің ықшамдалуына байланысты Гүлбану Имашқызы 2003-2004 жылдары облыстық Жасөспірімдер Үйінің директоры қызметіне ауыстырылды.
Кейін облыстық біліктілікті арттыру институтының «Педагогический мир», «Педагогичекий вестник» арнайы басылымдарының қызметкері болып орналасты.
Катонқарағай топырағында туып өсіп, осы жерде мемлекет қызметінде ширек ғасыр бойы еңбек еткен, аудан ғана емес –облысымыздың рухани тірлігіне із қалдыра білген, аудандағы қыздар ішінен шыққан тұңғыш газет редакторы, партия комитетінің екінші хатшысы, тәуелсіздік жылдарында облыстық комитет басшысы болған Гүлбану Имашқызы атқарған жұмыстары үшін 2001 жылы Тәуелсіздіктің 10 жылдығына орай ҚР Президентінің Алғыс хатымен және ҚР Мәдениет және ақпарат минитрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.
2011 жылғы 21 желтоқсанда аудан көлеміндегі рухани құндылықтарды байытуға қосқан зор үлесі үшін Гүлбану Имашқызына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXXIII сессиясының №33/301-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Оразаев Шаймардан Сүлейменұлы 1951 жылы 10 наурызда Катонқарғай ауданы Медведка ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Медведка орта мектебін бітіріп, комсомолдық жолдама бойынша Черняховский атындағы кеңшарда шопан болып еңбек жолын бастайды.
1969-70 жылдары Қиыр Шығыста Отан алдындағы әскери борышын өтейді. 1970-72 жылдары Черняховский атындағы кеңшарда токарь, бір жылдан соң комсомол комитетінің хатшысы болып еңбек етеді. 1972 жылы Лениногор орман шаруашылық техникумына оқуға түсіп, оны 1975 жылы үздік дипломмен аяқтайды.
1975-80 жылдары Катонқарағай орман шаруашылығында орманшы, құрылыс прорабы, ағаш дайындау бөлімінің бастығы, техника қауіпсіздігінің инженері қызметтерін аброймен атқарады.
1980 жылы партияның жолдамасымен Алматы жоғарғы партия мектебіне барып, 1984 жылы үздік бағамен аяқтайды.
1984-90 жылдары Катонқарағай аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, Катонқарағай аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары,«Ақмарал» агрокомбинатының бас директоры болып қызмет етеді.
1990-97 жылдары аудандық атқару комитетінің бірінші орынбасары, аудан әкімінің орынбасары, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, 1997 жылы екі аудан біріктірілгеннен кейін Катонқарағай аумағы бойынша аудан әкімінің орынбасары, 1997-2005 жылдары Катонқарағай ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды. Өр Алтайда Шаймардан Сүлейменұлының іске асырған еңбектерінің нәтижесін ел-жұрты жақсы біледі.
Бірнеше дүркін Катонқарағай аудандық партия комитетінің мүшесі, депутаттар кеңесінің депутаты болып сайланды.
2011 жылғы 21 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Шаймардан Сүлейменұлына IV шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXXIII сессиясының №33/301-ІV шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Плотников Сергей Викторович
1960 жылы 22 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, бұрынғы Большенарым ауданы, Большенарым ауылында дүниеге келген.
Білімі жоғары. 1982 жылы Саратов политехникалық институтын бітірген. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор. Әскери атағы – подполковник
Сергей Викторович өзінің еңбек жолын Өскемен қаласындағы «Востокмашзаводта» ауысым шебері, бас шебер болып бастады. 1984 жылдың сәуір айынан 1986 жылдың қазан айына дейін комсомол комитетінің хатшысы, Өскемен қалалық комсомол комитетінің екінші хатшысы, Шығыс Қазақстан облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарды. 1986 жылы өзінің сүйікті кәсібіне қайта оралып, «Востокмашзаводта» цех бастығының орынбасары, бас технолог, материалдық-техникалық қамтамасыз ету және дайын өнімдерді сату бөлімінің бастығы қызметтерін атқарды. 1998 жылы өз ісіне берілген білікті маман облыстық әкімшілікке мемлекеттік қызметке ауыстырылып, Шығыс Қазақстан облысы энергетика, индустрия, телекоммуникация және сыртқы экономикалық байланыс басқармасының бастығы қызметіне тағайындалды. 2003-2007 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданының әкімі, 2007- 2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметтерінде болды. 2008 жылдың қазан айында «Нұр Отан» ХДП-ның ұсынысымен Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты болып сайланды. Қазір Сенат депутаты Сергей Викторович Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының қаржы және бюджет комитетінің мүшесі. Көп жылдан бері Қазақстан Республикасы хоккей федерациясының мүшесі болып табылады.
Ұзақ жылғы табысты еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «Тыңға 50 жыл», «Қазақстан Конституциясына 10 жыл», «Астананың 10 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Зайыбы Плотникова Татьяна Николаевна екеуі үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.
2012 жылғы 19 желтоқсанда ауданның өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Сергей Викторовичке V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/68-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Сапарбаев Бердібек Машбекұлы 1953 жылы 9 ақпанда Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының Бесарық ауылында дүниеге келген.
1977 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтын «Экономика және материалдық техникалық жабдықтау» мамандығы бойынша бітірді. Экономика ғылымдарының докторы, профессор.
Еңбек жолын 1969 жылы Қызылорда облысының Задарьинский совхозының жұмысшысы болып бастады 1971-73 жылдары Отан алдындағы борышын өтеді. 1977 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Мемеңбекжинақкассасының Қазақ республикалық басқармасында тексеруші, 1977-88 жылдары ҚазКСР Қаржыминінде экономист, аға экономист, жетекші, бас экономист, бөлім бастығының орынбасары, 1988 жылдан ҚазКСР Халыққа білім беру министрлігі жоспарлау-қаржы басқармасының бастығы, 1990 жылдан ҚР Білім министрінің орынбасары, 1994 жылдан ҚР Президенті және ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ҚР Министрлер кабинетінің Істер басқармасы қаржы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі. 1995 жылдың наурыз айынан ҚР Министрлер кабинеті Аппаратының жетекшісі қызметтерін атқарды.
1995 жылдың қыркүйек айынан Қызылорда облысының, 1999 жылдан Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болды. 2002 жылдан ҚР Кедендік бақылау агенттігінің төрағасы, 2004 жылдан қаржы вице-министрі, ҚР Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитетінің төрағасы, 2006 жылдан ҚР Премьер-министр кеңсесі жетекшісінің орынбасары, 2007 жылдан ҚР экономика және бюджеттік жоспарлау вице-министрі, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі секілді жауапты қызметтер атқарды. 2009 жылдан бері Шығыс Қазақстан облысының әкімі.
«Құрмет» (1999ж.), «Парасат» (2007ж.), I дәрежелі «Барыс» (2012ж.) ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.
2012 жылғы 19 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Бердібек Машбекұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/68-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Рақышев Ораз Қалиоллаұлы 1938 жылы 17 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, бұрынғы Черновая ауылында дүниеге келген. Әкесі соғыста қайтыс болып, інісі Мэлс екеуін шешелері Батиха ер жеткізіп, білім әпереді. 1950 жылы Чернова бастауыш мектебін, 1956 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіреді. Алматы байланыс училишесін аяқтаған соң туған ауылында еңбек жолын бастайды.
1961 жылы әскер қатарына шақырылып, Калининград қаласында әскери борышын өтейді. 1964-65 жылдары Ярослав және Вольск әскери училищелерін, 1974 жылы Ленинградтың командалық және жабдықтау академиясының тыл жөніндегі факультетін бітірген. Әскери өмірінің басым бөлігін Қазақстаннан тысқары жерде – Германияда, Венгрияда, Россияның Москва, Ленинград, Горький, Нижегородск қалаларында өткізіп, жоғарғы командалық деңгейдегі әскери бригаданың, дивизия командирінің орынбасары қызметтерін аброймен атқарған. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін әскери тәжірибесі мол Ораз Қалиоллаұлы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінің материалдық байлықтар жөніндегі министрлігінің бас маманы, Семейдегі Армия корпусы командирінің тыл жөніндегі орынбасары, Республика қорғаныс министрінің орынбасары болып қызмет атқарды.
Әскери қызметіндегі жетістіктері мен еліміздің қорғаныс қуатын арттыруға қосқан үлесі үшін генерал-майор Рақышев Ораз Кеңес үкіметінің және Қазақстан Республикасының жоғары наградаларымен, «Даңқ», «Құрмет белгісі» ордендерімен және ондаған медальдармен марапатталған. Өмірлік жары Зоя Қалиқызы екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген.
2012 жылғы 19 желтоқсанда өз іс-қызметі арқылы аудан беделін көтергені үшін Ораз Қалиоллаұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының IX сессиясының №9/68-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алпысова Зәбила Алпысқызы 1923 жылы 1 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1930-1940 жылдары Шыңғыстай орта мектебін айрықша аттестатпен оқып бітірді. Мектеп бітіре салысымен жалынды жас қыз өз мектебіне мұғалімдік қызметке араласты. Ел басына күн туған қаһарлы соғыс жылдары Чернова ауылындағы орыс мектебінде ашылған бесінші қазақ сыныбына барлық пәннен, Шыңғыстай орта мектебінде математика пәнінен, Таңба орталау мектебінің бесінші–жетінші сыныптарына физика-математикадан сабақ берді. 1944 жылы осы мектептің оқу ісінің меңгерушілігіне ауыстырылды. Келесі жылы Алтай орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі болып, физика-математика пәнінен сабақ берді. Соғыс аяқталған соң, 1945 жылы Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1949 жылы қызыл дипломмен оқып бітірді. Институтты бітіріп келген жылдан бастап 1983 жылға дейін, зейнеткерлікке шыққан соң да он жылдан астам уақыт Зәбила Алпысқызы табан аудармай Шыңғыстай орта мектебінде жас ұрпаққа білім берді. Қазақ КСР халық ағарту ісінің озат қызметкері, бірнеше дүркін облыстық, аудандық Кеңестің депутаты, Республикаға еңбек сіңірген мұғалім Зәбила Алпысқызы мыңдаған шәкіртті білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырды. Олардың ішінде атағы алты алашқа жайылған айтулы тұлғалар аз емес. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері»және I,II дәрежелі «Ана» медальдарымен, «В.И.Лениннің жүз жылдығы», «1941-45 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 50 жылдығы» мерекелік медальдарымен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің, Қазақ КСР Халық ағарту Министрлігінің, БЛКЖО ОК-нің мақтау грамоталарымен марапатталған. Қазақстан Республикасының Мұғалімдерінің IV съезіне, Қазақстан Республикасы кәсіподақтарының IX съезіне делегат болып қатысқан. Қазір Республикалық мәндегі дербес зейнеткер.
2013 жылғы 26 ақпанда ауданның білім саласына сіңірген зор еңбегі үшін Зәбила Алпысқызына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Акимбаев Нұрлан Сейтенұлы 1942 жылы 24 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келді.
1957 жылы Шыңғыстай орта мектебінің сегізінші сыныбын бітіргеннен кейін жанұя жағдайына байланысты оқуын жалғастыра алмай, «Молотов» атындағы колхозға жұмысқа кіреді. Осы колхозда, 1958 жылдан бастап қайта құрылған «Алтай» совхозында көмекші шопан, тіркемеші, балғашы болып жұмыс істейді. 1960-61 жылдары аудандық әскери комиссариат атынан шоферлар курсын оқып, 1962 жылы әскер қатарына шақырылады. 1965 жылы Түркістан әскеи округінде өзінің Отан алдындағы әскери борышын аброймен атқарып келген жас жігіт «Алтай» совхозына жүргізуші болып жұмысқа кіреді. 1976-82 жылдары «Алтай» совхозы Шыңғыстай бөлімшесінде механик, трактор дала бригадирі болып еңбек етеді.
1982 жылы қызметте шыңдалған, өз ісін жетік білетін маман №3 Шыңғыстай бөлімшесіне меңгеруші болып қызметке орналасады. «Алтай» совхозының Жаңаүлгі, Шыңғыстай бөлімшелерінде меңгеруші болып ұзақ жылдар еңбек еткен Нұрлан Сейтенұлы жекешелендіру кезінде «Қызыл тау» шаруа қожалығын құрып, шаруа қожалығының басшысы ретінде көптеген игі істер атқарды. Ауылда ұн тартатын диірмен ашып, халықты ұнмен қамтамасыз етті. Жас ұрпақтың тәрбиесіне жіті көңіл бөліп, мектепке, тұрмысы төмен отбасыларға үнемі демеушілік жасап отырды. 2005 жылы құрметті зейнетке шықты. Катонқарағай ауданының ауылшаруашылық өндірісіне сіңірген елеулі еңбегі және жас ұрпаққа тәлім-тірбие берудегі белсенді қоғамдық қызметтері үшін аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталып, көптеген алғыс хаттар алған.
2013 жылғы 26 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор еңбегі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Нұрлан Сейтенұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Түпелеков Құмарбек Түпелекұлы 1953 жылы 18 қазанда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Таңба ауылында (қазіргі Еңбек ауылы) дүниеге келген. Білімі жоғары. 1979 жылы Өскемен педагогикалық институтын, 1990 жылы КСРО ІІМ Қарағанды жоғарғы мектебін бітірген.
1971 жылы Чернова орта мектебін үздік бітіріп, бір жыл Чернова кеңшарында жұмыс істеді. 1972 жылдың мамырында КСРО қарулы күштер қатарына шақырылып, әскери қызметін танкист болып Германия Демократиялық Республикасында өтеді. 1974 жылы Өскемен педагогикалық институтына оқуға түсті. Институтта оқып жүрген кезінде-ақ студенттік құрылыс отрядының құрамында Катонқарағай ауданында көптеген шаруашылық нысандар және тұрғын үй тұрғызу жұмыстарына белсене араласты. 1979 жылы институтты үздік бағамен бітіріп, ішкі істер органдары қызметіне жұмысқа орналасты.
1985-87 жылдар аралығында КСРО ішкі істер министрлігінің өкілдігі қарамағында Ауғанстан Республикасында интернационалдық борышын өтеді. Ауғанстаннан оралғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер органдарында қызметін жалғастырды.
1987 жылдың ақпаны мен 1995 жылдың желтоқсаны аралығында облыстық ішкі істер органдары жүйесінде әр түрлі басшылық лауазымдарда болды. 1995 жылдың желтоқсанынан бастап Өскемен қаласының ішкі істер басқармасының бастығы, 2003 жылдың наурызынан бастап Шығыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті бастығының орынбасары қызметінде болды.
2008 жылдың ақпанында жасы бойынша құрметті еңбек демалысына шықты.
Құмарбек Түпелекұлы Отан алдындағы ерлігі, жауынгерлік батылдығы, ұзақ жылдардағы мінсіз қызметі үшін «Ауған соғысының ардагері» орденімен, «Ерекше қызметі үшін», «Ұрыс әрекеттерінің ардагеріне», Бауыржан Момышұлының «Батыр шапағаты», «Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының ардагері» медальдарымен және басқа да көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
2013 жылғы 26 ақпанда өз іс-қызметі арқылы аудан беделін көтергені үшін Құмарбек Түпелекұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тумашинов Лұқбек Шабданұлы
1963 жылы 6 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданының Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Н.В.Гоголь атындағы Нежин педагогикалық институтын, Шығыс Қазақстан Аймақтық Университетін бітірген. 1985 жылы жоғары білімді жас маман Большенарым ауданы Жұлдыз ауылындағы орта мектепке орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып келеді.
Біраз жыл мектеп директоры, кейін Большенарым ауданы партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің инструкторы, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, Большенарым ауданы райзаготконтораның директоры, Большенарым ауданы аудандық тұтынушылар одағының төрағасы, Шығыс Қазақстан облысы бойынша «Шарапат» сақтандыру компаниясы филиалының бастығы болып жұмыс істеді.
2001 жылы Л.Тумашинов заман талабына сай жеке кәсіпкерлікпен айналысу мақсатында «Нарын» ЖШС-н құрды. Соңынан «Элхон» ЖШС-н құрып, облыс көлемінде құрылыс жұмыстарымен айналыса бастады. Іскер басшы өз кәсібін дамытумен қатар, облыс көлемінде құрылыс жұмыстарын өте сапалы жүргізіп, халықтың ыстық ықыласына бөленіп, алғыстарын алды. 2009 жылы «Элхон» ЖШС «Шығыс Қазақстан облысы бойынша ең үздік кәсіпорын» атанды. Шығыс Қазақстан облысы мәслихатының депутаты, Қазақстан Республикасының құрметті құрылысшысы Лұқбек Шабданұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосумен қатар қоғамдық, мәдени, қайырымдылық істерде де алдыңғы қатардан көріне білді. Аудан өміріндегі барлық шараларға демеушілік жасап, қайырымдылық көмегін көрсетіп отырады.
Өкімет тарапынан еңбегі жоғары бағаланып «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен марапатталған. Облыс, аудан әкімдерінен, қоғамдық ұйымдардан үнемі алғыс хаттар алады.
2013 жылғы 26 ақпанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Лұқбек Шабданұлына V шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/81-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бекбосынов Арман Ілиясұлы 1973 жылы 10 қаңтарда Зайсан ауданының Зайсан қаласында дүниеге келген. Орта мектепті аяқтаған соң, Өскемен құрылыс-жол институтын 1995 жылы автомобиль жолдарының инженер - құрылысшы мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1996 жылы Шығыс Қазақстан облыстық автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнында инженер болып бастады. 1997-2000 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық автомобиль жолдары қазыналық кәсіпорнында жетекші, бас маман, 2000-2001 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары Комитеті автомобиль жолдарын дамыту бөлімінің бас маманы, бөлім бастығының міндетін атқарушы, 2001-2002 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі автомобиль жолдары Комитетінің эксплуатация бөлімінің бастығы, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігінде басқарма бастығының орынбасары, басқарма бастығы қызметтерін атқарды. 2005-2006 жылдары Астана қаласындағы «Қазақжолқұрылыс» ЖШС директордың орынбасары, 2006-2008 жылдары Атырау облыстық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы бастығының орынбасары, 2008-2009 жылдары Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігі стратегиялық жоспарлау және көлік-коммуникациялық кешенін дамыту департаменті автомобиль жолдарын дамыту басқармасының бастығы, 2009-2010 жылдары Шығыс Қазақстан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы, 2010-2013 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Қазір Глубокое ауданының әкімі.
«Қазақстан Конституциясына 10 жыл» мерекелік медалімен, «Құрметті жолшы» төсбелгісімен марапатталған.
2013 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Арман Ілиясұлына Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХ сессиясының 20/138-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Акижанов Қабидолла Акижанұлы 1923 жылы 12 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Майемер ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері, запастағы майор.
Қабидолла Акижанұлы 1940 жылы Семей қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, Улан-Уде қаласына әскери оқуға жіберіледі. Әскери мектепті бітірген кіші лейтенант 1943 жылы Мәскеу әскери округі құрамында соғысқа кіреді. Орловск-Курск шайқасына қатысады. Орел қаласында екі қолынан жараланып, үш ай госпитальда жатады. Кейін Екінші Прибалтика майданында талай ұрысқа кіріп, бірнеше жарақат алып, 1945 жылы қазан айында аға лейтенант атағымен әскери қызметтен босап, еліне оралады.
1945 жылдан 1953 жылға дейін Майемер орта мектебінде әскери жетекші, Балғын ауылында ауылдық кеңес хатшысы, Чистоводка ауылында партия ұйымының хатшысы, «Красный Октябрь» ұжымшарында тексеру комиссиясының төрағасы болып жауапты қызметтер атқарады.
1953 жылдан 1973 жылға дейін жиырма жыл Новополяковка ауылдық кеңесінің төрағасы болып жемісті еңбек етеді. Кейін сауда кәсіпорындарының директоры, «Ульяновка» кеңшарының зоотехнигі секілді қызметтер атқарады. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі және бейбіт замандағы қажырлы еңбегі үшін Қабидолла Акижанұлы «II дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Еңбек ардагері», «Қажырлы еңбегі үшін В. И. Лениннің туғанына 100 жыл толуы құрметіне» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен, құрмет грамоталарымен, алғыс хаттармен марапатталған. Қазір құрметті демалыста. Жұбайы Нұрзағила екеуі тоғыз бала тәрбиелеп, өсірген.
2014 жылы 23 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Қабидолла Акижанұлына Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХVIII сессиясының 28/216-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алипин Қабдрашит
Алипин Қабдрашит 1921 жылы 6 наурызда Катонқарағай ауданының Алтай ауылында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Топқайың, Шыңғыстай мектептерінен білім алды. Ұлы Отан соғысының ардагері. 1942 жылы «Степан Разин» атындағы ұжымшарда жұмыс істеп жүрген жерінен майданға шақырылады. Қазақстанның Семей қаласында жасақталған 101 қазақ ұлттық атқыштар бригадасының минометшілер двизиясының құрамында Калининградты, Ленинградты, Прибалтика респуликалары мен Белоруссияны жаудан азат етуге қатысқан. Жеңіс күнін Курляндия жерінде қарсы алды. 1946 жылы елге оралған соң Катонқарағай аудандық «Еңбек туы» газетінде төрт жыл тілші болып қызмет атқарды, содан кейін Қабырға бастауыш мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді. 1951-52 жылдары Зайсан қаласының педагогика училищесінде білім алып, Қабырга, Чернова, Язевка орта мектептерінде жұмыс істеді. 1959-62 жылдары аудандық газеттің партия бөлімін басқарады. 1962 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қабырға бастауыш мектебінде мұғалім болып қызмет атқарды. Ұзақ жылғы ұстаздық мінсіз қызметі үшін «Халыққа білім беру ісінің үздігі» атағын иеленді. Жұбайы Әсима екеуі сегіз бала тәрбиелеп, оларды жеткізді.
Қабдрашит Алипин соғыс жылдарындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков», «Ерен еңбегі үшін», «Астанаға 10 жыл» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен, алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
2015 жылы 16 маусымда өз іс-қызметі арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Қабдрашит Алипинге Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХХI сессиясының 31/247-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ауғамбаев Дөлден Татыбайұлы
1919 жылдың 10 қазанында Катонқарағай ауданының Жамбыл ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. Ұлты – қазақ. Ұлы Отан соғысының ардагері. Дөлден Татыбайұлы 1939 жылдың 2 қазанында он сегіз жасында Сібір әскери округінде алғаш құрылған 53-ші атқыштар полкінің құрамында әскери ант қабылдады. Соғысқа 543-ші артиллериялық полк құрамында кірді. 1941 жылдың қыркүйек айында Киевті қорғау кезіндегі ұрыста басынан қатты жарақат алды. Ұзақ уақыт Ворошиловградтағы госпитальда емделген соң, әскери жолын Оңтүстік-Батыс майданында 150-ші артиллериялық полктің құрамында жалғастырды. Кейіннен өзінің артиллериялық бөлімшесімен бірге 2-ші Украина майданының құрамында Украинаның көптеген қалаларын – Харьковті, Киевті, Житомирді және басқа да қалаларды азат етуге қатысты. 1945 жылдың көктемінде жеңісті неміс қалалары Гамбург пен Магдебургте қарсы алды. 1946 жылы үйіне қайтып оралған соң ауылшаруашылық өндірісінде ұзақ жылдар бойы адал еңбек етті. Сталин атындағы ұжымшарда малшы, бригадир, «Өрел» кеңшарында есепші болып қызмет атқарды. Зайыбы Қамила екеуі отбасында он екі бала тәрбиелеп, олардың жетеуіне жоғары білім әперді. Ақсақалдың қазір 36 немересі, жеті шөбересі бар. Дөлден Ауғамбаев соғыс жылдарындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Кеңес Одағының маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен, алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
2015 жылы 16 маусымда өз іс-қызметі арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Дөлден Татыбайұлына Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХХI сессиясының 31/247-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бастаногов Иван Михайлович
Бастаногов Иван Михайлович 1925 жылдың 23 ақпанында Катонқарағай ауданының Медведка (қазіргі Белқарағай) ауылында дүниеге келді. Ұлты – орыс. 1945 жылға дейін Қиыр Шығыстағы 1121 артилерия полкының телефон байланысшысы болып қызмет атқарды. 1945 жылы тамыз айында Жапон соғысына қатысты.
1945 жылы денсаулығының күрт нашарлауына байланысты госпитальда алты ай емделіп, екінші топтағы мүгедек болғандықтан әскери қызметтен босатылып, туған жеріне оралды. Соғыстан кейін «Қызыл Алтай» ұжымшарында қызмет етті. 1955 жылдан бастап зейнеткерлікке шыққанға дейін он сегіз жыл Медведка орман шаруашылығында орманшы, он төрт жыл омарташы болып қызмет атқарды. Жетпіс жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан жұбайы Ульяна Ивановна екеуі екі ұл өсіріп, тәрбиеледі.
Иван Михайлович соғыс жылдарындағы ерліктері мен бейбіт өмірдегі адал еңбегі үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, «Жапонияны жеңгені үшін», «Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков», «Еңбек ардагері» медальдарымен және көптеген мерекелік медальдармен, алғыс хаттармен, құрмет грамоталарымен марапатталған.
2015 жылы 16 маусымда өз іс-қызметі арқылы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Иван Михайловичке Катонқарағай аудандық мәслихатының ХХХI сессиясының 31/247-V шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ахметов Қайрат Нұрсайынұлы
1966 жылы 6 шілдеде Катонқарағай ауданының Черемошка (қазіргі Үшбұлақ) ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1983 жылы Медведка орта мектебін үздік аяқтады. 1989 жылы Өскемен құрылыс жол институтының «Автомобиль жолдарының инженері» мамандығы бойынша үздік бітірді. Сол жылы Өскемен құрылыс жол институтының «математика» кафедрасының оқытушысы болып жұмысқа кірді. 1992 жылы Мәскеу автомобиль жолдары институтының аспирантурасын үздік бітіргеннен кейін, Өскемен жол құрылыс институтындағы оқытушылық қызметін жалғастырды. 1993-1997 жылдары «Kades Company» компаниясының вице президенті болды. 1997 жылы «Азия Энерго Проект Монтаж» компаниясын құрды. 1997-1999 жылдары «Азия Lines» компаниясының президенті болды. 1999 жылдан бастап «Қазақавтожол» бөлімінің бастығы, 2000 жылдан «КаздорНИИ» қазақ жол ғылыми зерттеу институтының директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Қазіргі уақытта «Азия Энерго Проект Монтаж» компаниясының бас директоры.
Қайрат Нұрсайынұлы ауданның тыныс-тіршілігін жіті бақылап, әлеуметтік-экономикалық дамуына үнемі өз үлес қосып келеді. Қоғамдық, мәдени, қайырымдылық істерде алдыңғы қатардан көрінетін іскер азаматтың туған жеріне жасаған қайырымдылық істерін жерлестері ешқашан ұмытпайды.
Халықаралық көлік академиясының академигі, техника ғылымының кандидаты Қайрат Нұрсайынұлы осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен және «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Ресей мемлекетінің «За охрану природы России» медалімен және «За экологическую безопасность» дипломымен марапатталған.
2016 жылы 17 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Қайрат Нұрсайынұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының III сессиясының № 3/31-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Байсарина Айгүл Шайзадақызы
1951 жылы 17 қыркүйекте Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданының Усть-Нарым ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Большенарым ауылындағы Ленин атындағы орта мектепті бітірген. Өскемен педагогикалық училищесін, кейін Өскемен педагогика институтын тәмамдаған. Алматы жоғарғы партия мектебінің тыңдаушысы.
Еңбек жолын 1968 жылы Алыбай мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 1976 жылдан «Хайрузовка» кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы, Большенарым аудандық комсомол комитетінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінде нұсқаушы болып еңбек етті. 1996 жылға дейін аудандық халық депутаттары кеңесі атқару комитетінде, аудандық саяси үгіт-насихат бөлімінде жауапты қызметтер атқарды. 1996-2002 жылдары Большенарым ауданы әкімінің орынбасары болды. 2002 жылдан Өскемен қалалық және облыстық әкімдіктерде қызмет етті. 2012 жылы Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадр бөлімінің жетекшісі болып қызмет атқарды. Қазіргі уақытта құрметті еңбек демалысында, қоғамдық жұмыстармен айналысады. Облыс әкімінің жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері бойынша комиссия мүшесі.
Айгүл Шайзадақызының ұстаздық қызметі Білім және Ғылым министрлігінің «Қазақстан Республикасы білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен бағаланған. Ұзақ жылғы жемісті еңбегі жоғары бағаланып, «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың (2000,2012) алғыс хаттарымен, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы әйелдер және отбасылық-демографиялық саясат істері бойынша Ұлттық комиссияның алғыс хаттарымен, құрмет грамоталарымен, ШҚО әкімінің грамоталарымен, марапатталған.
2016 жылы 17 маусымда ауданның білім саласына, әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі үшін Айгүл Шайзадақызына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының III сессиясының № 3/31- VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бутаков Сергей Николаевич
1952 жылы14 наурызда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Большенарым ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.
1969 жылы Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Алматы қаласындағы ауылшаруашылық институтынына оқуға түсіп, 1974 жылы ауыл шаруашылығы өндірісі процестерін механизациялау мамандығын алып шығады.
Сергей Николаевичтің институттан кейінгі барлық еңбек жолы ауыл шаруашылығымен тікелей байланысты. Ол өзінің алғашқы еңбек жолын Большенарым ауылындағы АКТУ (СПТУ)-да оқытушы болып бастайды. Өз ісіне мығым, жалынды жас біраз жылда Большенарым аудандық атқару комитетінің төрағасына дейін көтеріледі. 1991 жылы аудан әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалады. 1997-1999 жылдары Қазақ майлы дақылдар тәжірибе станциясының бас инженері, 1999-2016 жылдары облыстық ауыл шаруашылық басқармасының механизация және жаңа технология бөлімінің басшысы болып еңбек етті.
Сергей Николаевич облыс және аудан ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Тыңға 50 жыл» мерекелік медальдарымен, аудан әкімінің құрмет грамоталарымен марапатталған. «Үздік мемлекеттік қызметші» атағы бар.
2016 жылы 17 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және ауыл шаруашылығын дамыту бағытындағы жемісті еңбегі үшін Сергей Николаевичке VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының III сессиясының № 3/31-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ахмеров Амангелді Нұрахметұлы
1953 жылы 8 қыркүйекте Катонқарағай ауданының Сахатушка ауылында дүниеге келген. 1968 жылы «Октябрьдің 50 жылдығы» атындағы Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін кәмелеттік жасқа толғанша ауылда қалып, ата-анасына үй шаруасына көмектеседі. 1970 жылы Өскемен ауылшаруашылығы техникумына оқуға түсіп, оны зоотехник мамандығы бойынша бітіреді.
Екі жыл Кеңес Армиясының қатарында өзінің азаматтық борышын өтейді. 1976 жылы туған жеріне қайтып оралған соң, еңбек жолын «Самар ЭТУС» байланыс Басқармасының Өрел байланыс бөлімшесінде бастайды. Кейін Шығыс Қазақстан электр жүйесі кәсіпорнында электромонтер болып істейді.
А.Ахмеровтың өз міндетіне деген зор жауапкершілігін, жоғары біліктілігін, жақсы ұйымдастырушылық қабілетін байқаған кәсіпорынның әкімшілігі оған үлкен сенім артып, 1980 жылы Өрел электр жүйесі учаскесіне шебер, бір жылдан кейін Катонқарағай аудандық электр жүйесінің бастығы етіп тағайындайды. 1999 жылы бұрынғы Катонқарағай мен Большенарым аудандарының электр жүйелері біріктірілгенде А.Ахмеров Большенарым біріктірілген электр жүйесінің бастығы болады. 2001 жылы өңірлер бөлінгенде Катонқарағай ауылына келіп бұрынғы қызметіне қайта орналасады.
Амангелді Нұрахметұлының энергетика саласындағы ұзақ жылдардағы (қырық жылдан астам) мінсіз еңбегі сала басшылары мен мемлекетіміз тарапынан лайықты бағаланған. Ол «Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген энергетик», «Құрметті энергетик» төсбелгілерімен және бірнеше мерекелік медальдармен, Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Амангелді Нұрахметұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Құмарғажин Сая Құмарғажыұлы
1924 жылы Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Катонқарағай ауылында дүниеге келген. 1937 жылы әкесі «халық жауы» деген жаламен ұсталып, түрмеде көз жұмады. 1938 жылы Алтай орта мектебінің 6-сыныбын бітірген жас Сая анасына көмектесу үшін мектепті тастап, Молотов атындағы ұжымшарға жұмысқа кіреді. Өз кәсібіне адал, еңбекқор бала ұжымшардың барлық құжаттарын ретке келтіріп, елгезектігімен басшылардың сеніміне кіреді. Жастығына қарамастан Сая Құмарғажинге «Сталин», «Пограничник», «Черняховский» ұжымшарларының есеп-қисап жұмыстары сеніп тапсырылады. Жас маман іріленген «Черняховский» кеңшарында бас есепші болып орналасады. Кейін біраз жыл Катонқарағай аудандық атқару комитетінде, аудандық ауруханада, «Алтай» кеңшарында еңбек етеді. 1967 жылдан 1997 жылға дейін отыз жыл аудандық ветстанцияда есепші болады. Зейнет жасына жетсе де кәсіби маманды он үш жыл бойы жібермейді. Өзінің есеп-қисап саласындағы елу бес жылдық еңбек тәжірибесінде Сая Құмарғажин жерлестеріне жоғары кәсіби біліктілігімен, қиын сәтте адамдарды қолдай білетін қарапайымдылығымен, өз ісіне деген зор жауапкершілігімен танылды. Берел, Аршаты ауылының тұрғындары сонау қиын жылдары Сая Құмарғажыұлының бастамасымен еңбеккүнге 250 жылқы алғандарын, «Черняховский» ұжымшарының жұмысшылары үстеме ақы ретінде астық алғандарын зор ризашылықпен еске алады.
Сая Құмарғажыұлы ауданның қоғамдық істеріне де белсене араласып, игі істердің бастамашысы бола білді. Ол кісінің бастамасымен 1989 жылы Катонқарағай ауылында алғаш наурыз мерекесі тойланып, халықтық мерекеге ұласты, 2004 жылы бұрынғы прокуратураның бос ғимараты мешіт үйіне берілді. 2007 жылы аудан тарихы мен азаматтары жайлы «Ұрпақтар ұмытпасын» атты естелік кітабы жарық көрді.
Ұзақ жылғы мінсіз қызметі өкімет тарапынан әділ бағаланып, көптеген медальдармен, құрмет грамоталарымен марапатталды.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Сая Құмарғажыұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Татаев Марат Қабдығалиұлы
1950 жылы 16 ақпанда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Балғын ауылында дүниеге келген. 1966 жылы ауыл мектебін тәмамдаған соң Мәскеудің ормантехникалық институтына оқуға түсіп, оны 1971 жылы ойдағыдай бітіріп шықты.
Еңбек жолын халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласынан бастады. Сол салада технолог болып жұмыс істеді. Кейін облыстық тұрмыстық қызмет жөндеу-құрылыс басқармасының бастығы, «Облбытмебель» бірлестінің директоры, Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті тұрмыстық қызмет өндірістік бірлестігінің бастығы қызметтерін атқарды. Марат Қабдығалиұлы 1990 жылғы қаңтарда Шығыс Қазақстан облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, ал 1992 жылғы ақпанда Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары, 1999 жылғы сәуірде бірінші орынбасары болып тағайындалады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, еліміздегі қаржы тапшылығы кезінде, облыс аумағында нарықтық экономиканы дамыту, баға белгілеу, қызмет көрсету және ақша айналымы, қаржы-несие жүйесін үйлестіру, тұтыну рыногын қалыптастыру, сауда және қызмет көрсету кәсіпорындары мен банктер жұмысын үйлестіру секілді жұмыстарды зор жауапкершілікпен атқарады.
2001 жылдың ақпанында заңды тұлғалардың бірлестігі Атамекен аймақтық көп салаларының қауымдастығы директорлар Кеңесінің төрағасы болып тағайындалады. Халық алдында сіңірген еңбегі әділ бағаланып, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен, «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталған. Экономика ғылымының кандидаты.
Марат Қабдығалиұлы – өз атамекенін жанындай жақсы көретін ұлтжанды азамат. Ол кісінің бастамасымен ауданымызда талай ауқымды істер атқарылды. Өз қаржысына аудан орталығына мешіт салғызды. Үнемі демеушілік қызмет көрсетіп отырады.
2017 жылы 13 сәуірде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қайырымдылық көмек көрсетудегі, қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Марат Қабдығалиұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының X сессиясының №10/6-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ағажаева Гүлбаршын Мүслімханқызы
1951 жылы 30 қаңтарда Семей облысы, Абыралы ауданы, Мейзек ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Өскемен педагогикалық институтын бітірген.
Еңбек жолын Үлкен Нарын ауылындағы Огнев атындағы орталау мектепте орыс тілінің мұғалімі болып бастады. Жалынды жас 1974 жылы арнайы іріктеуден өткен соң, облыстық партия комитеті мен облыстық комсомол комитетінің жолдауымен дүние жүзіне белгілі болған «Артек» лагеріне барып, 1978 жылға дейін еңбек етті. 1978 жылдан бастап Катонқарағай ауданында еңбек жолын жалғастырды. Аудан орталығындағы Огнев атындағы орта мектепте кітапханашы, орыс тілі пәнінің мұғалімі болып істеді. Кейін тәрбие жұмыстарының ұйымдастырушысы, мектеп директоры болып лауазымы жоғарылай түсті. Огнев атындағы орта мектепте он жыл, Қ.Дамитов атындағы орта мектепте бес жыл директорлық қызмет атқарды. Соңғы жылдары аудандық білім беру, ішкі саясат бөлімдерінің меңгерушісі, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары болып жауапты қызметтер атқарды. Қай салада қызмет етсе де білікті маман, іскер басшы, жауапкершілігі мол тұлға ретінде аудан жұртшылығына кеңінен танымал болды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласты.
Гүлбаршын Мүслімханқызының қажырлы еңбегі мемлекет тарапынан да лайықты бағаланып, Ыбырай Алтынсарин медалімен, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасы Конституциясының 10 жылдығы», «Қазақстан мәслихаттарына жиырма жыл» мерекелік медальдарымен, Қазақстан Республикасының Білім беру министрлігі, Қазақстан Республикасының Білім беру кәсіподақ комитеті ұсынған Құрмет грамоталарымен, аудан әкімінің грамоталарымен марапатталған. Аудандық мәслихаттың V, VI шақырылымдарының депутаты.
2018 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Гүлбаршын Мүслімханқызына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/172-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ластаева Айжан Сейітқамзақызы
1952 жылы 13 мамырда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. 1973 жылы Алматы Халық шаруашылығы институтының жоспарлау және экономика факультетін бітірді.
Еңбек жолын Катонқарағай аудандық тұтынушылар одағының Алтай кеңшары жұмысшы кооперативінде экономист болып бастады. Білікті маман екі жылда кәсіподақ комитеті төрағасының орынбасары, аудандық тұтынушылар одағының комсомол ұйымының хатшысы болып тағайындалды.
1975 жылы Катонқарағай машинамен есептеу станциясына жобалаушы инженер болып жұмысқа кіреді. Кейін аға инженер болды.
1978-86 жылдары аудандық статистика басқармасы бастығының орынбасары, кейін бастығы болып жемісті еңбек етті.
1987-94 жылдары аудандық жоспарлау комиссиясының және экономика комитетінің төрағасы, 1992 жылы Катонқарағай аудандық әкімшілігінің қайта құрылуына байланысты аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Осы жылдары ауданда көптеген мектептер, жолдар, көпірлер, қазандықтар және. әлеуметтік сала объектілері салынды. Оған Айжан Сейітқамзақызының қосқан үлесі зор болды.
1994 жылы облыстық тұтынушылар одағына қызметке шақырылып, 1995 жылдың соңында Өскемен Қазынашылық бөлімінің бастығы қызметіне ауысты, кейін Облыстық Қазынашылық басқармасының бөлім бастығы, басқарма бастығының орынбасары қызметтерін атқарды.
А.Ластаева Катонқарағай ауылындағы «Сейтқамза Ластаев атындағы орта мектебі» КММ-не материалдық-техникалық базасын нығайтуға көп үлес қосты. Өзінің қаражатына қазіргі заманауи талаптарға сай тарих кабинетін жабдықтап, соңғы үлгідегі заманауи музыкалық аппаратура сыйға тартты. Облыс бойынша ұйымдастырылған «Туған мектеп» атты жобасына белсене қатысты. Осы мектеппен үнемі тығыз байланыс орнатуда.
2018 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Айжан Сейітқамзақызына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/172-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді
Шаймарданов Ғани Шаймарданұлы
1975 жылы 18 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Аршаты ауылында дүниеге келген.
1990 жылы Аршаты орталау, 1992 жылы Өрел орта мектебін бітірген. Білімі жоғары. Семей медициналық университетін, Оңтүстік Қазақстан ашық университетін бітірген. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жергілікті басқару бойынша білім алады.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары заман ағымын тап басып таныған жалынды жас кәсіпкерлікке бет бұрып, өзінің білімі мен біліктілігінің арқасында биік белестерді бағындырды. Шымкент қаласында «Мұз Тау» атты мейрамхана, Алматы қаласында «Мұз Тау» атты салтанат сарайын ашып, ауданымыздың інжу-маржанын оңтүстікке паш етті. Ұлтжанды азамат өз кәсібін жолға қойып алған соң, ел ертеңі үшін қызмет етуге бел байлады. Мемлекеттік бағдарламаларға үн қосып, тәуекелі мен жауапкершілігі жоғары істерге белсене араласты, заман талабына сай балабақшалар аша бастады. Алматы қаласында 360 орындық «Нұр-Арай» балабақшасы, 500 орындық «Сұңқар» балабақшасы, Талғар қаласында 600 орындық балабақша, Шымкент қаласында ашқан балабақшалары ел игілігі үшін қызмет етуде.
Туған жерінен жырақта жүрсе де Ғани Шаймарданұлы өз атамекенін ешқашан жадынан шығарған емес. Ауданымызда бой көтерген Оралхан Бөкей, Қаратай баба ескерткіштерінің орнатылуына, орасан зор үлес қосты. Өзінің ауылына, мектебіне үнемі демеушілік жасап, қаржылай қолдау көрсетіп отырады.
2018 жылы Ғани Шаймарданұлы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде Катонқарағай ауданының Приморск ауылында жыл бойы жұмыс істейтін «Арайлы-Шығыс» атты балалар сауықтыру лагерін ашып, ауданның тоқсан жылдығына орай тұсауын қиды.
Қайырымдылық жасауды басты қағидам деп санайтын іскер азамат алдағы уақытта да аудан халқының әл-ауқатының артуына, туризм саласының дамуына үлес қосатын тың жобаларды жоспарлап отыр.
2018 жылы 20 маусымда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ғани Шаймарданұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XVIII сессиясының №18/172-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алдабергенев Ибрай Қалибекұлы
1959 жылы 9 ақпанда Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1984 жылы Алматы қаласындағы Қазақ ауыл шаруашылық институтын, 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген.
Еңбек жолын 1976 жылы «Большенарым» аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінде жұмысшысы болып бастады. 1986 жылы Шығыс Қазақстан облысы Большенарым ауданы Юбилейный ауылындағы «Большенарым» аудандық мамандандырылған шаруашылық бірлестігінің бөлім басқарушысы болып тағайындалды. 1990 жылы «Юбилейный» кеңшарында бас аграном, 1992 жылы «Юбилейный» кеңшарының директоры болып қызмет атқарды. 1997 жылы Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, бұл қызметті 2003 жылға дейін аброймен атқарды. 2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін Катонқарағай ауданында «Сұңқар» шаруа қожалығын басқарып келеді.
«Сұңқар» шаруа қожалығы заман ағымына сай жемісті еңбек етіп, ауданымыздың ауыл шаруашылығының дамуына зор үлесін қосуда. Іскер басшы, жердің қыр-сырын жетік білетін білікті маман өзіне тиесілі жерді ұтымды пайдаланып, шаруа қожалығын жылдан-жылға дамып келеді. Қазіргі таңда «Сұңқар» шаруа қожалығы – егін, мал, ара шаруашылығымен айналысып отырған ауданымыздағы ірі шаруашылықтардың бірі. Ибрай Қалибекұлы аудан орталығында наубайхана ашып, ауыл тұрғындарын нан өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Төрт түліктің барлық түрін өсіріп, жаз айларында қымыз, шұбат өндіріп, бал шайқап, табиғи таза өнімдерін халыққа ұсынуда.
Ибрай Қалибекұлы ауданымыздың ауыл шаруашылық саласын дамытуға өз үлесін қосумен қатар, әр түрлі шараларға, аз қамтамасыз етілген отбасыларға демеушілік жасап отырады.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ибрай Қалибекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Байғонысов Қалихан Байғозыұлы
1959 жылы 10 ақпанда Катонқарағай ауданы Печи (қазіргі Барлық) ауылында дүниеге келген.. Екі жоғары білімі бар. Өскемен жол-құрылыс институтын, Қазақстан – Ресей гуманитарлық академиясын бітірген.
Алғашқы еңбек жолын «Коробиха» кеңшарында қатардағы жұмысшыдан бастап, жиырма жылдың ішінде осы шаруашылықтың директорына дейін өсті. «Коробиха» кеңшарында комсомол комитетінің хатшысы, Черняховский атындағы кеңшарда бас инженер, директордың орынбасары, партия комитетінің хатшысы, Коробихада кеңшар директорының орынбасары қызметтерін атқарды. 1994 жылы Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары болды. 1996 жылдан бастап кәсіпкерлікке ден қойып, «Үшбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, «Ақсу» акционерлік қоғамының Вице-президенті болды. 2004 жылдан 2007 жылға дейін Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы Министрлігі «Мал өнімдері» корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша облыстық өкілі міндетін атқарды. 2007-2011 жылдары Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары, 2011-2013 жылдары Бесқарағай ауданының әкімі, 2013-2014 жылдары Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы, 2014-2016 жылдары Катонқарағай ауданының әкімі болып қызмет етті. Қазір Глубокое ауданының әкімі.
Қалихан Байғозыұлы Катонқарағай ауданының өсіп-өркендеуіне зор үлесін қосты. Әсіресе марал, ара шаруашылықтарын дамытуға ықпал етті. Ауданда басшылық қызметтерде жүргенде де, ауданнан тыс еңбек еткенде де туған жерін бір сәт есінен шығармай, ауданның әлеуметтік-экономикалық және рухани дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне – 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына жиырма жыл», «Астанаға 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Қалихан Байғозыұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Балтабаев Амантай
1952 жылы 1 мамырда Катонқарағай ауданы Берел ауылында дүниеге келді. Білімі жоғары, 1979 жылы Өскемен педагогикалық институтының тарих факультетін, 2007 жылы Орталық Азия университетінің «Юриспруденция» факультетін бітірген.
Өрел орта мектебін бітіргеннен кейін, 1970-72 жылдары Ресейдің Амур облысында әскер қатарында болды. Еңбек жолын 1973 жылы Өскемен қаласының Бүкілодақтық түрлі-түсті металдар ғылыми-зерттеу институтында слесарь болып бастады. Сол жылы қыркүйек айында Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Өрел кеңшарының комсомол комитетінің хатшысы болып сайланып, 1974 жылдың қараша айына дейін жұмыс атқарды. 1974-77 жылдары Өскемен қаласының қорғасын-мырыш комбинатында машинист-кочегар, Зырян қаласының шахта құрылыс басқармасында жер асты үңгушісі болып істеді. 1978-80 жылдары Катонқарағай аудандық «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық партия комитетінің инструкторы қызметтерін атқарды. 1980-92 жылдары КСРО мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің қызметкері болды. 1992-98 жылдары Катонқарағай «Кредо» ауылшаруашылық өндірісінің директоры, 1998-2008 жылдары Катонқарағай «АСТ» шаруа қожалығының басшысы болды. 2008 -2017 жылдары Катонқарағай ауылдық округінің әкімі болып еңбек етті. Саяси сауатты, ісіне тындырымды, жауапкершілігі мол басшы ретінде Катонқарағай ауылдық округінің дамуына зор үлес қосты. Ұзақ жылғы еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, бірнеше мерекелік медальдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. Катонқарағай аудандық мәслихатының екінші, төртінші шақырылымдарының депутаты. 2007 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Бес бала тәрбиелеп, жеткізді.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Амантай Балтабайұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Бұлғынов Мұхаметқали Тоқтарханұлы
1952 жылғы 20 ақпанда Майемер ауылында дүниеге келді. Білімі арнаулы орта. 1967 жылы Көктерек орта мектебін бітірді. Мектептен соң 1968-75 жылдары кеңшарда еңбек етті. 1975-77 жылдары Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан совхоз-техникумында оқыды. Оқудан кейін туған ауданындағы Ленин атындағы ұжымшарда механик-жабдықтаушы, инженер болып еңбек етті. 1981 жылы өндірістік аумақтың меңгерушісі қызметіне тағайындалып, осы қызметті 1996 жылы ұжымшар тарағанға дейін аброймен атқарды.
1996 жылы «Бірлік» шаруа қожалығын құрды. Ал қазіргі сәтте «Айдын» ШҚ-ның басшысы, әрі «Бұлғын-У» ЖШС-нің директоры. Ол басшылық ететін шаруашылықтар негізінен егіншілікпен айналысады. Екі шаруашылықтың жалпы жер көлемі – 1500 га. Оның ішінде егістік көлемі – 920 га. Ол алқапта тары, бидай, арпа, сұлы, күнбағыс себіліп, өсіріледі. Өнімді жылдары М. Бұлғынов әр гектардан 25 центнерден бидай алады. «Бұлғын-У» ЖШС-де 30 адам жұмыс істейді. М.Бұлғынов өз шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жылдан-жылға жаңартып келеді.
Мұхаметқали Тоқтарханұлы ауыл азаматы, ақсақалы ретінде ауылдық округтің барлық қоғамдық өміріне тығыз араласып, өзінің өмірлік тәжірибесін ауылдастарымен, жас буын өкілдерімен бөлісіп, ақыл-кеңесін айтып отырады.
Жемісті еңбегі үшін «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдарымен марапатталған.
Нұр Отан ХДП-ның мүшесі. Аудандық мәслихаттың V шақырылымының депутаты. Өмірлік жары Салтанат Бұлғынова екеуі төрт бала өсіріп, тәрбиелеп, барлығына да жоғары білім әперген.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Мұхаметқали Тоқтарханұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Ибраев Найманғазы
1950 жылы 20 маусымда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданы Топқайың ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Саратовка ауылындағы Шығыс Қазақстан совхоз-техникумынын зоотехник мамандығы бойынша, Семей қаласындағы зооветеринарлық институтын зооинженер мамандығы бойынша бітірген.
1967 жылы С.Торайғыров атындағы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін еңбек жолын 1968 жылы қатардағы жұмысшыдан бастайды. Қоғам жұмысына белсене араласып, өзін жақсы қырынан таныта білген азамат он жыл цехтық комсомол, он екі жыл цехтық партия ұйымының хатшысы қызметін атқарады. Катонқарағай аудандық партия комитетінің ұсынысы бойынша 1981 – 1986 жылдары Черняховский кеңшарында жұмысшылар комитетінің төрағасы болып, 1991–1997 жылдары Медведка (қазіргі Белқарағай) селолық атқару комитетінің төрағасы болып еңбек етеді. Қызмет істеген жылдары өзін белсенді, алдына қойған мақсаттарға жете білетін, еңбекқор басшы бола білді.
2000 жылы «Қуат» шаруа қожалығын ашты. Қазіргі уақытта «Қуат» шаруа қожалығы – ауыл шаруашылық бағытында өз жұмысын жолға қоя білген шаруашылықтардың бірі. Жыл көлемінде мерекелік шараларға демеушілік көрсетіп, атқарушы билікпен тығыз жұмыс істейді.
Найманғазы Ибрайұлы 2013 жылдан Белқарағай ауылдық округі әкімінің жанынан құрылған Ардагерлер кеңесі ұйымының мүшесі, 2013 жылдан бастап осы ұйымға төрағалық етеді. Ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауылдың ақсақалы ретінде өзінің өмір тәжірибесімен бөлісіп, жас ұрпаққа көрген-білгенін үйретіп келеді. Бала жасынан спортқа ден қойған ақсақал әлі де саламатты өмір салтын ұстанып, волейболдан аудандық, облыстық шараларға қатысып отырады.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Найманғазы Ибрайұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қажаев Оралғазы Мәуітұлы
1950 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданының Чернова (қазіргі Аққайнар) ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Семей қаласындағы Н.К.Крупская атындағы педагогикалық инистуттың тарих факультетін бітірген.
Еңбек жолын Катонқарағай марал кеңшарында бастады. 1971-74 жылдары осы кеңшарда комсомол комитетінің хатшысы қызметін атқарды. 1974-86 жылдар аралығында Олений парк (қазіргі Ақмарал) ауылындағы сегіз жылдық мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет етті. Өз ісіне тындырымды, іскер азамат басшылардың көзіне түсіп, аудандық атқару комитетіне жұмысқа шақырылады. Оралғазы Мәуітұлы Катонқарағай аудандық атқару комитеті ұйымдастыру бөлімінің бастығы, жауапты хатшысы, іс басқарушысы, аппарат жетекшісі қызметтерін атқарады.
1998 жылдан жаңадан қосылған Катонқарағай ауданының әкімдігінде тіл жөніндегі бас маман, аудандық мәслихаттың кеңсе меңгерушісі, аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып жемісті еңбек етеді. Аудандық мәдениет бөлімінің бастығы болып қызмет еткен жылдары бір жылда аудандық мәдениет үйімен қоса жеті ауылдық клубты күрделі, ағымдағы жөндеуден өткізуге қол жеткізді.
Кейін ШҚО мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының «Облыстық тарихи – өлкетану музейі» Катонқарағай аудандық филиалының басқарушысы болып, сол қызметтен зейнетке шығады. Зейнет жасынан асса да жұмыстан қол үзбей, ауданның рухани құндылықтарының қайта жандануына өлшеусіз үлес қосады. Оралғазы Мәуітұлы О.Бөкей қоғамдық қорын басқара отырып, жазушының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында қоладан ескерткіш жасауға, Социалистік Еңбек Ері Б.Кітапбаевтың кеудемүсінін жасауға ат салысты. Қ.Ысқақтың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында жазушының кеудемүсінін жасауға дәнекер болды. Аудандағы көлемді іс-шараларды ұйымдастыруға, тарихи-рухани дүниесін зерттеп, жарыққа шығаруға зор үлес қосып келеді.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Оралғазы Мәуітұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Қазанов Байрахмет Самажанұлы
1938 жылы 8 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы, Теректі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді.
Байрахмет Самажанұлының балалық шағы Большенарым ауданының Балғын ауылында өтті. 1945 жылы Балғын сегізжылдық мектебінің табалдырығын аттады. 1953 жылы мектепті бітіріп, Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы Свинчатка ауылындағы механизаторлар дайындайтын кәсіптік-техникалық училищеге түсіп, оны 1954 жылы бітірді. Дипломын қолына алған соң, еңбек жолын Большенарым ауданының «Абай» ұжымшарында бастады. У-2 маркалы дөңгелекті трактор мен ДТ-54 жалпақ табанды трактор жүргізді. Еңбек жолында ол ерінбей, төзімді еңбек етті. «Абай» атындағы ұжымшар «Қазақстанның 40 жылдығы» кеңшарына ауысқанда да механизатор болып, еңбек жолын жалғастырды. Жұмыста өзін ылғи да жақсы жағынан көрсетіп, еш қиындыққа мойымай, басшылардың талаптарын орындай білді. Осы еңбегі бағаланып, «Еңбек даңқы» орденімен, «Еңбек ардагері», «В.И.Лениннің 100 жылдығы», «Социалистік жарыс жеңімпазы» медальдарымен, құрмет грамоталарымен және жыл сайын алғыс хаттармен марапатталып отырды. Басшылар көп жылдық еңбегін бағалап, бөлімшеге бригадир етіп сайлады. Осы салада 5 жыл жұмыс атқара отырып, өзін көрсете білді. Еліміздің сол кездегі астанасы Алматы қаласында өткен халықаралық съезге делегат болып барды. 1993 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Байрахмет Самажанұлы зейнеткерлікке шықса да қоғамдық жұмыстан қол үзбей, жас буынға өзінің ақыл-кеңесін беріп отырады.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Байрахмет Самажанұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кітапбаева Ғафура Серғазықызы
1941 жылы 12 наурызда Катонқарағай ауданы Жамбыл ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.
1957 жылы Шыңғыстай орта мектебін бітіргеннен кейін білімін Өскемен медициналық училищесінде жалғастырып, оны 1962 жылы бітіреді. 1962-65 жылдар аралығында Жамбыл ауылындағы фельшерлік пункте медпункт меңгерушісі қызметін атқарады. 1965-72 жылдары Семей медициналық институтының емдеу факультетінде оқып, жоғары білімді дәрігер мамандығын алады.
1972-80 жылдар аралығында Большенарым (қазіргі Катонқарғай) аудандық ауруханасында дәрігер-терапевт, кейін 1980 жылдан бастап аудандық емдеу бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. 1987 жылы Томск қаласында, 1990 жылы Алматы қаласында, 1991 жылы Новокузнецк қаласында, 1998 жылы Семей қаласында кәсіби білімін жетілдірді. 2010 жылы мәңгілік дәрігер терапевт сертификатын алды. Білікті маман, жоғары санатты дәрігер терапевт, жақсы ұйымдастырушы, өз ісін жанындай жақсы көретін кәсіби дәрігер, адамгершілік қасиеті жоғары, көпшіліктің құрметін иеленген ақ халатты абзал жан зейнеткерлікке шыққаннан кейін де ұзақ жылдар денсаулық саласында жемісті еңбек етті. Өзінің жинаған мол тәжірибесін үнемі жас мамандармен бөлісіп, ақыл-кеңесін беріп келеді.
Еңбек еткен жылдары Ғафура Серғазықызы Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің озық қызметкері төсбелгісімен және Қазақстан Республикасы Денсаулық Сақтау министрлігінің құрмет грамоталарымен марапатталған. 1987 жылы Мәскеу қаласында болған Бүкілодақтық дәрігерлер съезінің делегаты. Әріптестері, шәкірттері, жалпы аудан халқы Ғафура Серғазықызын әр кез құрметтеп, мақтан тұтады.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ғафура Серғазықызына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Тұрысбаев Оразхан Сүлейменұлы
1943 жылы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы, Майемер ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Алматы қаласындағы С.М.Киров атындағы Университеттің заң факультетін бітірген.
Еңбек жолын 1969 жылы ШҚО, Зайсан ауданы прокуратурасының тергеушісі болып бастайды. 1971-73 жылдары облыстық прокуратураның аға тергеушісі болады. 1973-83 жылдары Тарбағатай ауданында екі мерзім прокурорлық қызметті атқарады. 1983-85 жылдары облыстық прокуратураның аға тергеушісі болып істеді. 1985-99 жылдар аралығында Ұлан, Күршім аудандарының прокуроры болып қызмет атқарып, зейнеткерлікке шықты. Қызмет атқарған жылдары аудандық кеңестің депутаты, аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болды. Облыстық партия конференциясының, Қазақстан Компартиясының 1991 жылы болып өткен XVII съезінің делегаты болып сайланды. Зейнетке шыққаннан кейін ШҚО прокурорының шақыруымен 2000-2003 жылдары Катонқарағай ауданы прокурорының орынбасары болып қызмет етті. Кейін аудан әкімінің аппаратында біраз жыл еңбек етіп, көпшіліктің қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Осы жұмысты атқару кезінде аудан әкімдігімен, жергілікті жердегі атқару органдарымен тығыз қарым-қатынаста болып, аудандағы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің, тыл еңбеккерлерінің, зейнеткерлердің заңды талаптарының орындалуына, ҰОС ардагерлерінің тұрғын үймен, коммуналдық үймен, телефон байланысымен, Отау ТВ телеарнасымен тегін қамтамасыз етілуіне ықпал етті. Аудан орталығындағы паркте Кеңес Одағы батырларының, Социалистік Еңбек Ерлерінің және Алтынбел ауылығындағы орта мектепте Б.Кітапбаевтың кеудемүсіндерінің орнатылуына өз үлесін қосты.
Аға әділет кеңесшісі Оразхан Сүлейменұлы КСРО Бас прокурорының, ҚР Бас прокурорының, облыс прокурорының алғыстарын алған. Есімі КСРО Бас прокуратурасының Құрмет кітабына енгізілген. Көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Оразхан Сүлейменұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Шаухин Ниғмет Қисабекұлы
1956 жылы 23 қыркүйекте Большенарым ауданы Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауылында дүниеге келді. 1979 жылы Өскемен қаласындағы жол-құрылыс институтының «Автомобиль жолдары» факультетін инженер-құрылысшы мамандығымен бітірді.
Еңбек жолын 1979 жылы Большенарым (қазіргі Үлкен Нарын) ауылындағы №38 Жол басқармасына қарасты ДЭУ-5 мекемесінде бас инженер лауазымында бастады.
Ниғмет Қисабекұлы өзінің саналы ғұмырын құрылыс саласына арнап, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлесін қосты. Ұзақ жылдар ауданымыздағы коммуналдық шаруашылықты ұстап тұрды. Облыстық және аудандық маңызды жолдарды ұстап тұруға, ауылдарды абаттандыруға зор үлес қосты. Ауданымыздағы көптеген ғимараттардың құрылысына өз қолтаңбасын қалдырды. Тәуелсіздік жылдары Ниғмет Қисабекұлының басшылығымен Өрел ауылындағы мектеп, Үлкен Нарын ауылындағы балабақша, Алтынбел ауылындағы дәрігерлік амбулатория ғимараттары бой көтерді.
Ниғмет Қисабекұлының демеушілік істері аудан халқының көз алдында. Жыл көлемінде өзінің шама-шарқынша демеушілік көмек көрсетіп отырады. Өз қаражатына аудан орталығындағы шаңғы базасын салып берді. Бірнеше ғимаратты мемлекеттік меншікке өткізді, оның ішінде «Нұр Отан» партиясының ғимараты да бар. Өрел орта мектебіне, «Балбөбек» балабақшасына көлік сыйға тартты. Аз қамтылған отбасыларға, еңбек және соғыс ардагерлеріне үнемі демеушілік жасап отырады.
Ниғмет Қисабекұлы ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі үшін «ҚР білім беру саласының үздігі», «Құрметті құрылысшы» төсбелгілерімен, «Қазақстан Конституциясына 20 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына жиырма жыл» мерекелік медальдарымен марапатталды. Халық қалауымен облыстық мәслихаттың І шақырылымының, аудандық мәслихаттың ІV, V, VI шақырылымдарының депутаты болып сайланды.
2018 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Ниғмет Қисабекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XXIV сессиясының №24/204-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Алдабергенов Әділбек Қалибекұлы
1961 жылы 6 ақпан күні Шығыс Қазақстан облысы Большенарым (қазіргі Катонқарағай) ауданы, Жұлдыз ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Рязань жоғарғы әуе-десанттық командалық училищесін, Мәскеу қаласы Фрунзе атындағы әскери академияны бітірген.
Әскери еңбек жолын 1984 жылы Алматы облысы Қапшағай қаласы, арнайы мақсаттағы 22-ші жеке бригадасында арнайы мақсаттағы топ командирі лауазымынан бастайды.
1985-86 жылдары Ауған Демократиялық Республикасы Забуль провинциясы Шахджой елді мекенінде интернационалдық борышын өтеді. Отряд тарихында ең алғашқы болып лейтенант Алдабергенов жаудың керуеніне тосқауыл ұйымдастыру бойынша әскери жорыққа шықты. Жауынгерлік қызметі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды.
Әскери қызметін Германияда, Ресейде жалғастырған Әділбек Қалибекұлы 1992 жылы Қазақстан Республикасы Қарулы күштеріне қызмет ауыстырады. Қапшағай қаласындағы 35-ші жеке гвардиялық әуе-десант бригадасының парашют-десант батальоны командирінен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабы бастығының орынбасарына дейін көтеріледі.
Еліміз Тәуелсіздігін алған кездегі жаңа жас мемлекеттің қорғаныс саласын құру, күшейту, мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Қазақстан әскерлерінің рухты, батыл, білімді де білікті болуы жолында бар білгені мен түйгенін үйретуге, шекарамызды шегендеп, қорғанысымызды бекемдеуге саналы өмірін арнаған Ә.Алдабергеновтің жоғары моральдық қасиеттерін бағалай келіп, патриоттық, азаматтық антына адалдығы үшін 2007 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің № 323 Жарлығымен генерал-майор әскери атағы берілді. II дәрежелі «Айбын», I,II дәрежелі«Даңқ» ордендерінің, көптеген медальдардың иегері атанды.
2020 жылы 25 желтоқсанда өз іс-қызметі арқылы аудан беделін көтеріп, жастарға патриоттық тәрбие бергені үшін Әділбек Қалибекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XLVI сессиясының №46/411-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Серьянов Нұрғожа Серьянұлы
1938 жылы 15 қазанда Үлкен Нарын ауданы (қазіргі Катонқарағай) Көктерек ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. Семей мал дәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша, Өскемен педагогикалық институтын биология мамандығы бойынша бітірген.
Нұрғожа Серьянұлы Жұлдыз орта мектебін аяқтағаннан кейін 1954 жылы Свинчатка ауылындағы ауыл шаруашылығын механикаландыру техникумына оқуға түсіп, 1958 жылы техник–электромеханик мамандығын алып шығады. Еңбек жолын 1958 жылы «Абай» атындағы колхозда инженер электромеханик болып бастайды.
1961 жылы 15 ақпанда Жұлдыз орта мектебіне машинатану, сызу пәндерінің мұғалімі болып орналасады. 1963 жылы 23 тамызда Көктерек орта мектебіне машинатану және электротехника пәндерінің мұғалімі болып ауыстырылады. 1971-76 жылдары Жұлдыз орта мектебінің, 1976 жылдан Балғын орта мектебінің директоры болып еңбек етеді. Нұрғожа Серьянұлы табандылығының арқасында Балғын ауылының тумасы, жазушы Н.Горбачевтің ықпал етуімен 1988-89 жылдары Балғын ауылында екі қабатты мектеп ғимаратының салынуына зор еңбек сіңіреді. Табан аудармай жиырма жеті жыл бір мектепті басқарған Нұрғожа Серьянұлының мектеп үшін, өскелең ұрпақ үшін, ауыл үшін сіңірген еңбегі зор. Ұзақ жылғы табысты еңбегі өкімет тарапынан әділ бағаланып, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медалімен, 1996 жылы «Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Қазақ ССР халыққа білім беру министрлігінің, облыстық, аудандық партия комитеттері, аудандық білім бөлімі, республикалық, аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы тарапынан көптеген мақтау қағазы, алғыс хаттармен марапатталған.
2020 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Нұрғожа Серьянұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XLVI сессиясының №46/411-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Толықпаев Серік Құлымбекұлы
1970 жылы 14 қарашада Шығыс Қазақстан облысы, Қатонқарағай ауданы, Белқарағай ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары. 1992 жылы Қазақстан ауыл шаруашылық институтын «Агрохимия және топырақтану» мамандығы бойынша, 2002 жылы Құқықтық «Әділет» жоғары мектебін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.
Серік Құлынбекұлы еңбек жолын заман талабына сай кәсіпкерліктен бастады. 1992 жылы жекешелендіріп алынған Катонқарағай ауылындағы қонақ үйді толық жөндеуден өткізіп, кәсібін бастады. 1996 жылы Шығыс Қазақстан облысында темекі өнімдерін сататын «Aitas» компаниясының іргетасын қалады. 2007 жылы «Aitas» компаниясы ірілене келе, бүкіл Қазақстан өңіріне азық-түлік пен сусын жеткізетін «SOYUZ INTER PRODUCT» ЖШС-не айналды.
2004 жылы Еуропа Банкінен «Өскемен құс фабрикасы» АҚ-ның 100 пайыз акциясын сатып алды. Серік Құлынбекұлы құс өндірудің қыр-сырын толық меңгере келе, фабриканы толық жөндеуден өткізіп, заманауи техникалардың арқасында еліміздегі ең жедел дамушы 25 өндірістің қатарына енгізді. 2018 жылы жылына 50 000 тонна құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасын іске қосты. 2023 жылға қарай құс етін өндірудің жылдық межесі 120 000 тоннаға дейін жоспарланып отыр.
Қазіргі таңда Серік Құлынбекұлының басшылығымен он екі кәсіпорын мен үш қорды біріктіретін «Aitas» компаниялар тобы құрылған. «Катонқарағай ауданын тұрақты дамыту» Қоры 2019 жылдан бастап ауданымызда ірі жобаларды іске асыруда. Туризм бағыты бойынша кәсіпкерлерге қолдау көрсетуде. Үлкен Нарын, Катонқарағай, Өрел ауылдарындағы мектептердің «Ауыл мектебі» жобасына енуіне ықпал жасап, қаржылай демеушілік жасауда.
Серік Құлынбекұлының жемісті еңбегі мемлекет тарапынан да жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен, көптеген мерекелік медальдармен, «Қазақстанның құс шаруашылығын қалпына келтіргені үшін», «Ауыл шаруашылығының үздігі», «Еңбек даңқы» төсбелгілерімен, Бірінші Президент Н.Назарбаевтың алғыс хатымен марапатталған.
2020 жылы 25 желтоқсанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Серік Құлынбекұлына VI шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XLVI сессиясының №46/411-VI шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Нұқсара Аманжан
1942 жылы 1 қазанда Катонқарағай ауданының Қабырға ауылында көпбалалы, қарапайым шаруаның отбасында дүниеге келген. 1950 жылы Шыңғыстай ауылындағы Абай атындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, оны 1960 жылы бітіріп шығады. Келесі жылы армия қатарына азаматтық борышын өтеуге шақырылып, төрт жыл Қызыл Тулы Солтүстік Теңіз Флотында сүңгуір қайықта қызмет етеді. Туған ауылына 1965 жылы лейтенант шенінде қайтып оралған ол досы Оралхан Бөкейдің шақыруымен Большенарымдағы аудандық «Еңбек туы» газетіне аудармашы болып орналасады. Бір жылдан кейін отбасылық жағдайымен Шыңғыстайға қайтып келіп, мектепте денешынықтыру және алғашқы әскери даярлық пәндерінен сабақ береді. Алматы қаласындағы Абай атындағы педагогикалық институтты сырттай оқып бітірген Нұқсара Аманжан өзінің сүйікті ісін зейнеткерлікке шыққанша абыроймен атқарып, шәкірттері мен ата-аналарының құрметіне бөленеді. Нұқсара Аманжан баулыған жас жігіттер мен қыздар әскери дайындықтан өткізілген аудандық, облыстық жарыстарда үнемі алдыңғы орындардан көрінеді.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де он жыл бойы бала кезгі досы Оралхан Бөкейдің Шыңғыстайдағы мұражай-үйіне ие болады. Негізгі жұмыстан қолы босай қалған кездерінде зергерлікпен, қолөнерлікпен шұғылданады. Жасы сексенге келгенше қоғамдық жұмыстардан да, ауданда өткізілетін мәдени шаралардан да қол үзбейді. Бәйбішесі Бақтина Жақиярова екеуі «Қазыналы Катонқарағай» ансамбілінің құрамында ән айтып, би билеп өнер көрсетіп, белді мүшесіне айналды. Жеке өздері ауданда, облыста өткізілген өнер байқауларына қатысып, жүлделі орындарды еншілеп округтің, ауданның намысын қорғады.
Нұқсара Аманжанның ұзақ жылдардағы жемісті еңбегі сала, аудан, облыс басшыларының көптеген Алғыс хаттарымен, Мақтау грамоталарымен бағаланған.
2021 жылы 26 қазанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Аманжан Нұқсараұлына VII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/106-VII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Слямов Бердібек Батырханұлы
1950 жылы 8 сәуірде Катонқарағай ауданы бұрынғы Чистоводка ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары, 1973 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын ғалым-агроном мамандығы бойынша оқып бітірген.
Еңбек жолын ауданның «Қазақстанның 40 жылдығы атындағы» кеңшарында бастады. 1987-89 жылдары Марқакөл ауданы «Горное» кеңшарының директоры болды. Марқакөл, Күршім, Катонқарағай аудандарының әкімі, Шығыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы департаментінің директоры, ШҚО әкімі аппаратының «Істерді басқару» директорының орынбасары, «Қазақстан аграрлық сараптамасы» АҚ Шығыс Қазақстан облысы филиалының директоры қызметтерін атқарды.
Катонқарағай ауданының әкімі болған жылдары ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына көп көңіл бөлді. Қаражаттың аздығына қарамастан жаңадан мектеп ғимараттары салына бастады. Көптеген аудандық маңызды мекемелерді қираудан сақтау үшін шатырлау жұмыстары қолға алынды. Кеңшар, ұжымшарлардың жерлері тұрғындарға заңды түрде 49 жылға жалға берілді. Бұл жаңа шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтардың ашылуына септігін тигізді, мал басы артты. Жеке меншік үйлерді заңдастыру жұмыстары жаппай қолға алынды. Білім беру жүйесіндегі мәселелерге көп көңіл бөлінді, медицина саласы да назардан тыс қалмады. Тұрғындар арасында қысқы және жазғы спорттық ойындар, шығармашылық есептер ұйымдастырылды.
Бердібек Батырханұлының жемісті еңбегі мемлекет тарапынан әділ бағаланып, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы саласының үздігі атанды. «Қазақстан тәуелсіздігінің 10 және 20 жылдығы», "Тыңға 50 жыл" мерекелік медальдарымен, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің, ШҚО әкімінің, Қазақстанның СЖЛК облыстық комитетінің, облыстық партия комитетінің, облыстық халықтық бақылау комитетінің Құрмет грамоталарымен, мақтау қағаздарымен марапатталды.
2021 жылы 26 қазанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Бердібек Батырханұлына VII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/106-VII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.
Кертешов Талғат Сейітұлы
1962 жылы 22 қазанда Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы, Топқайың ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.1980 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген.
Еңбек жолын 1985 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтында бастады. 1997-2001 жылдары Орман шаруашылығы комитетінде сарапшы, 2001-2004 жылдары Дүниежүзілік банктің Орталық Азияның трансшекаралық биоалуантүрлілігін сақтау жөніндегі Жаһандық экологиялық қорының жобасында менеджер, 2004 жылдан бері БҰҰДБ-ның биоалуантүрлілік бойынша жобаларының менеджері болып жұмыс істейді. Халықаралық Еуропалық Одақтың Солтүстік Еуразия табиғатын қорғау жөніндегі Дүниежүзілік комиссиясының мүшесі. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент.
Талғат Сейітұлы Алакөл, Қаратау қорықтары, Қарқаралы, Бурабай, Катонқарағай ұлттық парктері және Ақжайық, Іле-Балқаш табиғи резерваттарының құрылуына өзіндік үлесін қосты. Сонымен қатар, Катонқарағай ұлттық паркінің инфрақұрылымын дамытуға және ғылыми әлеуетін нығайтуға сіңірген еңбегі зор. Бүгінгі күні Катонқарағай Ұлттық табиғи паркі халықаралық ынтымақтастық ісінде үлкен жұмыс атқаруда. Жыл сайын осы ұлттық парктің өсімдік пен жануарлар әлемін зерттеу барысында жаңа технологиялық құрал жабдықтармен демеушілігін көрсетіп отырады.
Тәуелсіз Қазақстанның рухани-әлеуметтік даму жолында қол жеткізген табыстары және қоғам мен ұрпақ алдындағы парасатты еңбегі, Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасының биоәтүрлілікті сақтау жобаларын мүлтіксіз атқараған қызметі үшін «Экология саласының үздігі» төсбелгісімен, «Қансонар» ерекше белгісімен, «II дәрежелі Биоәртүрлілікті сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және көптеген медальдармен марапатталған.
2021 жылы 26 қазанда ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесі және қоғамдық өмірдегі белсенділігі үшін Талғат Сейітұлына VII шақырылған Катонқарағай аудандық мәслихатының XI сессиясының №11/106- VII шешімімен «Катонқарағай ауданының құрметті азаматы» атағы берілді.