Өнеркәсіп секторы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді және жалпы өңірлік өнімнің шамамен 42%-ын қалыптастырады.
2026 жылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімінің көлемі 1 460,4 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 113,8% болды. Тау-кен өндіру өнеркәсібінде 98,9 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім қарқыны 140,0%-ға жетті. Өңдеу өнеркәсібінің көлемі 1 269,2 млрд теңгені құрап, нақты көлем индексі 112,1% болды.
Өнеркәсіп өндірісінің құрылымында өңдеу өнеркәсібінің үлесі 88%-ды құрайды. Бұл өңірде шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге бағытталған құрылымдық өзгерістердің жалғасып жатқанын көрсетеді.
Өңірдің негізгі базалық салаларының бірі – металлургия. Оның өнеркәсіп өндірісіндегі үлесі шамамен 70%. Сала негізінен экспортқа бағытталғанымен, түсті металлургия экспортының басым бөлігін бастапқы өңдеу өнімдері құрайды. Осыған байланысты экономиканы әртараптандыру және қосылған құны жоғары өнім шығару мақсатында шикізатты терең өңдеуді дамыту жұмыстары жалғасуда.
Елімізде екі жаңа атом электр станциясын салу жоспарларын ескере отырып, «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ мен «Үлбі-ТВС» ЖШС ұлттық атом энергетикасын ядролық отынмен қамтамасыз ететін жетекші кәсіпорындарға айналу әлеуетіне ие. «Үлбі-ТВС» ЖШС атом электр станцияларына арналған отын жинақтарын өндіру бойынша жобалық қуатына шығып, өңірдің жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын айқындап отыр.
Өңірдің басты артықшылықтарының бірі – түсті металдарға бай бірегей полиметалл кен орындарының болуы. Сонымен қатар, түсті металл кендерін өндіру, асыл және түсті металдарды өңдеу бағыттарында қалыптасқан қуатты өндірістік әлеует өңірдің индустриялық дамуына берік негіз қалайды.
2030 жылға дейін Малеев, Тишин және Риддер-Сокольный сияқты ірі кен орындарын игеру жалғасады. Бұл кен орындары өңір экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында «Қазмырыш» ЖШС Малеев кенішін жабуды жоспарлаған болатын. Алайда 2025 жылы жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде кен қоры 2028 жылға дейін ұлғайтылып, өндіру мерзімін 2030 жылға дейін ұзарту мүмкіндігі қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, Риддер қаласында орналасқан «Тишин» және «Долинное» кен орындарының қорлары сарқылу сатысында. Оларды игеру тиісінше 2027 және 2028 жылдары аяқталады деп жоспарлануда.
Жүргізілген талдау нәтижесінде компания бастапқыда қолданыстағы кен орындары толық игерілгеннен кейін жаңа кен орындарын дамыту және тиісті инвестициялар тарту мәселесін қарастырмаған. Дегенмен, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің белсенді жұмысының нәтижесінде «Қазмырыш» ЖШС өндірістің тұрақтылығын сақтау және Риддер қаласына жақын орналасқан жаңа перспективалы кен орындарын игеру туралы шешім қабылдады.
Қазіргі уақытта компания келесі кен орындарын дамыту мүмкіндігін қарастыруда:
«Обручев» кен орны – пайдалы қазбалар қоры 5,7 млн тонна. Кенді өндіру 2028–2036 жылдарға жоспарланған. Дайындық қазба жұмыстары 2026 жылы басталып, кен орны 2032 жылы пайдалануға беріледі.
«Ново-Лениногор» кен орны – қоры 30,935 млн тонна. Өндіру кезеңі 2030–2045 жылдарға жоспарланған.
«Чекмарь» кен орны – қоры 51,5 млн тонна. Кен орнын игеру туралы шешім компания басшылығының қарауында.
Ново-Лениногор, Долинное және Чекмарь кен орындарын іске қосу «Қазмырыш» ЖШС-не 2035–2040 жылдарға дейін кен өндіруді жалғастыруға мүмкіндік береді. Бұл өндіріс көлемін сақтап, кәсіпорынның өндірістік кешенінің ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етеді.
Минералдық-шикізат базасын толықтыру мақсатында кешенді геологиялық барлау жұмыстары жүргізілуде. Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жүргізілген зерттеулер барысында Алтай, Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Шемонаиха аудандарында ондаған перспективалы учаске анықталып, мыс, полиметалл, сирек және сирек жер металдары, сондай-ақ алтын бойынша болжамды қорлар есептелді.
Стратегиялық маңызы бар жобаларға ерекше назар аударылуда. Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында: «Басым міндеттердің бірі – қазіргі таңда «жаңа мұнайға» айналған сирек және сирек жер металдарының кен орындарын игеру болуы тиіс», – деп атап өтті.
Осы тұрғыда өңір үшін негізгі серпінді жобалардың бірі – Ұлан ауданында Германияның HMS Bergbau AG компаниясымен бірлесіп іске асырылып жатқан «Алатау Литий» жобасы. Жоба жоғары технологиялық салаларда сұранысқа ие литий өнімдерін өндіруге бағытталған.
Жоба аясында кен байыту комбинаты мен пегматит кендерін өңдейтін зауыт салу жоспарланған. Онда литий концентраты өндірілетін болады. Жалпы инвестиция көлемі 450–600 млн АҚШ долларын құрайды, бұл жобаны тау-кен өнеркәсібіндегі ең ірі инвестициялық бастамалардың біріне айналдырады.
Қазіргі уақытта геологиялық барлау және дайындық жұмыстары жүргізілуде, жобалық-техникалық құжаттама әзірленіп, инженерлік инфрақұрылым мәселелері пысықталуда. Құрылысты аяқтау және өндірісті іске қосу 2029 жылға дейін жоспарланған.
Орынд. Краскова А.