Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамуының негізгі нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік дамуының негізгі нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысының өнеркәсіптік секторы өңір экономикасының негізгі қозғаушы күші болып қала беруде, жалпы өңірлік өнімнің шамамен 42%-ын қалыптастырады. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңір елде 9,6% үлеспен үшінші орынға ие болып, тек Қарағанды және Алматы облыстарынан кейін тұр.

Өнеркәсіптің өсуі жалғасуда: 2025 жылдың қорытындысы бойынша өнім өндіру көлемі ағымдағы бағамен 26%-ға өсіп, 3,3 трлн теңгені құрады. Оның 88%-ы өңдеуші салаға тиесілі (3,0 трлн теңге). Бұл шикізатты терең өңдеуге және қосылған құнды арттыруға бағытталған құрылымдық өзгерістердің жалғасып жатқанын көрсетеді.

Өңір өнеркәсібінің негізін металлургия (69%), химия өнеркәсібі (13%), тамақ өнімдерін өндіру (10%) және машина жасау (4%) құрайды.

Өткен жылы өңдеуші өнеркәсіпке 99,7 млрд теңге, ал тау-кен өндіру және карьерлерді игеру саласына 87,5 млрд теңге инвестиция салынды.

Соңғы үш жылда өңдеуші сектордағы жұмыспен қамту 11%-ға өсіп, 42,3 мыңнан 46,9 мың адамға жетті. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 6%-ға артып, 769 бірлікті құрады. Оның ішінде 716-сы шағын, 30-ы орта және 23-і ірі кәсіпорындар.

Өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспорты соңғы бес жылда 1,4 есеге өсіп, 2,7 млрд АҚШ долларына жетті. 2025 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша экспорт көлемі 2,4 млрд долларды құрады.

Өңірдің негізгі сыртқы сауда серіктестері: Ресей (25%), Қытай (24,3%), Қырғызстан (10,2%), Түркия (7,6%), Өзбекстан (4%) және Мексика (4%).

Экспорт құрылымының негізін дәстүрлі түрде металдар мен олардан жасалған бұйымдар құрайды — 64,9%. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кешен өнімдері мен дайын азық-түлік тауарларының үлесі айтарлықтай (14%). Машиналар, жабдықтар, аспаптар мен құрылғылар экспорты 3,7%-ды құрайды.

Осылайша, өңір металлургиялық өнімдердің басымдығымен экспортқа бағытталған сипатын сақтай отырып, жеткізілім номенклатурасы мен сыртқы нарық географиясын біртіндеп кеңейтуде.

Сонымен қатар саланы цифрландыру күшейіп келеді. Соңғы бес жылда цифрлық технологияларды енгізетін ірі және орта кәсіпорындардың үлесі екі еседен астам өсіп, 2019 жылғы 6,7%-дан                 2024 жылы 13,7%-ға жетті.

Еңбек өнімділігі де айтарлықтай өсті: 2018 жылдан бері 2,1 есеге артып, бір қызметкерге шаққанда 69,9 мың АҚШ долларын құрады.

Цифрлық трансформацияның көшбасшылары – тау-кен металлургия кешенінің жүйе құраушы кәсіпорындары. Өндірістерде жабдықтар жаңартылып, сандық бағдарламалық басқаруы бар заманауи станоктар, роботтандырылған жүйелер және автоматтандырылған сапа бақылауы енгізілуде. Бұл өндіріс тиімділігін арттырып, өнімнің өзіндік құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Іске асырылған жобалардың қатарында «Казцинк» ЖШС-нің Риддер металлургиялық кешенінде контакт аппаратының құрылысы бар. Жоба аясында жылу алмастырғыштар мен газ құбырларын қоса алғанда негізгі технологиялық жабдықтар орнатылды.

«Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ-да бериллий өндірісіне арналған сандық бағдарламалық басқаруы бар заманауи жабдық сатып алынды. Бұл кәсіпорынның технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтіп, күрделі геометриялы бұйымдар шығаруды игеруге мүмкіндік берді.

«Казцинк» тобында бірыңғай цифрлық инфрақұрылым құру жобасы жүзеге асырылды. Ол IT-қызметтерді орталықтандыруды, жұмыс орындарын стандарттауды және деректерді өңдеу орталықтарын дамытуды қамтиды. Бұл ақпараттық қауіпсіздік деңгейін және өндірістік процестерді басқаруды жақсартты.

Қазіргі уақытта өңірде бірқатар ірі жаңғырту жобалары іске асырылуда. Олардың қатарында «Востокмашзавод» АҚ-дағы құю өндірісін жаңарту, «Казцинк» кәсіпорындарында газ тазарту жабдықтарын қайта жаңғырту, сондай-ақ заманауи сүзгілеу жүйелерін енгізу бар.

«Өскемен арматура зауыты» АҚ-да да елеулі жаңғырту жүргізілді, бұл өндірістік қуаттарды жаңарту арқылы өнім сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік берді.

Ағаш өңдеу саласын жаңғырту жалғасуда, оның ішінде Өскемен қаласындағы ағаш-жаңқа тақталарын өндіретін зауытты қайта жаңғырту бар. Сонымен қатар Үлбі металлургиялық зауытында уран өндірісін техникалық қайта жарақтандыру жұмыстары жүргізілуде.

Импортты алмастыру саясаты да жалғасуда. «Өскемен конденсатор зауыты» ЖШС-де бұрын шетелден жеткізілген жаңа өнім түрлерін шығару жолға қойылды.

Аталған жобаларды іске асыру еңбек өнімділігін арттыруға, экологиялық жүктемені азайтуға, жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға бағытталған.