
Қаржылық қиындықтар кенеттен пайда болуы мүмкін, ал олардың салдары кейде өте жағымсыз. Егер қандай да бір сәтте қарыз алушы кредитор алдындағы өз міндеттемелерін орындай алмаса, ол берешекті коллекторлық агенттікке беруге құқылы.
Бұл ретте, коллекторлар қарыз алушылардың берешекті тез арада өтулеріне қол жеткізу тәсілдерінің не қилы түрлерін қолданып жатады. Көптеген жағдайларда олардың қарыз алушы үшін жағымды да, сондай-ақ жағымсыз да тұстары кездесіп жатады. Мәселен, коллекторлар тек борышкерді ғана емес, сонымен бірге оның отбасын, кейде тіпті жұмыс беруші мен оның әріптестерін мазалайды.
Кредиттік төлемдер бойынша кейінге қалдырулар, әсіресе, жаппай карантиндік шаралар енгізу кезеңінде маңызды болып отыр. Көптеген адамдар жұмыссыздықтың салдарынан табыс көзінен айырылып, ол төлем жасау қабілетсіздігіне әкелді. Бұл жағдайда «Егер Сізді коллекторлар мазалай беретін болса, не істеу, кімге өтіну керек?» деген орынды сұрақ туындайды.
Бұл сауалдарға Fingramota.kz жауап берді.
Бірінші кезекте, коллекторлық агенттік пен кредитор арасындағы шартты тексеру қажет. Коллекторлық агенттіктер борышкермен тек берешекті өндіріп алу шартының негізінде ғана жұмыс істеуге құқылы. Онда қарыздың өндіріп алуға берілгені не коллекторлық агенттікке берілгені көрсетіледі.
Бұл ретте банктің және МҚҰ-ның үшінші тұлғаларды тарту құқықтары банктік қарыз шартында немесе микрокредит беру туралы шартта қамтылуға тиіс. Сол себепті қарыз шартын жасау кезеңінде қарызды «сату» деген тармақ болмаса, онда ол бойынша талап ету құқығын басқаға беруге немесе берешекті өндіріп алу үшін коллекторлық агенттікті тартуға банктің немесе МҚҰ-ның құқығы жоқ.
Егер мұндай талап көрсетілсе, және қарыз сатылған немесе басқаға берілген болса, коллекторлық агенттік жаңа кредиторға айналады және берешек сомасын өзінің шотына қайта аударуды талап етуге құқылы. Сізден қаражат алудан басқа, коллекторлық ұйым берілген шарттың талаптарын, сондай-ақ банктерге және МҚҰ-ға қойылатын барлық заңнамалық талаптарды және шектеулерді сақтауға міндетті.
Екінші деңгейдегі банктер қарыз алушыда банктік қарыз шарты бойынша - 90 күннен астам, ал жеке тұлғаның ипотекалық қарызы бойынша - 180 күннен астам және бір күннен ерте емес мерзімі өткен берешегі болғанда ғана талап ету құқықтарын беруге құқылы екендігі маңызды.
МҚҰ 90 күннен астам мерзімі өткен берешек болғанда талап ету құқықтарын беруге құқылы және жеке тұлғаның қамтамасыз етуге тұрғын үй берілген микрокредиті бойынша беруге құқығы жоқ.
Коллекторларға қандай жосықсыз әрекеттерге тыйым салынады?
«Коллекторлық қызмет туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес борышкермен, оның өкілімен немесе үшінші тұлғамен өзара іс-қимыл кезінде коллекторлық агенттікке мынадай жосықсыз әрекеттерді жасауға тыйым салынады, оның ішінде:
Заңнамаға сәйкес қарыз алушы немесе қарыз алушының өкілі коллекторлық агенттіктің өкілдерімен әңгімені және кездесуді аудио- немесе бейнежазбаға түсіруге құқылы екендігін атап өтеміз.
Егер коллекторлар сіздің құқықтарыңызды бұзған жағдайда қайда жүгінуге болады
Егер коллекторлық агенттік заңға қарсы іс-әрекет жасаса, кез келген азамат Агенттікке коллекторлық агенттіктің банк заңнамасын және заң талаптарын сақтауына тексеру жүргізу үшін жазбаша өтінішпен жүгіне алады. Бұдан басқа егер коллекторлар қарыз алушымен өзара іс-әрекет барысында қоқан-лоққы көрсетіп, немесе жеке басын қорласа, Агенттіктің тексеру нәтижелерін алмай-ақ құқық қорғау органдарына жүгінуге болады, себебі тергеу іс-шараларын жүргізу аумақтық полиция органдарының құзыретіне жатады.
Бұл ретте арызға қорқыту немесе қорлау келіп түскен кез келген қосымша мәліметтерді, аудио - және бейнежазбаларды, телефон нөмірлерін қоса тіркеуге болады. Егер тексеру нәтижесінде бұзушылықтар расталса, коллекторлық ұйымға тиісті шаралар қолданылатын болады.
Талдау көрсеткендей, коллекторлар көп жағдайда берешек туралы ақпаратты үшінші тұлғаларға беруге байланысты бұзушылықтарға жол береді. Бұдан басқа, борышкерге, оның өкіліне немесе үшінші тұлғаға қатысты жосықсыз іс-әрекеттер, борышкердің талап етуі бойынша ақпаратты және коллекторлық агенттіктің өкілеттіктерін растайтын құжаттардың көшірмелерін ұсынбау, сондай-ақ борышкердің атына жалған ақпаратты жіберу жиі бұзушылықтар болып табылады.
Өз құқықтарыңызды біліңіз және оны қорғауға ұялмаңыз.
Коллекторлық агенттіктермен даулы және жанжалға байланысты мәселелерді сотқа дейін реттеу үшін Сіз Қазақстанның Ұлттық Коллекторлар Палатасына (бұдан әрі ҚҰКП) жүгіне аласыз. ҚҰКП коллекторлармен өзара іс-қимыл кезінде Сізге жәрдем көрсетеді және шешім нұсқаларын ұсынады. Байланыс телефоны: +7 (707) 573 0000, https://stop-collector.kz/ (ҚҰКП жобасы), Instagram парақшасында: https://www.instagram.com/stop_collector.kz/.
Коллекторлық агенттіктердің банк заңнамасын және заң талаптарын сақтауын тексеру үшін Сіз Өскемен қаласы, Қазақстан көшесі, 3 мекенжайы бойынша Агенттіктің өңірлік өкілдері Басқармасына жүгіне аласыз. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша қосымша ақпаратты Fingramota.kz сайтынан алуға болады.
Анықтама: Коллекторлық агенттік өз қызметін Қазақстан Республикасы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде есептік тіркеуден өткеннен кейін және оны коллекторлық агенттіктердің тізіліміне енгізгеннен кейін ғана жүзеге асыруға құқылы.
Коллекторлық агенттіктердің тізімімен Қазақстан Республикасы қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында «Рұқсаттар мен хабарламалар тізілімі» бөлімінде танысуға болады.